Ағымдағы жылдың 4 тамызы күні облыс әкімінің орынбасары Б.О.Елеусінованың төрағалығымен «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын беру конкурстық комиссиясының отырысы өткізілді.
Конкурсқа қатысуға 11 аудан мен Ақтөбе қаласынан, облыстық мамандандырылған мектеп интернаттарынан 18 білім беру ұйымының құжаттары ұсынылды.
Білім беру ұйымдары арасынан сапалы білім беруді қамтамасыз ету, оқытудың ақпараттық-коммуникациялық технологияларын енгізу, қосымша білім беру, материалдық-техникалық базаны жақсарту жағынан жоғары рейтингтік көрсеткіштерге қол жеткізген мекемелер сараланып, жеңімпаздар анықталды.
Жеңімпаздар қатарында «М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат», «Ақтөбе қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Новый орта мектеп-лицейі», «Ақтөбе облысының білім басқармасы Шалқар ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «№1 мектеп-гимназия», «Ақтөбе облысының білім басқармасы Ойыл ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемелері.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 544 бұйрығымен бекітілген «Орта білім беретін үздік ұйым" грантын беру тәртібін және оның мөлшерін белгілей отырып, оны беруге арналған конкурсты өткізу қағидаларына сәйкес Грантты төлеу жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Конкурс жеңімпаздары дәстүрлі тамыз кеңесінде марапатталады.