GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Әкім аппараты
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Байланыс ақпараты
Қызметі
Құжаттар
Все материалы
23 октября 2026
Республика күні орай Ақтөбеде мемлекеттік қызмет ардагерлері марапатталды

Ұлттық мереке - Республика күні қарсаңында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлерге ведомстволық наградалар табыстады.

Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілманов қатысты.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен Сәния Қалдығұлова, Светлана Успанова және Болат Көптілеу марапатталды.

Сәния Қалдығұлова еңбек жолын бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Әр жылдары Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасары және орынбасары, Ішкі саясат департаментінің директоры, облыстық мәслихаттың хатшысы, 1999–2004 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі.

Еңбек жолын қалалық сүт зауытында инженер ретінде бастағанымен, Светлана Успанова кейін Ақтөбе облысы әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, бас маман, сектор меңгерушісі және әкімшілік-қаржы бөлімінің басшысы болды.

Ал Болат Көптілеу еңбек жолының көп бөлігінде Шалқар ауданы әкімі аппаратының құрылымдық бөлімдерінде еңбек етті. 2020 жылдан бері аудан әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып келеді.

Салтанатты рәсімде Асхат Шахаров ардагерлердің мемлекеттік қызметті қалыптастыру мен дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Олардың көпжылдық тәжірибесі, кәсіби жауапкершілігі мен ел мүддесіне адал қызметі кейінгі буын мемлекеттік қызметшілер үшін үлгі екенін жеткізді.

Марапат иелерінің атынан Сәния Қалдығұлова сөз сөйлеп, көрсетілген құрмет пен еңбектеріне берілген жоғары баға үшін алғыс білдірді.

«Біз үшін бұл марапатты иелену – үлкен мәртебе. Көрсетілген құрмет пен еңбегімізге берілген баға үшін алғыс білдіреміз. Баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын! Болашағымыз жарқын, еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!» – деді Сәния Қалдығұлова.

Облыс әкімі марапат иелерін Республика күнімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық және бақ-береке тіледі.

23 октября 2026
«Күміс жас» жобасының арқасында 50 жастан асқан 10 мыңнан астам қазақстандық жұмысқа орналасты

Қазақстанда 50 жастан асқан азаматтарды жұмысқа орналастыруға көмектесетін «Күміс жас» жобасы жалғасып жатыр. 2026 жылдың алғашқы 9 айында жоба аясында 10,3 мың адам жұмысқа орналасқан. Жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі Түркістан облысында (1 678 адам), Қарағанды облысында (1 093 адам), Ақтөбе облысында (807 адам) және Жамбыл облысында (705 адам) тіркелген, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. 

Жобаға қатысушылар қатарында әйелдер мен ауыл тұрғындары көп. Қатысушылардың 54,7%-ы, яғни 5 658-і – әйелдер. Ал ауыл тұрғындарының үлесі 61%-ды немесе 6 324 адамды құрайды.

Ауыл шаруашылығы (41%), қызмет көрсету (23%) және білім беру (7%) салалары негізгі бағыттар қатарында. Ең сұранысқа ие мамандықтар мал бағушы, санитар, кассир, сатушы, күзетші, аспаз, тігінші, администратор, жүргізуші және бухгалтер бар.

Біліміне келсек, қатысушылардың 78%-ы орта білімді, 18%-ы орта техникалық білімді, ал 4%-ы жоғары білімді.

«Күміс жас» жобасы 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның негізгі мақсаты жасы үлкен азаматтарға жұмыс табуға жәрдемдесу және олардың тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасау.

Жобаға мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген 50 жастан асқан азаматтар қатыса алады. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгіну қажет.

Аталған жобаға қатысу мерзімі 36 айға дейін созылады. Осы уақыт ішінде мемлекет қызметкердің жалақысының бір бөлігін субсидиялайды. Бұл жұмыс берушілерге тәжірибелі мамандарды жұмысқа тартуға және олардың тұрақты жұмыс орнында қалуына мүмкіндік береді.

Мемлекеттік субсидия мөлшері:

1-12 ай аралығында – белгіленген жалақының 70%-ы, бірақ 30 АЕК-тен аспайды;

13-24 ай аралығында – 65%-ы, бірақ 30 АЕК-тен аспайды;

25-36 ай аралығында – 60%-ы, бірақ 30 АЕК-тен аспайды.

