Қазақстанда 2025 жылдан бастап ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын верификациялауға қатысты талаптар енгізілді. Бұл бастама елімізде жасалған немесе сырттан әкелінген құрылғылардың Қазақстан Республикасының ұялы байланыс желілерінде пайдаланылуының заңдылығын растауға бағытталған.Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидаларына сәйкес верификациялау (тексеру) процесі:
Ұялы байланыстың жаһандық жүйесі қауымдастығының (GSMA) дерекқорындағы ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын сәйкестендіруді;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын өндіру және (немесе) жөндеу туралы мәліметтердің және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден және салық заңнамасына сәйкес ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын Қазақстан Республикасының аумағына әкелу туралы мәліметтердің мониторингін қамтиды.
2026 жылдың 19 маусымында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Жаңадан қабылданған шаралар байланыс саласындағы заңнаманы жетілдіруге, соның ішінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға және интернет пен телефон арқылы алаяқтықты анықтау мен бейтараптандыру бойынша жұмысты күшейтуге бағытталған.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамаға сәйкес верификациялаудан өтпеген ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары енді тиісті емес сападағы тауарлар ретінде жіктеледі.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабына сәйкес, мұндай құрылғыны сатып алған тұтынушы өз таңдауы бойынша:
сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуді;
тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды;
тауардағы кемшіліктерді жоюға жұмсаған өз шығыстарын өтеуді;
соған ұқсас маркалы (модельді, артикулды) тауарға ауыстыруды;
сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (модельді, артикулды) сондай тауарға ауыстыруды;
шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.
Алайда, тұтынушы жоғарыда аталған талаптарды тек сатушыға ғана қоя алады.
Сондай-ақ Заңмен сатушының тауардың тиісті сапасын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттеріне қатысты қосымша талап енгізілді. Енді ол ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын сату кезінде верификациялау мәртебесін тексеру үшін тұтынушыға осы тауардың сәйкестендіру кодын беруге міндетті болады.
Тиісті өзгерістер «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына да енгізілді.
Заң Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен верификациялаудан өтпеген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын сатуға тыйым салады.
Сатушы мұндай тауарды өткізгенге дейін сәйкестендіру кодтарының дерекқоры арқылы өткізілетін ұялы байланыс абоненттік құрылғысының тиісті сәйкестендіру кодтарын шектеулердің немесе бұғаттаудың бар-жоғы тұрғысынан тексеруге міндетті.
Осы талап электрондық сауданы жүзеге асыру кезінде де сақталуы тиіс. Электрондық сауда алаңдарының иеленушілері сатушы мен электрондық сауда алаңы арасында жасалатын шарттарға сатушылардың ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын сату алдында тауарды сәйкестендіру кодтарының дерекқорында шектеулердің немесе бұғаттаудың бар-жоғы тұрғысынан тексеру міндетін қосуға тиіс.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сатушы тауарды сату кезінде оны сатып алу фактісін растайтын құжатты беруге міндетті. Мұндай құжат ретінде тауарды иелену фактісін растайтын құжат – қағаз немесе электрондық нысанда берілген бақылау (тауарлық) чегі не кассалық кіріс ордерінің түбіртегі, жыртылатын талон түбіртегі, тиісті түрде ресімделген техникалық паспорт, тауардың атауы, құны, сатып алынған күні, сатушы (дайындаушы) туралы мәліметтерді қамтитын өзге де құжат бола алады. Енді сатушы мұндай құжаттарда өткізілетін ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодтарын көрсетуге міндетті болады.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 20 маусымда «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде алғаш рет ресми жарияланды және күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Дереккөз: ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің ресми сайты
Қала тазалығы мен көркі – тұрғындардың өмір сүру сапасын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Таза көшелер, күтіп ұсталған аулалар, уақытылы шығарылған тұрмыстық қалдықтар мен абаттандырылған қоғамдық орындар тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырады. Сондықтан елді мекендерді абаттандыру талаптарын сақтау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың, кәсіпкердің және меншік иесінің ортақ жауапкершілігі.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес, елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Аталған талаптар барлық жеке және заңды тұлғаларға бірдей қолданылады. Олар өздеріне тиесілі аумақтарды және оған іргелес жерлерді таза ұстауға, қоқысты уақытылы шығаруға, арамшөптерді шабуға, ағаш-бұталарды күтіп ұстауға, ғимараттардың қасбеттері мен қоршауларын тиісті жағдайда ұстауға міндетті.
Әсіресе жаз мезгілінде санитарлық тазалықты сақтау мәселесі өзекті бола түседі. Уақытылы тазаланбаған аумақтарда қоқыс жиналып, арамшөптер өсіп, түрлі зиянкестердің көбеюіне қолайлы жағдай қалыптасады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, елді мекеннің эстетикалық келбетіне де кері әсерін тигізеді.
Қала мен ауылдың тазалығын сақтау бағытында жергілікті атқарушы органдар тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізіп, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруда. Тексеру барысында абаттандыру қағидаларын сақтамаған жеке және заңды тұлғаларға заң талаптарына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады. Мұндай жұмыстардың басты мақсаты – азаматтарды жазалау емес, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақыру.
Таза әрі көрікті елді мекен қалыптастыру – әрбір тұрғынның азаматтық мәдениетінің көрінісі. Өз ауласын, көшесін және қоғамдық орындарды таза ұстау арқылы әр адам туған өлкесінің көркеюіне үлес қоса алады. Қоршаған ортаға жанашырлық танытып, санитарлық талаптарды сақтау – болашақ ұрпаққа жайлы әрі қауіпсіз орта қалдырудың маңызды қадамы.
Барша тұрғындар мен кәсіпкерлерді елді мекендерді абаттандыру қағидаларын қатаң сақтауға, қоршаған ортаны таза ұстауға және туған жеріміздің көркеюіне белсенді атсалысуға шақырамыз. Таза қала – ортақ жауапкершілік пен бірлескен еңбектің нәтижесі.
Алға ауданының кәсіпкерлері өңірлік көрме-байқауда аудан намысын қорғауда.
Бүгін Ақтөбе қаласындағы «Өнер орталығында» «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-байқауы және «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі өтуде.
Аталған шараға Алға ауданы атынан «Бір ауыл – бір өнім» конкурсының жеңімпазы атанған төрт кәсіпкер қатысып, өз өнімдері мен қолөнер туындыларын көпшілік назарына ұсынуда.
Көрмеге қатысушылар:
* *«Асхат Жакешов» ЖК* (Маржанбұлақ ауылдық округі) – бөдене жұмыртқасы мен маринадталған ет өнімдерін ұсынуда;
* *Нұрым Сұлтанов* (Сарықобда ауылдық округі) – ұлттық қолөнерді дәріптеп жүрген қамшы өру шебері;
* *«Әйгерім Құлжан» ЖК* (Алға қаласы) – жылқының ерітілген майы, шұжық, бұжы, ет және қазы өнімдерін таныстыруда;
* *Бақытхан Сейткали* (Алға қаласы) – ұлттық музыкалық аспаптар мен киізден жасалған бұйымдарды әзірлейтін қолөнер шебері.
Өңірлік көрме-байқау жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерін кеңінен танытуға, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында өндірілетін бірегей тауарларды насихаттауға бағытталған.
Алға ауданының атынан қатысып отырған кәсіпкерлерге сәттілік тілейміз және байқауда жоғары нәтижелерге қол жеткізулеріне тілектеспіз.
Астана күніне орай аудандық мәдениет үйінде «Сәні мен салтанаты жарасқан – Астана» атты салтанатты мерекелік кеш өтті. Елорданың өсіп-өркендеу жолын, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін дәріптеуге арналған шараға аудан тұрғындары мен қонақтар қатысты.
Мерекелік кеш барысында аудан әкімі Асланбек Шүйіншәлиев жиналған қауымды Астана күнімен құттықтап, елорданың мемлекетіміздің қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени дамуының басты орталығына айналғанын атап өтті. Сонымен қатар тұрғындарға зор денсаулық, бақ-береке, ел бірлігі мен тыныштық тіледі.
Мерекелік концертте Ақтөбе қаласынан арнайы келген өнерпаздармен бірге ауданның мәдениет саласының қызметкерлері мен көркемөнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Патриоттық әндер, халықтың сүйікті туындылары мен заманауи музыкалық шығармалар орындалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Әсем ән мен көтеріңкі көңіл күйге толы кеш барысында тұрғындар өнер иелеріне ыстық ықыластарын білдіріп, концерттік бағдарламаны зор қошеметпен қабылдады.
Мерекелік шара елорданың мерейін ұлықтап қана қоймай, аудан жұртшылығына рухани серпін сыйлап, ел бірлігі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеген тағылымды басқосуға айналды.
Алға аудандық мәслихатының 2025 жылғы 23 желтоқсандағы №361 "2026-2028 жылдарға арналған Алға қаласының бюджетін бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы шешім жобасы ресми сайтта жарияланды
https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-alga-alga/documents/details/1029114?lang=kk
Алға қаласының бюджетіне нақтылау жүргізіледі
Ақтөбеде қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар мен азаматтарға арналған Қолдау күні өтеді
2026 жылғы 11 маусым күні сағат 10:00-де Ақтөбе қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында тұрғындарға құқықтық, әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған «Қолдау күні: сен жалғыз емессің» атты кең ауқымды ақпараттық-консультациялық шара өтеді.
Іс-шараның мақсаты – қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар мен азаматтарға мемлекеттік қолдау тетіктері туралы ақпарат беру, құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес ұсыну, сондай-ақ халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыру.
Шара барысында тұрғындар мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар өкілдерімен тікелей кездесіп, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап ала алады.
Қатысушыларға:
* психологиялық қолдау және кеңес беру;
* құқықтық көмек көрсету;
* тұрғын үй және несие мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары;
* жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағытындағы консультациялар ұсынылады.
Іс-шара халық пен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалог алаңына айналып, азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге нақты қолдау көрсетуге бағытталған.
Ақтөбеліктерді шараға қатысуға шақырамыз.
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Алға қаласында жаңа қоғамдық кеңістік – Тәуелсіздік аллеясы ашылып, биіктігі 35 метрді құрайтын Тутұғыр орнатылды.
Тутұғыр ел тәуелсіздігінің айшықты белгісі ретінде аудан орталығының көркін арттыра түскен.
Жоба аясында аллея абаттандырылды, заманауи жарықтандыру жүйесімен қамтылды. Сондай-ақ тұрғындар мен қонақтардың жайлы демалуына жағдай жасау мақсатында орындықтар қойылып, жаяу жүргіншілер жолы салынды.
Тәуелсіздік аллеясының ашылу салтанатына қала тұрғындары қатысып, Мемлекеттік Тудың көтерілген сәтінің куәсі болды. Шара барысында алғалықтар Мемлекеттік Әнұранды орындады.
Тәуелсіздік аллеясы – елдік пен бірліктің, отансүйгіштік рухтың жарқын көрінісі. Көк Туымыз әрдайым биікте желбіреп, халқымыздың бейбіт өмірі мен мемлекетіміздің өсіп-өркендеуінің нышаны бола берсін!
Жазғы демалыс бастала сала, Ақтөбе облысында мектеп жанындағы лагерьлер жұмыстарына кірісті, оқушылар үшін жарқын әсерлерге, жаңа мүмкіндіктерге және ұмытылмас демалысқа толы маусымның шымылдығын ашты.
Биылғы жазда балалардың бос уақытын мазмұнды, қауіпсіз әрі пайдалы ұйымдастыруға көңіл бөлінуде. Мектеп жанындағы лагерьлерде оқушыларды шығармашылық шеберлік сабақтары, спорттық жарыстар, зияткерлік ойындар, танымдық экскурсиялар, туристік жорықтар, тақырыптық квесттер, түрлі байқаулар, қызықты тұлғалармен кездесулер және әртүрлі дамытушы іс-шаралар күтеді.
Өңір бойынша барлығы 699 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істейді. Оның ішінде 297-сі тамақтандырумен қамтамасыз етілген лагерь болса, 402-сі – бейіндік лагерьлер. Сонымен қатар, оқушылар үшін қосымша білім беру ұйымдарының жанынан жазғы алаңдар ұйымдастырылады.
Облыстағы 1–10 сынып оқушыларының барлығын — 178 095 баланы жазғы демалыспен және сауықтыру шараларымен қамту жоспарланып отыр. Әрбір бала жазғы демалыстың бірнеше түріне қатар қатыса алады: мектеп жанындағы лагерьлерге барып, сауықтыру орталықтарында демалып, экскурсияларға және жазғы алаңдардың жұмысына қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Суға түсу маусымына дайындық және су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында қаралды.
Дайындық жұмыстарының барысы туралы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қахарман Оразалин баяндады.
Өңірде жазғы маусымға арналған демалыс орындарын дайындыққа келтіру жұмыстары жалғасуда. Облыс аумағында судағы демалысқа арналған 73 орын белгіленген. Қазіргі уақытта мамандар олардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін кезең-кезеңімен тексеріп, пайдалануға болатынын не болмайтынын бағалап жатыр.
Судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Қауіпті учаскелерде 307 ескерту белгісі орнатылып, халықты ақпараттандыру және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қолға алынған.
Жазғы кезеңде облыс су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ТЖД қызметкерлері, полиция, әскери бөлімдердің өкілдері мен еріктілерді қоса алғанда шамамен 370 адам жұмылдырылады. Профилактикалық іс-шаралар өткізу, патрульдеу және жедел әрекет ету үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен сатып алынған арнайы техника пайдаланылады.
Мамыр айының соңында жағажайларда қызмет атқаратын құтқарушыларды оқыту жұмыстары жүргізілді. Балалардың қауіпсіздігіне де баса назар аударылуда. Білім беру ұйымдарында судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз ұйымдастыру және жүзуге үйрету мақсатында өңірде 85 модульдік қаңқалы бассейн жұмыс істейді.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді, демалыс орындарының жағдайына тұрақты бақылау жүргізуді және халық арасында профилактикалық жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
«Жазғы суға түсу маусымының басталуына байланысты су айдындарындағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері айырықша бақылауда болуы тиіс. Демалыс орындарының дайындығын, құтқару құралдарының, медициналық көмек көрсету бекеттерінің және ескерту белгілерінің болуын қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар халық арасында профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтау жөнінде тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Басты міндет – жазатайым оқиғаларға жол бермеу және облыс тұрғындарының қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету», – деді Асхат Шахаров.