GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Басқарма туралы
Қызметі
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік жобалар
Все материалы
13 октября 2026
«Нектар» арнайы балабақшасына меңгеруші тағайындалды

Измаева Жансая Жұмабергенқызы ротация тәртібімен «Нектар» арнайы балабақшасының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Бұған дейін ол «Ақбота» арнайы балабақшасын басқарған.
Жансая Измаева 1972 жылғы 30 тамызда Ақтөбе облысының Шалқар қаласында дүниеге келген.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар. 1991 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесін «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1996 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Педагогика және психология (мектепке дейінгі)» мамандығы бойынша бітірген. 2008 жылы дефектология мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған. Ал 2019 жылы М. Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетін «Арнайы (дефектологиялық) білім беру» мамандығы бойынша тәмамдап, магистр дәрежесін иеленген.
Еңбек жолын 1991 жылы Ақтөбе қаласындағы №17 «Шұғыла» мектепке дейінгі ұйымында тәрбиеші болып бастаған. Кейін дефектолог, логопед және әдіскер қызметтерін атқарған.
2010–2012 жылдары №8 «Балбөбек» мектепке дейінгі ұйымын басқарды. 2012 жылдан бастап Жансая Жұмабергенқызы «Ақбота» арнайы балабақшасына жетекшілік етті.

13 октября 2026
Ақтөбе облыстық арнайы «мектеп-интернат-колледж» кешенінің директоры тағайындалды

Аймағанбетова Эльмира Мырзабаевна ротация тәртібімен КММ «Ақтөбе облыстық арнайы «мектеп-интернат-колледж» кешенінің директоры қызметіне тағайындалды. Бұған дейін ол Облыстық арнайы мектеп-балабақшасын басқарған.
Эльмира Аймағанбетова 1975 жылғы 2 желтоқсанда Ақтөбе облысы Алға ауданының Ильинка ауылында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. 1998 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтын «физика және информатика пәндерінің мұғалімі» мамандығы бойынша, 2018 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін «Дефектология» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1992 жылы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1999–2004 жылдары Алға қаласындағы №4 орта мектепте физика және информатика пәндерінің мұғалімі болып жұмыс істеген.
2005 жылдан бастап білім беру саласында қызметін жалғастырды. Әр жылдары Ақтөбе қалалық білім бөлімінде маман, «Ақтөбе облыстық (арнайы) орталығы» КММ директоры қызметтерін атқарған.

2016 жылдан бастап Эльмира Мырзабаевна Облыстық арнайы мектеп-балабақшасын басқарды.

13 октября 2026
«Облыстық арнайы мектеп-бақшасы» КММ директоры тағайындалды

Сеитова Асия Орынбасарқызы ротация тәртібімен «Облыстық арнайы мектеп-бақшасы» КММ директоры қызметіне тағайындалды. Бұған дейін ол «Нектар» арнайы балабақшасын басқарған.
Асия Сеитова 1977 жылғы 9 сәуірде Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында дүниеге келген. Жоғары білімі бар, «Дефектология» мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын 1999 жылы Ново-Михайловка орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Кейін география және валеология пәндерінің мұғалімі, тәрбие жұмысы жөніндегі директордың орынбасары қызметтерін атқарған.
2006 жылдан бастап Асия Орынбасарқызының кәсіби қызметі мектепке дейінгі білім беру саласымен байланысты. Әр жылдары Ақтөбе қаласындағы «№14 Қонжық» мектепке дейінгі ұйымында әдіскер және логопед болып жұмыс істеген. 2013–2018 жылдары аталған ұйымды басқарған.

12 октября 2026
Ақтөбеде «Тең мүмкіндіктер» облыстық инклюзивті спорт фестивалі өтті

 «Қуат» спорт кешенінде «Тең мүмкіндіктер» облыстық балалар инклюзивті спорт фестивалі өтті. Жарысқа Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарындағы 49 мектептен 261 оқушы қатысты.
Іс-шараны Ақтөбе облысының білім басқармасы, Ақтөбе облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы және «Әділет» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы ұйымдастырды.
Фестивальді Ақтөбе облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Асхат Избасар салтанатты түрде ашты. Ол қатысушыларға сәттілік, көтеріңкі көңіл-күй және жарқын жеңістер тіледі. Сондай-ақ мұндай шаралардың инклюзивті ортаны дамытудағы маңызын атап өтті.
Асхат Избасар «Әділет» партиясына фестивальді өткізуге тұрақты қолдау көрсетіп, іс-шараны ұйымдастыруға атсалысып келе жатқаны үшін алғыс білдірді.
 Фестивальдің басты мақсаты — балалардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, өзара сенім мен сыйластықты нығайту, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың құрдастары арасындағы достық қарым-қатынасты қалыптастыру.
 Спорттық жарыстар қатысушыларға өз қабілеттерін көрсетуге, спорттық шеберліктерін шыңдауға және командалық өзара әрекеттің қуанышын сезінуге мүмкіндік берді.
Фестиваль әр балаға тең мүмкіндік қалыптастыруға және инклюзивті спортты кеңінен насихаттауға бағытталған.