Басты шарттарының бірі қатысушыларды кейін де тұрақты жұмыспен қамту. Субсидия төлеу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші олармен еңбек қатынасын жалғастыруға міндетті. Зейнет жасына жетпеген қызметкерді кемінде бір жыл тұрақты жұмыспен қамтуы керек. Ал зейнеталды жастағы, 58 жастан асқан қатысушыны зейнетке шыққанға дейін жұмыспен қамтамасыз етуге тиіс.

Жобаның тиімділігін Ұлытау облысының тұрғыны Толғанай Абдрахманованың оқиғасынан да көруге болады. 2023 жылдың наурызында ол жұмыс іздеп, Жаңаарқа ауданының мансап орталығына жүгінген. Мамандар оған «Күміс жас» жобасы аясында «Золотая» жеке кәсіпкерлігіне тігінші болып орналасуды ұсынған. Толғанай Бекмырзаевна үш жыл бойы өз міндеттерін адал атқарып, тәжірибе жинақтаған. Жұмыс барысында өзін жауапты әрі тиянақты қызметкер ретінде көрсеткен. Кәсіби шеберлігі мен жұмысына деген жауапкершілігінің арқасында ол жұмыс берушінің сеніміне ие болды. Жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін оған сол ұйымда тұрақты жұмыс істеу ұсынылды. Толғанай Абдрахманованың оқиғасы жұмысқа орналасуға берілетін уақытша қолдаудың тұрақты жұмыспен қамтылуға және кәсіби жолын жалғастыруға мүмкіндік беретінін көрсетеді.

«Күміс жас» жобасы аға буын өкілдеріне еңбек белсенділігін сақтауға, жинаған тәжірибесін пайдалануға, жаңа дағдыларды меңгеруге және еңбек нарығында сұранысқа ие болуға көмектеседі.

Дереккөз: https://ortcom.kz/kk/novosti/1792732674

09 октября 2026
Алға ауданында мемлекеттік саясатты түсіндіру бойынша кездесулері өтті

Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Атамекен» студенттер отрядтарының жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Алға ауданында мемлекеттік саясатты түсіндіру, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын насихаттау, мемлекеттік бағдарламалардың негізгі бағыттарын түсіндіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру кездесулері өтті.

Кездесулер «Алға-Жылу» КМК қызметкерлерінің, Алға индустриялық-техникалық колледжінің ұжымы мен білім алушыларының, аудан тұрғындарының, Коворкинг орталығындағы аудан жастарының, сондай-ақ Тамды және Бестамақ ауылдық округтері тұрғындарының қатысуымен ұйымдастырылды.

Кездесу барысында еліміздегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының маңызы, мемлекеттік бағдарламалар, азаматтардың құқықтары мен міндеттері жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заң талаптарын сақтау, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамда адалдық пен жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Ақпараттық топ құрамында:
Шаңғытбаев Нұржан Құрманғалиұлы – топ жетекшісі, «Атамекен» студенттер отрядтарының жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы;
Ақниязов Нұрхан Сабыржанұлы – еңбек ардагері;
Жасакбаева Жайнагуль Сагатовна – «Келіссөздер академиясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы;
Мажит Алишер Мажитулы – «Ақтөбе облысының Азаматтық орталығы» қауымдастық түріндегі заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы.

Кездесулер ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ақпараттық топ мүшелерімен пікір алмасты.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының басты мақсаты – қоғам мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын кеңінен түсіндіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.

Ел болашағы – саналы ұрпақ пен жауапты азаматтардың қолында!

09 октября 2026
Алға ауданының әкімі А. Шүйіншәлиев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Азаматтарды жеке қабылдау барысында Алға ауданының әкімі А.С. Шүйіншәлиев аудан тұрғындарының өтініштерін қарады.

Қабылдау барысында тұрғындар тұрғын үй мәселелері, әлеуметтік қолдау және басқа да өзекті мәселелер бойынша өз өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді. Әрбір өтініш мұқият тыңдалып, заң талаптары аясында жан-жақты қаралды.

Кездесу барысында көтерілген бірқатар мәселелер бойынша тұрғындарға тиісті түсініктемелер берілді. Қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер бойынша жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

А.С. Шүйіншәлиев халықтың өмір сүру сапасын арттыру және тұрғындардың өзекті мәселелерін уақтылы шешу жұмыстың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар ол тұрғындармен ашық диалог орнатудың және тұрақты кері байланысты қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Азаматтардың өтініштерімен жұмыс жүргізу тұрақты негізде жалғасын табады.

Еске салайық, аудан әкімінің жеке қабылдауына жазылуды аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру жұмысы, құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімі жүзеге асырады.

Байланыс телефоны: 8 (71337) 4-11-11.

22 сентября 2026
Ақтөбеде әскери институттың 67 түлегі офицер атанды

Ақтөбеде Әуе қорғанысы күштерінің Талғат Бигелдинов атындағы әскери институтының 67 түлегіне алғашқы офицерлік атақ берілді. 29-шы түлектердің салтанатты рәсімі облыс әкімдігі алдындағы алаңда өтті.

Биыл әскери институтты 42 ұшқыш пен 25 инженер тәмамдады. Жас лейтенанттарға дипломдар мен төсбелгілер табысталды.

Салтанатты шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, авиация генерал-майоры Руслан Кунуров, әскери қызмет ардагерлері, институт оқытушылары, ата-аналар мен жақындары қатысты.

Облыс әкімі жас офицерлерді құттықтап, әскери қызметтегі заң мен тәртіптің маңызын атап өтті.

«Мемлекетіміздің тұрақтылығы мен дамуы заң үстемдігі мен темірдей тәртіпке негізделген. Әскери қызметтің басты тірегі де – заң мен тәртіпке деген адалдық. Жаңа Конституциялық реформалар құқықтық мемлекеттің беріктігін, азаматтық жауапкершілікті және заң алдындағы теңдікті айқындап берді.
Осы құқықтық негіздерді құрметтеу және оларды қорғау – әрбір офицердің басты міндеті. Әскери тәртіп пен заңға бағыну – тек міндет емес, бұл мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең басты кепіл», – деді Асхат Шахаров.

Авиация генерал-майоры Руслан Кунуров та жас офицерлерге әскери қызметтің жауапкершілігіне тоқталды.

«Отан қорғаушы кәсібі – абыройлы таңдау. Сіздердің міндеттеріңіз – аға буын офицерлердің ерлігі мен батылдығын үлгі ету. Ол үшін өз ісін жетік білетін кәсіби маман ғана емес, нағыз командир әрі тәлімгер болу, принципшілдік пен табандылықтың үлгісін көрсету қажет», – деді ол.

Салтанатты шара барысында лейтенант Мыңжасар Қуаныш сүйіктісі Айгерім Бисенбаеваға көпшілік алдында ұсыныс жасап, одан келісім алды.

Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Төтенше жағдайлар министрлігі және Ішкі істер министрлігі үшін авиация мамандарын даярлайды.

Оқу орны құрылғаннан бері 5 мыңнан астам түлек білім алып, офицерлік құрам қатарын толықтырды.

18 сентября 2026
Ақтөбе өңірінде дәнді дақылдардың 63%-ы жиналды, 361 мың тонна астық бастырылды

Ақтөбе облысында егін жинау науқаны жалғасуда. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындаған басымдықтар қатарында.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 9 қыркүйектегі жағдай бойынша егін жинау жұмыстары облыстың барлық ауданында жүргізілуде. Ауа райы жағдайлары егін жинау жұмыстарына қолайлы.

Биыл жылы облыстағы дәнді дақылдардың егін жинау алқабы - 435 мың га, майлы дақылдар - 84 мың га, картоп және көкөніс-бақша дақылдары - 6 мың га.

Дәнді дақылдардан 275 мың га (жоспардан 63%) алқап жиналып, 361 мың тонна өнім алынды, орташа өнімділігі центнеріне 13,2 га.

Астық сақтау орындарының жалпы сыйымдылығы 685 мың тоннаны құрайды. Бұл көлем жиналатын өнімдерді сақтауды қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта элеваторларда 114 мың тонна астық сақталуда немесе жалпы сыйымдылықтан 28% жүктелген. Сондай-ақ, жаңа егін астығынан 90 мың тонна астық қабылданды.

Егін жинау жұмыстарын жүргізуге қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен дизель отыны көлемі жеткілікті.

04 сентября 2026
Асхат Шахаров Азия және әлем чемпионы Ерлік Сертайды қабылдады

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров семсерлесуден Азия және әлем чемпионы Ерлік Сертайды қабылдады.

Кездесу барысында өңір басшысы спортшыны халықаралық жарыстардағы жоғары нәтижелерімен құттықтап, оның жетістігі Ақтөбе облысының семсерлесу спорты үшін маңызды белес екенін атап өтті.

