GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Құжаттар
Онлайн қабылдау
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік жобалар
Все материалы
24 апреля 2026
Ақтөбеде ауқымды көгалдандыру акциясы өтеді

25 сәуір күні Ақтөбе облысы республикалық ағаш отырғызу акциясына қосылады. Ақтөбе қаласында негізгі іс-шаралардың бірі сағат 10:00-де «Триатлон» паркі аумағында өтеді. Бастама «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.

«Триатлон» паркінде ағаш отырғызу жұмыстарына шамамен 600 адам қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында қоғамдық ұйым өкілдері, еріктілер, жастар және экологиялық мәдениет пен абаттандыруды қолдайтын қала тұрғындары бар.

Аталған акция жайлы әрі жасыл қалалық ортаны қалыптастыруға, сондай-ақ тұрғындар арасында тазалық пен жауапкершілік мәдениетін нығайтуға бағытталған кезекті қадам болмақ.

24 апреля 2026
Бүгінде Мәртөк аудандық ауруханасында күрделі лапароскопиялық операциялар жасалуда

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Мәртөк ауылына барып, аудандық аурухананың материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты.

Медициналық мекемедегі стационар мен емхана 97 орынға шақталған. Мұнда хирургия, травматология және гинекология бөлімдері жұмыс істейді, олар аудан тұрғындарына шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсетеді.

Ауруханада 53 дәрігер, 172 орта буын медицина және 55 кіші буын қызметкері еңбек етеді. Соңғы жылдары жас мамандарды тарту есебінен кадрлық әлеует нығайып келеді.

Бас дәрігер Жамбыл Жайлыбаевтың айтуынша, 2025 жылы аудандық ауруханаға екі жас маман – жалпы тәжірибе дәрігері мен акушер-гинеколог жұмысқа келген. Оларға 100 АЕК көлемінде әлеуметтік қолдау көрсетілді, сондай-ақ тағы үш маманға 8,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленген.

2023 және 2025 жылдары ауруханада жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимараттың қасбеті мен шатыры жаңартылды, ішкі бөлмелер мен инженерлік желілер ретке келтірілді. Сыртқы коммуникациялар мен өрт гидранттары да жаңартылды.

Жалпы, медициналық мекеме кезең-кезеңімен материалдық базасын нығайтып, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтіп келеді.

Былтыр хирургия бөлімі үшін заманауи 3D-лапароскопиялық жабдық сатып алынып, оның көмегімен 37 операция жасалды.

«Лапароскопиялық аппарат құрсақ қуысы ағзалары және гинекология саласында операциялар жасауға арналған. 3D-визуализацияның арқасында біз күрделі операцияларды науқастарды облыс орталығына жібермей-ақ орындай аламыз. Бүгінде хирургиялық көмектің басым бөлігі аудан деңгейінде көрсетіледі», – деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев.

Осылайша, аудандық аурухана біртіндеп жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету деңгейіне көтерілуде. Бұл әсіресе ауыл тұрғындары үшін маңызды, өйткені енді олар күрделі емді қалаға бармай-ақ ала алады.

Облыс әкімі аудандық аурухананың мүмкіндіктерін жоғары бағалады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдық денсаулық сақтауды дамытуға және өңірлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Біздің міндетіміз – ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызметті өз жерінде, облыс орталықтарына бармай-ақ алуына жағдай жасау. Осы мақсатта аудандық ауруханалардың материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен нығайтылып, заманауи технологиялар мен емдеу әдістері енгізілуде. Кадрлық қамтамасыз ету де маңызды рөл атқарады. Жас мамандарды тарту кадр тапшылығын жоюмен қатар, аудандағы медициналық көмектің жалпы деңгейін арттырады», – деді Асхат Шахаров.

24 апреля 2026
Өңір басшысы Асхат Шахаров Мәртөк ауданына жұмыс сапарымен барды

Облыс әкімі сапары барысында білім беру нысандары мен ауыл инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне баса назар аударды.

Сарыжар ауылында өңір басшысы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа мектепті аралап көрді. 300 орындық білім ордасы 2025 жылы пайдалануға берілген.

Асхат Шахаров оқу кабинеттері мен шеберханалардың жабдықталуын қарап, оқу жағдайымен танысып, оқушылармен әңгімелесті. Ол өңірде білім беру инфрақұрылымы қарқынды дамып келе жатқанын алға тартты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста 14 жаңа мектеп салынды. Нәтижесінде 10 мыңнан астам оқушы орны құрылды. Бұл мектеп орындарының тапшылығын жойып, балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Қазіргі заманғы мектептер тиімді оқу мен жан-жақты даму үшін барлық қажетті құралмен қамтамасыз етілген. Мұндай жағдайлардың ауылдық елді мекендерде жасалуы қала мен ауыл арасындағы білім беруді теңестіруге мүмкіндік береді», – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, Асхат Шахаров ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың пікірін тыңдады. Тұрғындар балалардың жаңа жағдайда білім алып жатқанына және мектеп аумағының абаттандырылғанына ризашылықтарын білдірді.

Білім саласының ардагері Смағұл Қапаш жаңа мектептің ашылуы ауыл үшін маңызды оқиға екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұрын ауыл мектептерінде мұндай жағдай болмаған.

«Мен өзім мектепте мұғалім болып жұмыс істедім, Ырғыз ауданының Тәуіп ауылында тұрдым. Тоғыз жыл бұрын Сарыжарға көшіп келдім. Біздің уақытта ауыл мектептерінде мұндай жағдай болған жоқ: заманауи кабинеттер де, жақсы құрал-жабдықтар да, кең сыныптар да болмады. Бүгінде балалар мен немерелеріміз осындай жағдайда білім алып, жаңа технологияларды меңгеріп, робототехникамен айналысып жатыр. Қазір көптеген ауылда жаңа мектептер салынып, медициналық пункттер мен мәдениет үйлері ашылуда. Жолдар жөнделіп, газ бен су тартылған. Бұл ауыл өмірінің тартымдылығын арттырады», – деді ақсақал.

Одан кейін Асхат Шахаров Кеңсахара ауылына барып, су құбыры мен мектеп құрылысының барысымен танысты. Мұнда ұзындығы 7 шақырымды құрайтын су құбыры желілерін жаңғырту жобасы іске асырылып жатыр. Жоба 680 тұрғынды сумен қамтамасыз етуге арналған.

Мердігер ұйым – «Элитстройсервис» ЖШС өкілінің айтуынша, құрылыс жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталып, 2027 жылдың маусымында аяқталады деп жоспарланған. Жоба аясында су сақтау резервуарлары салынып, сумен жабдықтау желілері жаңартылады.

Облыс әкімі жобаның мерзімінде әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауды тапсырды. Сондай-ақ ауылдарды негізгі инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.

«Ауылдарда өмір сүруге қолайлы жағдайлар жасалуда. Газдандыру жүргізіліп, жолдар салынып, сумен қамту мәселелері шешіліп жатыр. Қазіргі таңда өңірдегі газдандыру деңгейі шамамен 95%-ға жетті. Алдағы уақытта бұл жұмыс толық аяқталады. Тағы 20-дан астам елді мекенде инфрақұрылымды толық жеткізу қажет. Біз алдағы екі жыл ішінде бұл мәселелерді толық шешуді жоспарлап отырмыз», – деді облыс әкімі.

Асхат Шахаровтың сөзінше, ауыл инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаражат бөлініп, коммуналдық желілерді жаңғырту жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сапасын жақсартып, ауылдардың тұрақты дамуына ықпал етеді.

Кеңсахара ауылында облыс әкімі 100 орындық жаңа мектептің құрылысымен де танысты. Нысанның мердігері – «Номад Құрылыс» ЖШС. Мектепті осы жылдың мамыр айында пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда ғимаратта ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде, нысанның дайындық деңгейі шамамен 70%.

Өңір басшысы құрылыс барысымен танысып, нысанды сапалы әрі мерзімінде аяқтаудың маңыздылығын сөз етті. Ол әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, әсіресе білім беру саласы басым бағыттардың бірі екенін жеткізді.

06 апреля 2026
Ақтөбеде 13 балаға күрделі жүрек отасы жасалды

Ақтөбедегі көпсалалы облыстық балалар ауруханасында кардиохирургиялық көмекті дамыту бағытындағы ауқымды жұмыс жалғасып жатыр. Өңірлік мастер-жоспар аясында бөлімшенің қуаты айтарлықтай кеңейтіліп, кардиохирургиялық төсектер саны 8-ден 16-ға, ал кардиореанимациялық орындар 3-тен 10-ға дейін ұлғайтылды.

Жергілікті бюджет есебінен 547 миллион теңгеден астам қаржыға заманауи медициналық жабдықтар, соның ішінде өкпені жасанды желдету және жасанды қан айналымы аппараттары сатып алынды. Жақын уақытта бұл база негізінде Батыс өңірі мен Қызылорда, Қостанай облыстарының балаларына қызмет көрсететін өңірлік кардиохирургиялық орталық ашу жоспарланып отыр.

Ауруханада «Heart Center Foundation» қоры мен «University Medical Center» ұлттық жүрек орталығы мамандарының қатысуымен көшпелі клиникалық-білім беру сессиясы өтті. Оның аясында 13 балаға, оның ішінде бір жасқа дейінгі 4 сәбиге күрделі кардиохирургиялық операция жасалды.

Дәрігерлердің айтуынша, барлық ота сәтті өтті, науқастардың жағдайы тұрақты. Қазір олар кардиореанимация бөлімінде бақылауда.

Сонымен қатар, өңір дәрігерлері үшін оқыту бағдарламасы ұйымдастырылып, ата-аналарға арналған түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

01 апреля 2026
Ақтөбе облысында заңсыз активтер есебінен салынған жаңа медпункт пайдалануға берілді

Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының Тоғыз ауылында жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді. Енді ауыл тұрғындары алғашқы медициналық көмекті өз елді мекенінде ала алады.

Бір ауысымда 25 адамды қабылдауға арналған нысан – өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы маңызды жобалардың бірі. Ерекше атап өтерлігі, медициналық пункт Президенттің тапсырмасына сәйкес «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қайтарылған активтер есебінен салынды.

Құрылыс екі кезеңде жүзеге асырылды. Алғашқы кезеңде ғимарат бой көтеріп, оған облыстық бюджеттен 10,3 млн теңге және Арнайы мемлекеттік қордан 97,8 млн теңге бөлінді. Жобаны «Каз Элит Строй Сервис» ЖШС жүзеге асырып, жалпы құны 131,9 млн теңгені құрайтын жұмыстар толық аяқталды.

️Екінші кезеңде нысанды толық іске қосу үшін сыртқы инженерлік желілер тартылды. Бұл бағытқа облыстық бюджеттен 20 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, нәтижесінде медициналық пункт қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілді. Ашылу рәсіміне аудан әкімі Жанболат Жидеханов қатысып, жобаның маңызына тоқталды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қайтарылған активтер халық игілігіне бағытталуда. Бүгінгі медициналық пункт – соның нақты нәтижесі. Бұл ауыл тұрғындары үшін қолжетімді әрі сапалы медициналық көмектің кепілі», – деді аудан әкімі.

Жаңа нысан заманауи талаптарға сай жабдықталған және алғашқы медициналық-санитарлық көмекті толық көлемде көрсетуге мүмкіндік береді.

Ауыл тұрғыны, медицина саласының ардагері Қаламқас Жұмашева бұл күнді көптен күткенін айтады.

«40 жылдан астам уақыт медициналық пункттің өз ғимараты болған жоқ. Бұл – ауыл үшін үлкен қуаныш», – деді ол.

Тоғыз ауылындағы жаңа медициналық пункт – халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам. Енді тұрғындар медициналық көмекті дер кезінде, өз ауылында ала алады.

16 марта 2026
Наурызнама-2026: Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні аясында Ақтөбеде 24 сағаттық жыр кеші өтуде

Ақтөбе қаласында «Наурызнама» онкүндігінің Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні аясында «Жыраулар жолымен…» атты 24 сағаттық жыр кеші бастау алды. Тағылымды шара Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өтуде.

Ұлттық рухани мұраны ұлықтауға бағытталған жыр кешінде ата-бабадан жеткен батырлар жыры мен жыраулар поэзиясы тәулік бойы толассыз жырлануда. Бұл жоба халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан жыршылық дәстүрін жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттауды мақсат етеді.

Жыр кешініне «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Әділбек Сарин бастаған жыршылар қатысуда. 16 наурыз күні сағат 11:00-де басталған жыр кеші 17 наурыз күні сағат 11:00-ге дейін үздіксіз жалғасады.

