2017 жылдан бастап облыста Облыстық перинаталдық орталық жанынан ашылған жасанды ұрықтандыру орталығы (ЭКО) жұмысын бастады. ЭКО орталығы Ақтөбе облысы мен Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына қызмет көрсету үшін құрылған. ЭКО орталығы заманауи технологиялармен, соның ішінде андрологиялық, эмбриологиялық және цитогенетикалық зертханалармен жабдықталып, еліміздің және алыс-жақын шетелдердің жетекші клиникаларында білім алған мамандармен қамтамасыз етілді. Андрологиялық зертхана ер бедеулігінің иммунологиялық түрлерін диагностикалауға мүмкіндік береді, хромосомалық және тұқым қуалайтын аурулар тексеріледі.
2021 жылдан бастап біздің ЭКО орталығы еліміздегі 18 ЭКО орталығының ішінде «Аңсаған Сәби» квота бағдарламасын жүзеге асыруда. 2021-22 жылдар аралығында Президенттік «Аңсаған Сәби» бағдарламасы аясында облысқа 646 квота берілді, оның 212-сі біздің орталықта жасалды, қалған әйелдер дайындалып, Алматы және Астана қалаларының орталықтарына жіберілді. Биыл облысқа 323 квота бөлінді, оның ішінде 124 жұп біздің ЭКО орталығын таңдады, жартысы қазірдің өзінде қалаған Орталықтарда бағдарламадан өтуде, қалғандары ЭКО бағдарламасына дайындалуда. «Аңсаған Сәби» бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында 200-ге жуық бала дүниеге келді, 56 жүкті әйел босануды күтуде.