«Облысымызда семсерлесу спорты жақында ғана дами бастағанына қарамастан, қысқа уақыт ішінде тарихи нәтижеге қол жеткіздік. Азия және әлем чемпионы атанғаныңызды естіп, қуандық. Бұл – Сіз бен бапкеріңіздің қажырлы еңбегі, жоғары тәртіп пен төзімділіктің нәтижесі. Жетістіктеріңіз жас спортшыларға үлгі», – деді Асхат Шахаров.

Өңір басшысы спортшыларға көрсетілетін қолдау жалғасатынын сөз етті. Кездесу соңында облыс әкімі спортшы мен оның бапкеріне алғыс білдіріп, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.

Ерлік Сертай – Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, халықаралық және Азия деңгейіндегі жарыстардың жүлдегері. Семсерлесумен 2013 жылдан бері айналысады. Спорттағы алғашқы қадамын Қаркен Ахметов атындағы олимпиадалық резервтегі спорт мектебінде бастаған.

Спортшы 2024 жылғы Париж Олимпиадасына қатысып, командалық есепте 6-орын иеленді. 2024 және 2026 жылдары Азия чемпионы атанды. Сонымен қатар Азия чемпионаттарының жүлдегері, 2022 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері. 2026 жылы Будапешт Гран-приінде жеке есепте күміс жүлдеге ие болды. Сол жылы әлем чемпионатында командалық есепте чемпион атанды.

Ерлік Сертайдың халықаралық аренадағы нәтижелері Ақтөбе облысында семсерлесу спортының дамуына және жас спортшылардың осы спорт түріне қызығушылығын арттыруға серпін береді.

31 августа 2026
Алға теміржол вокзалы жаңа келбетке ие болды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде 124 вокзал жаңғыртылуда. Оның негізгі мақсаты – көлік инфрақұрылымын заман талабына сай жаңартып, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, қауіпсіз әрі жайлы жағдай қалыптастыру.

Осы жұмыстар аясында Алға қаласында ғасырдан астам тарихы бар теміржол станциясы жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай жаңа вокзал пайдалануға берілді.

Алға теміржол станциясының тарихы 1912 жылдан басталады. Орынбор–Ташкент теміржол желісі бойында №44 разъезд ретінде негізі қаланған нысан кейін Алға қаласының қалыптасуы мен дамуында маңызды рөл атқарды.

1935 жылы вокзалдың бір қабатты ғимараты салынған. Содан бері ондаған жыл бойы нысан мыңдаған жолаушыны қарсы алып, талай азаматты алыс сапарға шығарып салды.

Уақыт өте келе ғимараттың техникалық жағдайы нашарлап, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау қажеттілігі туындады. Осыған байланысты вокзалды жаңғырту туралы шешім қабылданып, жоба «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен жүзеге асырылды.

Аумағы 379 шаршы метр болатын бір қабатты ғимараттың қасбеті, жолаушылар үшін заманауи күту залы, билет кассалары, мен инженерлік жүйелері жаңартылып, аумағы абаттандырылды. Қайта жаңғырту барысында отандық өндірісте шығарылған құрылыс материалдары пайдаланылды.

Нысанның ашылу салтанатына Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, теміржол саласының ардагерлері мен еңбек ұжымының өкілдері қатысты.

«Президент тапсырмасына сәйкес елімізде 124 вокзалға жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде, Ақтөбе облысында 7 вокзалға күрделі жөндеу өткізілді. Міне, қазіргі сәтте Алға станциясының жаңарған вокзалының ашылуы рәсімінде жолығып отырмыз. Осы қуанышты сәтпен сіздерді шын жүректен құттықтаймын», – деді облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев.

Салтанатты шарада 42 жылын теміржол саласына арнаған ардагер Сәуірбай Үркімбаев жаңа вокзалдың ашылуы өткен тарих пен бүгінгі жаңарудың сабақтастығын көрсететін маңызды оқиға екенін атап өтті.

«Менің осы салада қызмет еткеніме 42 жыл болды. Қазір балам да осы салада еңбек етіп жүр, немерем де теміржол мамандығына оқуға түсті. Бұрынғы вокзалымыз ескі, іші салқын болатын. Бүгін біз үшін қуанышты күн – жаңа ғимаратқа ие болып отырмыз. Осы вокзалдан шыққан әрбір жолаушы өзінің межелі жеріне аман-есен жетсін. Жаңа вокзал халыққа сапалы қызмет ете берсін. Осы ғимаратты салуға атсалысқан әрбір азаматқа ризашылығымызды білдіреміз», – деді теміржол ардагері Сәуірбай Үркімбаев.

Алға станциясы арқылы қаланы Ақтөбе, Алматы, Астана, Ақтау, Бейнеу, Орал, Тараз, Шымкент, Түркістан, Шу және Қызылорда қалаларымен байланыстыратын 14 жолаушылар пойызы қатынайды.

Жаңарған вокзал тұрғындар мен қала қонақтарына жайлы әрі қауіпсіз жағдайда қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Алға теміржол станциясы өзінің ғасырдан астам тарихын жалғастырып, жаңа кезеңге қадам басты.

Жалпы, Ақтөбе облысында жеті теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Атап айтқанда, Ақтөбе, Қандыағаш, Шалқар, Жем, Алға, Шұбарқұдық және Қарауылкелді станцияларындағы вокзалдар кезең-кезеңімен жаңартылуда.

Қазіргі уақытта Ақтөбе, Шалқар және Шұбарқұдық вокзалдарындағы құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Қалған нысандарда жұмыстар жалғасып жатыр. Жобалардың жалпы құны 10,5 млрд теңгеден асады.

31 августа 2026
Ауыл тұрғындары жалға берілетін тұрғын үйді өздері таңдай алады

Қазақстанда ауылдық елді мекендерде жалға берілетін тұрғын үйді ұсыну тәртібі өзгереді. 31 тамыздан бастап тұрғын үйге мұқтаж ретінде тұрған азаматтар өз ауданының аумағынан қолайлы жалдамалы тұрғын үйді өздері таңдап, оны алу үшін өтініш бере алады.

Бұл жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен салған немесе сатып алған тұрғын үйлерге қатысты.

Жаңа тетік бойынша өтініштерді алғашқы қабылдау 2026 жылғы 1–7 қыркүйек аралығында baspana.otbasybank.kz порталында өтеді. Өтінішті тиісті ауданда тұрғын үйге мұқтаж ретінде тұрған азаматтар бере алады. Өтініш беру үшін қолданыстағы электрондық цифрлық қолтаңба қажет.

Өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін Отбасы банк тұрғын үй алушылардың тізімін қалыптастырады. Тұрғын үйді бөлу кезінде есепке қойылған күні, отбасының соңғы алты айдағы табыс деңгейі, отбасы құрамы және өтініш берушінің әлеуметтік мәртебесі ескеріледі.

Сонымен қатар, қағидаларда азаматтардың жекелеген санаттарына басымдық беру көзделген. Мемлекеттік тұрғын үйдің кемінде 20%-ы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға бөлінеді. Тағы кемінде 50%-ы әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтардың жекелеген топтарына қарастырылған.

Тағы бір өзгеріс кезекте тұрған азаматтарға берілетін тұрғын үйді айқындау шарттарына қатысты. Бұл норма 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі. Тұрғын үйдегі бөлмелер санын айқындау кезінде отбасы құрамы ескеріледі. Атап айтқанда, ерлі-зайыптылар мен ата-аналарға, сондай-ақ әртүрлі жыныстағы балаларға жеке бөлме беру талаптары қарастырылған.

Алдағы уақытта бұл тәртіп тұрақты негізде қолданылады. Яғни тиісті ауданның ауылдық елді мекендерінде қолжетімді жалдамалы тұрғын үй пайда болған сайын, тұрғын үйге мұқтаж ретінде тұрған азаматтар оны өздері таңдап, алуға өтініш бере алады.

28 августа 2026
Аудан әкімі Үшқұдық және Қарақобда ауылдық округтеріне жұмыс сапарымен барды

Аудан әкімі Асланбек Шүйіншәлиев Үшқұдық және Қарақобда ауылдық округтеріне жұмыс сапарымен барып, елді мекендерде атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылады.

Жерұйық ауылында газ тарту жұмыстары жүргізілуде

Үшқұдық ауылдық округіне қарасты Жерұйық ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі таңда ұзындығы 9 шақырым болатын газ құбырын тарту жұмыстары жүзеге асырылуда. Бүгінде магистральдық газ құбырларын орналастыру үшін жер қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге жауапты мердігер мекеме – «Ерзат» ЖШС.

Қарақобда ауылында балалар және воркаут алаңдары салынуда

Жұмыс сапары Қарақобда ауылында жалғасты. Мұнда балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған ойын және воркаут алаңдарының құрылысы жүргізілуде.

Жаңа нысандардың пайдалануға берілуі ауыл балалары мен жастарының спортпен шұғылдануына, белсенді демалуына және бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы жағдай жасайды.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы