
Бүгін, 26 қараша күні қала әкімі Асхат Шахаров жеке қабылдауына жазылған 51 тұрғынды қабылдады. Азаматтарды қабылдау қала әкімі орынбасарларының, қалалық бөлімдер басшыларының қатысуымен өтті.
Сұрақтар мазмұны әртүрлі: олар негізінен ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне, тұрғын үй инспекциясына, қалалық сәулет бөліміне қатысты болды.
Пәтер иелері кооперативтерінің (КСК) жұмысына қатысты сұрақтар аз болмады, көңілі толмай, шағым айтып келген тұрғындарға меншік иелері бірлестігін (ОСИ) құру жолдары түсіндірілді.
Сол сияқты, Жаңақоныс-3,4, Рауан, Құршысай елдімекендерден инженерлік желілер тарту, жол жөндеу, қоғамдық көлік жұмысын жақсарту мәселелерін айтып келген тұрғындар да болды. Биыл сумен жабдықтау желілері – Құрайлы, Құршасай, Рауан, Заречный т/а, электрмен жабдықтау желілері – Құрайлы, Құршасай, Рауан, Ақшат-2, Ақжар плюс т/а, газбен жабдықтау желілері – Жаңақоныс-3, Құршасай, Ақшат-3, Қурайлы, Ақжар плюс т/а жүргізілуде.
Сонымен қатар, жолдарды жөндеу жұмыстары да келесі жылы жалғасады. Өткен жылы 117 көше, биыл 42 көше жолы жөнделді, келесі жылы жол жұмыстарымен байланысты 87 жоба жүзеге асырылады. Қала аумағында 53 тұрғын массиві бар. Олардың жолдарына биыл жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленді.
Теміржол вокзалы аумағындағы қоғамдық тәртіпті күшейту керектігін айтып келген 8 март көшесінің тұрғындары көшелерді жарықтандыру жұмыстарына ризашылықтарын білдірді.
«Жалпы, қаланы жарықтандыруға байланысты үлкен жоба жасадық – көне жарық нүктелері ауыстырылып, 9 мыңға жуық жаңа бағаналар орнатылады. Асфальт төсеу, жарықтандыру, балалар ойнайтын және спорт алаңдарын орнату сияқты аулаларды абаттандыру бойынша белсенді жұмыстар жалғасып жатыр.
Биыл 200-ден астам ауланы абаттандырдық. 30-40 жыл бойы жөндеу көрмеген аулаларды абаттандыру жұмыстары біздің жоспар бойынша алдағы екі жылда толықтай аяқталатын болады. Көшелерге жарық беру жұмыстарын да бастап кеттік. Жыл соңына дейін қаланың барлық жеріне 700 жарық нүктесін орнатуды аяқтаймыз. Келесі жылы жарықтандыру жұмыстары ауқымдырақ жүргізілетін болады», - деді қала әкімі.
Жеке үйінің құрылысы үшін, жеке бизнесін ашу үшін және жеке үйінің шатырын алмастырып беру үшін материалдық көмек сұрап келгендер де болды. Оларға бюджеттен жеке бизнес қаржыландырылмайтыны немесе жеке үй салып беруге қаржы бөлінбейтіні түсіндіріліп, мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау түрлерін пайдалану туралы кеңес берілді.
Қабылдау барысында барлық сұрақтары бойынша қала әкімі ҚР заңнамасына сәйкес толық түсініктемелер берді, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның тиісті бөлімдері басшыларына міндеттер жүктеді.
Еске сала кетейік, осыған дейін қарашаның 24 және 25 күндері қала әкімі тұрғын үй және жер қатынастары мәселелері бойынша 126 адамды қабылдады. Жалпы саны үш күнде қала әкімінің қабылдауына 187 тұрғын келді.