«Ақтөбе қаласының мұқтаж азаматтарының
жекелеген санаттарына тұрақты қалалық қоғамдық көлікте
(таксиден басқа) жолақы жеңілдігін беру туралы»
Ақтөбе қалалық мәслихатының шешімі жобасына
баспасөз-релизі
Шешім жобасы, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 6,7 баптарына, Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 56-бабына, Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 21 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы» Заңының 13 бабына, Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 мамырдағы «Ардагерлер туралы» Заңының 15 бабына, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі «Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» Заңының 11 бабына сәйкес құрылды.
2020 жылғы 9-қыркүйекте өткен отырыста Ақтөбе облысы әкімінің Ақтөбе қаласының мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарына тұрақты қалалық қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жолақы жеңілдігін қарастыру туралы тапсырмасы берілді.
Осыған байланысты, мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттары белгіленді.
1. Ақтөбе қаласының келесі санаттағы азаматтарына меншіктің барлық түріндегі тұрақты қалалық қоғамдық көліктерде (таксиден басқа) тасымалдаушы есебінен тегін жол жүру мүмкіндігі берілсін:
1) Ұлы Отан соғысының қатысушыларына;
2) Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне;
3) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге;
4) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамдарға;
5) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;
6) «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдарға;
7) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі - КСР Одағы) Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға;
8) 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға.
9) мүгедектiгi бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алушыларға:
І топ мүгедектері;
көзі нашар көретін ІІ топ мүгедектері.
2. Ақтөбе қаласының келесі санаттағы азаматтарына меншіктің барлық түріндегі тұрақты қалалық қоғамдық көліктерде (таксиден басқа) жүру ақысының 50% мөлшерінде жеңілдетілген жол жүру мүмкіндігі берілсін:
1) мүгедектiгi бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алушыларға:
ІІ топ мүгедектері;
ІІІ топ мүгедектері;
он алты жасқа дейінгі мүгедек балалар;
он алтыдан он сегіз жасқа дейiнгi І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедек балалар.
2) кәмелеттік жасқа толмаған төрт және одан да көп балаларымен бірге тұратын (анасы жоқ болған жағдайда, әкесіне немесе оған теңестірілген тұлғаға) көп балалы аналарға (соның ішінде балалары кәмелетке толғаннан кейін, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында оқитындарға - олардың оқу орындарын бітіргендеріне дейін);
3) «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқасымен марапатталған көпбалалы аналарға;
4) жасына байланысты зейнеткерлерге.
«Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Б.Елеусінованың 2020 жылғы 21-қыркүйектегі № 1-5-11/3574 хатында жоғарыда көрсетілген санаттағы мұқтаж азаматарға тұрақты қалалық қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жолақы жеңілдігін беру үшін қаражат қарастыру сұралған.
Нәтижесінде, «Ақтөбе қаласының мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарына тұрақты қалалық қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жолақы жеңілдігін беру туралы» Ақтөбе қалалық мәслихатының шешімі жобасы ұсынылады.
Шешім жобасы 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 02-25/1703 хатымен Ақтөбе қаласының Қоғамдық кеңесіне ұсынылып, 2021 жылғы 20 сәуірдегі № 01-1/22 ұсынысымен мақұлданды.
Шешім жобасы «e-gov» ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында 02.04.2020-16.04.2021 жыл аралығында қоғамдық талқылау үшін жарияланды.
Қоғамдық талқылау кезінде шешім жобасы бойынша бір пікір болды.