Тәуелсіздік күніне орай «Қожагелді батыр атындағы орта мектебі» КММ-нің ұстаздары мен оқушылары пластикалық қақпақтардан «Ақсуат ауылының картасы» атты экологиялық жоба жасады.
Аталған жоба «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының желтоқсан айындағы «Бірлік пен ынтымақ» бағыты аясында, «Қамқор» жобасы шеңберінде жүзеге асырылды. Пластикалық қақпақтардан құрастырылған картаға 10 түрлі түстегі 1120 қақпақ пайдаланылды. Картада аумағы 13 600 км², халқы 7 293 адам болатын Ақсуат ауылы бейнеленді.
«Ақсуат ауылының картасы» экологиялық жобасы – оқушылардың шығармашылығы мен экологиялық санасының үйлескен жарқын үлгісі. Бұл жоба арқылы оқушылар табиғатты қорғаудың, қайта өңдеуге болатын материалдарды тиімді пайдаланудың маңызын түсініп, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін нақты іспен көрсете білді.
Пластикалық қақпақтардан жасалған ауыл картасы – бір жағынан экологиялық тәрбиенің көрінісі болса, екінші жағынан оқушылардың топпен жұмыс істеу, ортақ идеяны жүзеге асыру дағдыларының нәтижесі. Мұндай жобалар жас ұрпақты табиғатқа жанашыр, туған елін қадірлейтін азамат етіп тәрбиелеуге зор ықпал етеді.
Жобаға белсене атсалысқан барлық оқушылар мен ұстаздарға, сондай-ақ жоба жетекшісі — директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сұлтанбекова Амангүл Керейханқызына шынайы алғысымызды білдіреміз.
Туған жерге деген сүйіспеншілік – нақты іспен дәлелденеді!