
Бүгін Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрда №78 Жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясының "Жанталас" актерлік мектебінің жас өнерпаздары Думан Рамазанның «Бейуақ» отбасылық қойылымын қойды. Қойылымға келген көрермендердің көптігі сонша, залға сыймай түрегеп тұрғандар аз болмады. Ал әрбір көріністен кейін көрермендер дүркіретіп қол соқты.
Қойылым премьерасына облыс әкімі Е.Л.Тоғжанов, облыс әкімінің орынбасары Б. Елеусінова, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, мәслихат депутаттары, ардагер ұстаздар, қоғамдық кеңес пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қаламыздың аналар, әкелер кеңесінің мүшелері және ата-аналар қатысты.
Ерекше қойылымның көрерменге айтары көп, берері мол екені сөзсіз. Спектакльдің таң қалдыратын сюжеті қазіргі адасқан отбасының өмірін көрсетеді, онда анасы отбасы мүшелерін татуластыруға тырысады, ұлдары өз құндылықтарын жоғалтады, қызы байлыққа ұмтылып, атақ-даңққа, мансапқа ынтық әкесінен кетіп қалады. Махаббат пен жек көру, бақ пен өкініш, мейірім мен қиянатты бастан кешкен оқиға сахналанды.
Айта кетсек, 2021-2022 оқу жылынан бастап, білім беру ұйымдарының тәрбие бағытындағы жұмыстарының мазмұнын толықтыру мақсатында «№78 Жалпы орта білім беретін мектеп – гимназиясында «Жанталас» актерлық мектебі құрылды. Көркемдік жетекшісі- Фархат Шынтемиров. Мектеп театрының мақсаты – оқушылардың шығармашылығын дамыту, балалардың бойына рухани қазынаны сіңіру, адамгершілікке тәрбиелеу, баланың сөйлеу мәнерін жақсарту, көпшілік алдында өзін-өзі ұстай білу, жан-жақты дамуына ықпал жасау.