Тағылымды мәдени жоба ұлттық өнерді дәріптеп, жыраулық дәстүрдің өміршеңдігін айшықтайтын ерекше рухани шара ретінде көпшілікке ұсынылуда.

16 марта 2026
Медициналық ұйымдардың бірінші басшыларына арналған оқыту семинары

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы орындау мақсатында, 2024 жылдан бастап өлім себептерін кодтаудың дұрыстығын талдау және мониторинг жүргізу бойынша жүйелі жұмыс жүзеге асырылуда. Аталған мәселе Министрліктің кеңестерінде, аппараттық жиналыстарында, алқа отырыстарында тұрақты түрде қаралады.
Медициналық статистиканың дұрыстығы мен сапасын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда, себебі өлім себептерін дұрыс кодтау халық денсаулығының жай-күйін бағалаудың және денсаулық сақтау жүйесінде тиімді басқарушылық шешімдер қабылдаудың маңызды құралы болып табылады.
2025 жылы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығында өлім себептеріне тұрақты мониторинг жүргізетін мамандандырылған кодтау бюросы құрылды. Сонымен қатар, Орталықтың әрбір филиалында өңірлік деңгейде әдістемелік қолдау мен бақылауды қамтамасыз ететін өлім себептерін кодтау бойынша жауапты эксперт -дәрігерлер дайындалды. Бұл өлім туралы медициналық куәліктерді рәсімдеу кезінде қателерді жедел анықтау және жою тиімділігін арттыруға, сондай-ақ бірыңғай бақылаудың құрылымын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, ауқымды білім беру жұмыстары жүргізілуде. Арнайы оқу бағдарламасы әзірленіп, оның аясында республика бойынша медицина қызметкерлерін оқыту жүзеге асырылуда.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен осы күндері аталған мәселе бойынша біліктілікті арттыру циклі өткізілуде.
Спикерлер Мәзін Мира Жексенқызы - Магистр МВА, эксперт -дәрігер, лектор Желдірова Акерке Якубқызы - ҚР ДСМ “ Салидат Кайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы” Ақтөбе облысы бойынша өңірлік департаменті

12 марта 2026
Өңірдің денсаулық сақтау саласын жаңғырту: жаңа нысандар, цифрлық шешімдер

Ақтөбе облысы денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштері бойынша еліміздің үздік бес өңірінің қатарына енді. Жалпы өлім-жітім деңгейі 3,5%-ға төмендеген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2025 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында, сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен 14 медициналық нысан салынды. Бұл нысандарды пайдалануға беру ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар облыстық көпсалалы аурухана базасында ахуалдық орталық ашылды. Мәртөк, Хромтау және Байғанин аудандарындағы амбулаторияларға, облыстық көпсалалы ауруханаға, Жаңақоныс тұрғын алабындағы отбасылық амбулаторияға және бірқатар өзге де медициналық нысандарға күрделі жөндеу жүргізілді.

Дәрігерлер тапшылығы 21,5%-ға қысқартылды. 19 дәрігер шетелде біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен медицина мамандарын даярлауға 50 білім беру гранты бөлінді, оның ішінде бесеуі – бакалавриат деңгейіне арналған. Бірқатар медицина қызметкерлері жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Аудандық және шалғай елді мекендерде жұмыс істейтін дәрігерлерге қосымша ынталандыру шаралары енгізілді.

Салаға заманауи технологиялар да белсенді енгізілуде. Атап айтқанда, медициналық бейнелерді сақтау және талдау үшін жасанды интеллект элементтері бар PACS жүйесі іске қосылды. Шалғай аудандардағы тұрғындарға мамандандырылған консультация алу мүмкіндігін кеңейту мақсатында телемедицина жүйесі дамытылуда. Сонымен қатар жедел жәрдем қызметінің автопаркі жаңартылып, барлық санитарлық көліктер GPS-навигация жүйесімен жабдықталды. Бұл шақыртуларға жедел әрекет ету уақытын қысқартып, медициналық көмектің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Биыл негізгі медицина бағыттары бойынша құзырет орталықтарын кеңейту, жаңа нысандар салу, соның ішінде облыстық қан орталығын тұрғызу, мобильді және цифрлық сервистерді дамыту, сондай-ақ шалғай аудандардағы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру жоспарланып отыр.

