
Алдымен Астана ауданының әкімі Айбек Купенов өткен жылы жасалған жұмыстарды баяндап, биылғы жоспарларымен бөлісті.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша осы аудан аумағында 2022 жылы 10 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде, 3 балалар алаңы және 3 спорт алаңы, 1 футбол алаңы орнатылды. 1 баскетбол алаңы жөндеуден өткізілді. Тротуар салу бойынша 5 жоба жүзеге асырылды.
Ал биыл осы бағдарлама арқылы тұрғындардан 80 жоба қабылданып, оның ішінде 48-і дауыс беруден өткен, биыл жұмыстар басталатын болады. Балаларға арналған ойын және спорт алаңы, футбол алаңы, жаяу жүргінші жолын салу, көпқабатты үй ауласын абаттандыру (жарықтандыру, асфальттау, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату) жұмыстары жоспарда тұр.
Бұдан бөлек, Тұрғындар қалашығы және Шанхай көшелерін асфальттау, кәріз жүйелерін реттеу, қаңғыбас иттерді аулау, ескі үйлерді жаңарту мәселелері қозғалды.
«Осы қалада туып-өскен мен үшін де, жалпы қаламыздың байырғы тұрғындары үшін де бұл аудандар ыстық. Себебі бұл жер Ақтөбенің қала болып қалыптасу кезеңінде бой көтерген тарихи бөлігі.
Тұрғындар қалашығында да, Шанхайда да шешімін күткен мәселелер көп. Аулаларын абаттандыру, бір ғасырға жуық уақыттан бері тұрған ескі үйлерінің келбетін жаңарту, балалардың дамуына арналған нысандар ашу сияқты көптеген жұмыстар жасалуы керек.
Бұл жұмыстар соңғы жылдары әсіресе Тұрғындар қалашығында басталғанын байқадым. Тарихи келбетін сақтай отырып абаттандыруды жалғастыруымыз керек», - деді қала әкімі Мұрат Жөребеков.
Сондай-ақ, осы кездесуде тұрғындар Чекалин көшесіндегі апаттық үйлердің мәселесін қозғады. Барлығы 58 пәтердің тұрғындарын көшіру жоспарланған. «Қызылжар елдімекенінен жер телімі бөлінді. Бүгінгі таңда инвестор құрылыс-монтаж жұмыстарына рұқсат құжаттарын алды. Сондай-ақ құрылыс материалдарын жеткізуге шарттар жасалды. Жұмыстар наурыз-сәуір айыларында басталады», - деді Астана ауданының әкімі Айбек Купенов.
Кездесуден кейін қала әкімі Мұрат Жөребеков бөлімдер басшыларымен бірге кездесуге қатысқан тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Барлық мәселелерді мұқият тыңдап, заң аясында шешу туралы жауапты басшыларға тапсырма берді.