12 октября 2026
AKTOBE DIGITAL LIFE 2026 халықаралық форумы колледждер алаңдарында жалғасты

Ақтөбеде «AKTOBE DIGITAL LIFE 2026: өңірдің тұрақты дамуы жағдайындағы цифрлық трансформация және технологиялар трансфері» халықаралық форумы жалғасуда.
Форумның екінші күні техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының алаңдарында өтті. Халықаралық сарапшылар мен түрлі сала өкілдері колледждерге барып, педагогтер және білім алушылармен кездесулер өткізіп, тәжірибе алмасты. Кездесулер барысында цифрлық трансформацияның заманауи тәсілдері, мамандар даярлау және білім беру үдерісіне жаңа технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
 Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде компания директоры, жасанды интеллект және цифрлық трансформация саласының сарапшысы Тина Семикпен кездесу өтті. Кездесу барысында жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді білім беру және мамандарды даярлау үдерісінде қолдану мүмкіндіктері талқыланды.
Ақтөбе сервис колледжіне Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінің зерттеу желілері мен орталықтарының академиялық зерттеушісі, публицист Эрик Мансанарес келді. Ол колледждің материалдық-техникалық базасымен, оқу зертханаларымен және практикалық оқыту үдерісімен танысты. Сондай-ақ SIT бағдарламалары бойынша дайын әзірлемелерді сынақтан өткізу және оқу үдерісіне енгізу мүмкіндіктері талқыланды.
Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінде Германияның Берлин қаласындағы WFS Bildungs gUG коммерциялық емес білім беру ұйымының басшысы әрі директоры Томас Хенчельмен, сондай-ақ Римдегі «La Sapienza» университетінің академигі, филология профессоры Фернандо Мартинес де Карнеро Кальсадамен кездесу өтті.
Әрбір алаң кәсіби пікір алмасуға мүмкіндік беретін ортаға айналды. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, заманауи тәжірибелерді таныстырып, оларды білім беру саласында қолдану мүмкіндіктерін талқылады.

12 октября 2026
Ақтөбе облысының білім беру ұйымдарында «Адал азамат» бағдарламасы аясындағы жұмыс жалғасуда

Ақтөбе облысының білім беру ұйымдарында жастардың бойында жауапкершілік, адалдық, еңбекқорлық және құқықтық мәдениет қалыптастыруға бағытталған кездесулер мен іс-шаралар өтуде.
Ақтөбе автомобиль жолдары колледжінде «Адал студент – жауапты маман» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Қатысушылар адалдық пен жауапкершілік құндылықтарының жас адамның студенттік өмірінде ғана емес, болашақ кәсіби қызметінде де маңызды рөл атқаратынын талқылады.
Студенттермен өткен ашық диалогқа жастар ресурстық орталығының, құқық қорғау органдарының, бизнес өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Қонақтар қатарында кәсіби медиатор, құқық магистрі Бибігүл Әбдішүкірқызы; Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Әлишер Садық; Ақтөбе қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Мирхан Есенжолов; қазақ күресінен вице-президент Ерлан Отарбаев; «Ақниет» қоғамдық қорының Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Дайыр Дүйсен; «Шинторг» ЖШС директоры Ерғазы Успанов; Астана ауданы № 1 қалалық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Нұржан Вактор, сондай-ақ ата-аналар комитетінің төрайымы Светлана Тапаева болды.
Ашық форматта өткен кездесуде құқық бұзушылықтың алдын алу, кәсіби даму, еңбекке деген көзқарас және азаматтық жауапкершілік мәселелері талқыланды. Студенттер қонақтарға өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей қойып, көкейлеріндегі мәселелер бойынша жауап алды.

29 сентября 2026
 Ақтөбе облысының білім беру ұйымдары жалпы қалалық сенбілікке қатысты

Жалпы қалалық сенбілік аясында Ақтөбе облысының білім беру ұйымдары «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасына қолдау білдірді. Педагогтер мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері аумақтарды тазалау және абаттандыру жұмыстарына қатысты.
 №21 мектеп ұжымы да сенбілікке белсене қатысып, білім беру ұйымының аумағын ретке келтірді. Қызметкерлер аумақты қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Бірлескен еңбек — қоршаған ортаның тазалығына қамқорлық қана емес, сонымен қатар жауапкершілік, бірлік пен туған қалаға деген жанашырлықты көрсетудің жарқын үлгісі.

29 сентября 2026
Ақтөбе облысының үш өкілі WorldSkills Shanghai 2026 халықаралық чемпионатына қатысуда

 Шанхай қаласында WorldSkills Shanghai 2026 халықаралық чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Ақтөбе облысының үш өкілі ел намысын қорғауда.

Қатысушылар конкурстық тапсырмаларды орындауға кірісіп, WorldSkills халықаралық стандарттарына сәйкес өздерінің кәсіби шеберліктерін жұмыс орындарында көрсетуде.

 «Мехатроника» құзыреттілігі бойынша Ақтөбе облысы мен Қазақстанның атынан Хромтау жоғары тау-кен-техникалық колледжінің 3-курс студенті Денис Панин қатысуда. 2025 жылы ол WorldSkills Kazakhstan чемпионатында III орын иеленсе, 2026 жылы WorldSkills Australia Global Skills Challenge жарысының жеңімпазы атанды. Бұл құзыреттілік бойынша чемпионатқа 32 команда қатысуда.

 «Графикалық дизайн» құзыреттілігі бойынша Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің түлегі Бағижан Қойшыбаев өнер көрсетуде. Оның жетістіктері қатарында Данияда өткен EuroSkills Herning 2025 чемпионатының медальоны және Global Skills Challenge Australia 2026 жарысындағы III орын бар.

«Графикалық дизайн» құзыреттілігі бойынша 29 маман бақ сынауда. Қатысушылар жұмыс орындарында техникалық тапсырмаға сәйкес визуалды материалдар әзірлеп, конкурстық тапсырмаларды орындауда. Олар графикалық макеттер жасап, композицияны, қаріптерді, түстер мен кескіндерді таңдайды, материалдарды өңдеу және беттеу жұмыстарын жүргізеді.

 CNC станоктарында токарлық және фрезерлік жұмыстарға байланысты құзыреттілік бойынша өңір намысын Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар колледжінің өндірістік оқыту шебері Даниял Сағына́й қорғайды. Ол 2022 жылдан бері WorldSkills қозғалысына қатысып келеді, өңірлік чемпионаттардың жеңімпазы және республикалық жарыстардың жүлдегері атанған. 2026 жылы Даниял ТжКБ ұйымдарының педагогтері арасында өткен республикалық кәсіби шеберлік байқауында I орын иеленді.Бұл құзыреттілік бойынша чемпионатқа 20 команда қатысуда.

29 сентября 2026
Ақтөбеде «Жас ұлан» әскери-спорттық ойынының республикалық финалы өтуде

Қазақстанның барлық өңірінен келген 180 оқушы Ақтөбеде бас қосып, «Жас ұлан» әскери-спорттық ойынының республикалық финалына қатысуда. Қатысушылар өздерінің білімін, дене дайындығын, тәртібі мен командалық рухын көрсетеді.

 Ойынның салтанатты ашылу рәсімі Ақтөбе қаласындағы №85 жалпы білім беретін мектеп базасында өтті.

Жарысқа қатысушыларды Ақтөбе облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Асхат Избасар құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Ол өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие берудің маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға жарыстың барлық кезеңінде табандылық, өз күшіне сенімділік пен командалық рух танытуды тіледі.

 Командалар құрамында облыстық кезеңдердің, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өткен қалалық кезеңдердің жеңімпаздары бар. Әр өңірден жарысқа тоғыз қатысушыдан құралған команда қатысуда.

Екі күнге созылатын жарыс барысында қатысушылар бірнеше кезеңнен өтіп, дене дайындығын, төзімділігін, ұйымшылдығын және практикалық дағдыларын көрсетеді.

29 сентября 2026
«10 күн өндірісте»: студенттер болашақ мамандығымен тәжірибе жүзінде танысуда

«10 күн өндірісте» акциясы аясында Бопай ханым атындағы жоғары медициналық колледжінің студенттері кәсіби қызметтің нақты жағдайларымен және болашақ әріптестерінің жұмысымен танысу мақсатында қала мен облыстың медициналық ұйымдарына барды.

Сапар барысында студенттер мамандардың жұмысын тікелей жұмыс орындарында бақылап, кәсіби қызметтің ерекшеліктерімен, заманауи технологиялармен және болашақ медицина қызметкерлеріне қойылатын талаптармен танысты.

Акция аясында студенттер №3 қалалық емханаға, №4 қалалық емханаға, №5 қалалық емханаға, №6 қалалық емханаға, №1 қалалық көпбейінді ауруханаға, №2 қалалық көпбейінді ауруханаға, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің медициналық орталығына, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына, Алға аудандық ауруханасына, Қобда аудандық ауруханасына және Мұғалжар аудандық ауруханасына барды.

Мұндай кездесулер студенттерге таңдаған мамандығының ерекшелігін жақсырақ түсінуге, практикалық тәжірибе жинақтауға және колледжде алған білімдерінің нақты жұмыс барысында қалай қолданылатынын көруге мүмкіндік береді.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы