
Осымен екінші рет ұйымдастырылған форумды Ақтөбе облысының әкімдігі мен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының Ақтөбе облыстық филиалы ұйымдастырды. Шара Түркия, Өзбекстан, Ресей Федерациясынан, сондай-ақ, облыстық 12 ауданынан келген іскер әйелдердің басын қосты. Мұндағы мақсат – Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдердің мәртебесін көтеру, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын әйелдердің кәсіпкерлік әлеуетін ілгерілету.
Іс-шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, «ҚР іскер әйелдер қауымдастығы» ҚБ президенті Раушан Сәрсембаева, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанай қатысты.
Форум қатысушылары кондитерлік, тігін шеберлігі, мейрамхана, салон бизнесі және басқа да бағыттар бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Ералы Тоғжанов мал етінен түрлі өнімдер дайындайтын ақтөбелік кәсіпкердің цехында болып, шеберлік сабағының өту барысымен танысты.
Алқалы басқосу аясында өз күшімен ісін бастаған ақтөбелік кәсіпкерлердің тауарлары қойылған көрме ұйымдастырылды.
«Өңірімізде мемлекеттік қолдаулардың арқасында бизнесті сәтті жүргізуге барлық жағдай жасалған. Тек жұмыс істеп, тәжірибе алмасып, қиындықтарға тайсалмау керек. Өңірлер бөлінісінде Ақтөбе облысы қолдауға ие болған кәсіпкерлер саны бойынша 1 орында. Ақтөбелік әйел азаматтары, қыз-келіншектер бизнесте белсенді. Облыста шағын және орта бизнес саласында тіркелгендердің 40,0 мыңы әйел кәсіпкерлер немесе кәсіпкерлердің 45,8% құрайды. Бұл елімізде гендерлік саясаттың шын мәнінде жұмыс істейтіндігінің дәлелі», - деді форум аясында сөз алған Ералы Тоғжанов.
«Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» ҚБ президенті Раушан Сәрсембаева «Ауыл аманаты» жобасын іске асырудың арқасында Ақтөбе облысында кәсіпкер әйелдердің саны едәуір артатынына сенім білдірді.
«Бұл жоба — біздің ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы айналысқан шаруаларының жаңартылған нұсқасы деуге болады. Кооперативтер арқылы ауыл тұрғындарына қолдау көрсету, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту, оларға өнім өндіруге және ақша табуға мүмкіндік беру — тамаша идея. Бұл жерде жеке қосалқы шаруашылықтың артында бір ғана адам емес, тұтас бір отбасы тұрғанын есте ұстаған жөн. Мен біздің әйелдер «Ауыл аманаты» жобасына жұмыла қатысып, берілген мүмкіндіктерді пайдалана алатынына сенемін», — деді Раушан Сәрсембаева.
Форумға қатысушылар еліміздің экономикалық әлеуетін іске асыруда әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың рөлін талқылады, сондай-ақ әйелдер бизнес-жобаларды дамыту, оның ішінде ауылдық жерлерде іске асыру және қолдау мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әйелдері біраз нәрсеге қол жеткізді. Біздің әйелдер әлеуметтік өмірге белсенді араласады. Көшбасшылық үшін емес, бақытты болу, балалардың бақытты болуы үшін бизнеспен айналысады. Мен Ақтөбе облысында әйелдерді қолдау, олардың кәсіпкерлік дағдыларын дамыту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарға таңдана қарадым және дәл Ақтөбе облысында Аналар кеңесінің оң әлеуеті дұрыс пайдаланылатыны қуантты. Ақтөбеде «Бақытты отбасы» отбасын қолдау орталығы ашылды. Орталық көптеген әйелдердің аяққа тұруын көмектеседі деген сенімдемін», - деп атап өтті ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Назипа Шанай.
Форумға арнайы шақырылған Қазақстанның және өзге елдердің мықты және табысты кәсіпкерлері жетістік жолымен бөлісті.
Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан әйелдер алғыс хаттармен марапатталды. Құрметке бөленгендердің қатарында тек іскер әйелдер ғана емес, сондай-ақ, өз саласында жетістіктерге қол жеткізген дәрігерлер, полицейлер және мемлекеттік қызметшілер бар.