Атап айтқанда, «Ұлы дала» шағын ауданында жаңа облыстық қан орталығының құрылысы жобасы қарастырылуда. Сонымен қатар кезең-кезеңімен құзыреттілік орталықтары мен мамандандырылған кабинеттер ашу көзделген. Олардың қатарында симуляциялық орталық, инсулин терапиясы мектептері, жастар денсаулығы орталықтары, сараптамалық эндоскопиялық орталық, «Диабеттік табан» және «Диабеттік ретинопатия» кабинеттері бар. Бұдан бөлек, республиканың батыс өңірі үшін онкогематологиялық және кардиохирургиялық орталықтарды ашу жоспарланып отыр.

Хромтау, Мұғалжар және Шалқар аудандық ауруханаларындағы құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл медициналық мекемелерге ауданаралық орталық аурухана мәртебесі беріледі. Қайта құрылымдау «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүргізілуде. Аталған ауруханалар үшін компьютерлік томография және магниттік-резонанстық томография аппараттарын сатып алу жоспарланған.

Өңірде денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған шаралар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

11 марта 2026
Қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі иммундау шараларын күшейтуді жалғастыруда

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі қызылшамен сырқаттанушылық бойынша жағдайды тұрақтандыруға бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешенінің жалғасып жатқанын хабарлайды.

Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, эпидемиологиялық мониторинг жұқтырғандар санының өскенін көрсетуде. Бұл, негізінен, нысаналы жас топтарындағы балалардың вакцинацияшаумен жеткіліксіз қамтылуына байланысты.

2026 жылдың басынан бері елде қызылшаның 4 184 жағдайы тіркелді. Ауру жұқтырғандардың 83,8%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды.

Өткен аптада сырқаттанушылық көрсеткіші алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 1,3 есеге артты.

Науқастардың егу мәртебесін талдау көрсеткендей, жұқтырғандардың 77%-ы — екпе алмаған адамдар. Вакцинациялаудың болмауының негізгі себебі (55% жағдайда) — ата-аналардың бас тартуы.

Осыған байланысты мынаны ерекше атап өткен жөн: вакцинациялау — аурудың ауыр салдарының алдын алудың жалғыз тиімді тәсілі.

Қазіргі уақытта инфекция ошақтарын оқшаулау және оның таралуын болдырмау мақсатында ел аумағында ауқымды эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде.

Атап айтқанда, балаларды жоспарлы және толықтырушы вакцинациялау жалғасуда. Ауру ошағында байланыста болған адамдарға шұғыл вакцинациялау жүргізіледі.

Сондай-ақ байланыста болған адамдарға 21 тәулік бойы күнделікті медициналық бақылау ұйымдастырылған. Балабақшаларда қызылша жағдайлары тіркелген кезде егілмеген балалардың келуі уақытша шектеледі.

Иммунопрофилактика мәселелері жөніндегі Республикалық штаб отырыстарында аумақтық денсаулық сақтау департаменттері басшыларының есептері қаралады. Атап айтқанда, Жамбыл облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастамасымен иммундық препараттарды сатып алуға қосымша қаражат бөлінді.

Барлық өңірлерде медицина қызметкерлері үшін вакцинамен басқарылатын инфекцияларды диагностикалау және пациенттерді клиникалық жүргізу мәселелері бойынша 4 000-нан астам семинар өткізілді.

Соңғы 8 жылдың ішінде елде вакцинациялаудан бас тарту жағдайлары 4,8 есеге артқанын айта кету керек. Бұл үрдіс ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне тікелей әсер етіп, жағдайды толық тұрақтандыруға кедергі келтіруде.

Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды жауапкершілік танытып, балаларды Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес вакцинациялау үшін тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдарға уақтылы жүгінуге шақырады.

11 марта 2026
САЙЛАУ УЧАСКЕСІН ОНЛАЙН ТАБЫҢЫЗ

Сілтемелер арқылы ыңғайлы цифрлық қызметтерді пайдалана отырып, қай сайлау учаскесінде дауыс беру қажет екенін біліңіз:
 
    • Telegram-бот — https://t.me/Akimat04bot 

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы