|
|
Ақтөбе қаласы әкімдігінің
2022 жылғы «14» ақпандағы
№505 қаулысына қосымша
|
Ақтөбе қаласы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын
есептеудің қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
- Осы Коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеудің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 365-бабы 4-тармағының 6) тармақшасына, Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №347 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24212 болып тіркелген) бекітілген коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеудің үлгілік қағидаларына сәйкес әзірленді және коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеудің тәртібін айқындайды.
- Коммуналдық қалдықтар деп мынадай тұтыну қалдықтары түсініледі:
1) өзгелермен қатар қағаз бен картонды, шыныны, металдарды, пластмассаны, органикалық қалдықтарды, сүректі, тоқыманы, қаптаманы, пайдаланылған электр және электрондық жабдықтарды, батареялар мен аккумуляторларды қоса алғанда, үй шаруашылықтарының аралас қалдықтары мен бөлек жиналған қалдықтары;
2) егер аралас қалдықтар және басқа көздерден бөлек жиналған қалдықтар өзінің сипаты мен құрамы бойынша үй шаруашылықтарының қалдықтарына ұқсас болса, осындай қалдықтар.
Коммуналдық қалдықтарға өндіріс, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, балық аулау, септиктер мен кәріз желілері, сондай-ақ сарқынды судың тұнбасын қоса алғанда, тазарту құрылысжайлары қалдықтары, пайдаланудан шығып қалған көлік құралдары немесе құрылыс қалдықтары кірмейді.
Тұтыну қалдықтарына адамның тыныс-тіршілік әрекеті нәтижесінде түзілген қалдықтар, өзінің тұтыну қасиеттерін толық немесе ішінара жоғалтқан өнімдер және (немесе) бұйымдар, олардың қаптамасы және агрегаттық жай-күйіне қарамастан жарамдылық не пайдалану мерзімі біткен, сондай-ақ меншік иесі өз бетінше физикалық түрде құтылған не тұтыну қалдықтарының қатарына құжатпен аударған өзге де заттар немесе олардың қалдықтары жатады.
- Коммуналдық қалдықтардың қауіпті құрауыштары (электрондық және электр жабдықтар, құрамында сынап бар қалдықтар, батарейкалар, аккумуляторлар және өзге де қауіпті құрамдастар) бөлек жиналуға және арнайы бейімделген кәсіпорындарға қалпына келтіруге берілуге тиіс.
2-тарау. Коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеу тәртібі
- Коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормалары тұрғын үй қорының барлық объектілері, тұрғын емес үй-жайлар үшін жеке-жеке белгіленеді.
- Коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормалары осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес тұрғын үй қорының барлық объектілері үшін және тұрғын емес үй-жайлар бойынша анықталады.
- Коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормалары кейіннен есептік бірлікке жинақталу көлемін кейін есептей отырып, заттай өлшеу жүргізу жолымен анықталады.
- Заттай өлшеулер жүргізу үшін көріктендіру әртүрлі деңгейі бар екі үлгідегі тұрғын үй қорының объектілері бөлінеді:
1) тұтынушыларға коммуналдық қызметтерді ұсыну үшін пайдаланылатын үйішілік инженерлік коммуникациялары мен жабдықтары бар жайлы тұрғын үй;
2) тұтынушыларға коммуналдық қызмет көрсету үшін пайдаланылатын үйішілік инженерлік коммуникациялары мен жабдықтары жоқ жайлы емес тұрғын үй.
- Халықтан түзілетін коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын айқындау үшін тұрғын халықтың мынадай саны бар учаскелер бөлінеді:
тұрғындарының саны 300 мың адамға дейінгі елді мекендерде учаскелер абаттандырудың әрбір түрі бойынша тұрғындардың жалпы санының 2%-ын қамти отырып таңдалады;
халқының саны 300-ден 500 мың адамға дейінгі елді мекендерде – 1 %;
тұрғындарының саны 500 мың адамнан асатын елді мекендерде – 0,5% (оның ішінде жайлы емес сектор бойынша кемінде 500 адам).
- Таңдап алынған объектілерде өлшеу жүргізу алдында жергілікті атқарушы органдар коммуналдық қалдықтарды жинау мен шығаруды жүзеге асыратын ұйымдармен бірлесіп, осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысандар бойынша тұрғын қоры мен тұрғын емес үй-жайлардың коммуналдық паспортын жасайды.
- Түзілген және жинақталған коммуналдық қалдықтардың массасы мен көлемін анықтау үшін өлшеу сызғышы мен салмақ өлшеу жабдығы пайдаланылады.
- Өлшеу алдында контейнердегі қалдықтар коммуналдық қалдықтарды жинау мен шығаруды жүзеге асыратын ұйыммен теңестіріледі және өлшеу сызғышының көмегімен қалдықтардың көлемі анықталады.
- Жинақталған қалдықтардың массасы толтырылған контейнерлерді өлшеу және коммуналдық қалдықтарды жинау мен шығаруды жүзеге асыратын ұйымның бос контейнердің массасын одан әрі шегеру жолымен айқындалады.