Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы
Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 21 қазандағы № 439 Жарлығы
Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 2) тармақшасына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 85-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауы 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалсын.
2. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауы 2021 жылғы 11 қаңтарға тағайындалсын.
3. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын дайындауды және өткізуді ұйымдастырсын.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдасын.
5. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Қ.Тоқаев
Нұр-Сұлтан, Ақорда,
Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс
сайлауын тағайындау туралы
Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 9 сәуірдегі № 18 Жарлығы
Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 3-1-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2019 жылдың 9 маусымына тағайындалсын.
2. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі қажетті шараларды қабылдасын.
4. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдері сайлау құқығы бар азаматтардың тізімін дер кезінде жасауды және дұрыстығын қамтамасыз етсін, Орталық, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін шешуде жан-жақты көмек көрсетсін.
5. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Қ. Тоқаев
Нұр-Сұлтан қаласы, Акорда