
Абай облысы, Ақсуат ауданының білім бөлімі – аудандағы білім беру ұйымдарында оқушылардың қабілетін дамыту, дарынды балаларды анықтау, қолдау және білім сапасын арттыру бағытында ұйымдастырушы-үйлестіруші рөл атқаратын мемлекеттік орган. Бөлімнің негізгі міндеттерінің бірі – аудан көлемінде пәндік олимпиадаларды, зияткерлік сайыстарды және білім додаларын өткізу арқылы оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыру.
Ақсуат ауданының білім бөлімінің жыл сайын пәндер бойынша аудандық олимпиадалар ұйымдастыруы – оқушылардың зияткерлік әлеуетін ашуға, білім деңгейін анықтауға және дарынды балаларды қолдауға бағытталған маңызды шара болып табылады. Олимпиада өткізу тәртібі Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің жалпы орта білім беру саласындағы нормативтік құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
Ақсуат ауданының білім бөлімінің миссиясы – оқушылардың академиялық дағдыларын дамытуға жағдай жасау, дарынды балалардың қабілетін шыңдау және оларды жоғары деңгейдегі білім сайыстарына дайындау.
Мақсаты – аудан оқушыларының шығармашылық және білімдік әлеуетін анықтау, дамыту және республикалық, облыстық деңгейлерге жолдама беретін әділ, ашық, заманауи олимпиадалық жүйе қалыптастыру.
Әр түрлі пәндер бойынша дарынды және қабілетті оқушыларды анықтау және қолдау жүйесін құру;
Олимпиада қатысушыларына арналған ақпараттық-білім беру ортасын қалыптастыру, дайындық жұмыстарына әдістемелік қолдау көрсету;
Олимпиадаға қатысатын оқушыларды тәрбиелейтін педагогтарға әдістемелік көмек көрсету, озық тәжірибелерін тарату;
Оқушылардың білімін тереңдетуге, зерттеу дағдыларын дамытуға арналған тиімді әдістемелер мен бағдарламаларды енгізу;
Ауданда пәндік олимпиадаларды жүргізетін жұмыс топтарын, әдістемелік бірлестіктерді үйлестіру;
Дарынды оқушыларды қолдау, олардың білімін әрі қарай дамыту үшін психологиялық, академиялық және құқықтық тұрғыдан қолайлы жағдай жасау.
Қабілетін ашуға мүмкіндік береді. Оқушылар өз пәніне деген қызығушылығын тереңдетіп, шығармашылықпен жұмыс істеуді үйренеді.
Өзін-өзі бағалауды арттырады. Олимпиада нәтижесі арқылы өзінің деңгейін көріп, әрі қарай жетілуге мотивация алады.
Жоғары білімге жол ашады. Жеңімпаздар облыстық, республикалық кезеңдерге жолдама алып, грантқа түсу мүмкіндігін арттырады.
Зерттеушілік және логикалық дағдылар қалыптасады. Қиын тапсырмаларды орындау арқылы оқушы аналитикалық ойлау қабілетін дамытады.
Педагогтармен және дарынды құрдастарымен байланыс орнайды. Бұл білім беру ортасында бәсекеге қабілеттілікті күшейтеді.
Өмірлік мақсат қоюға көмектеседі. Олимпиадаға дайындық үдерісі арқылы оқушы болашақ мамандығын анықтауға бір қадам жақындайды.
2024–2025 оқу жылында аудан ұстаздары мен оқушылары республикалық және облыстық деңгейдегі зияткерлік сайыстарда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді:
Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған «Абай мергені – 2025» облыстық жарысында Ақсуат ауданының қыздар құрамасы 1-орын иеленіп, Ақтөбе қаласында өтетін «Ару мерген – 2025» сайысына жолдама алды.
«Оқу және математикалық сауаттылық: табысты синергия» республикалық олимпиадасында Би Боранбай атындағы орта мектеп мұғалімі Тұрғалиева Меруерт Уәлибекқызы – ІІІ орын.
Астанада өткен республикалық «Бестемше» ойынында «Балбөбек» жекеменшік балабақшасының әдіскері Қожанова Мейіргүл – ІІІ орын.
Би Боранбай атындағы орта мектебі облыстық «Үздік ұйым – 2025» конкурсының жеңімпазы атанып, 20 млн теңгелік сертификат иеленді.
Республикалық олимпиаданың ауыл мектептері бағытында 4 оқушы қатысып, Көкжыра орта мектебінің 11-сынып оқушысы Майдан Нұрболат – І орын, алтын медаль.
«Зерде» республикалық ғылыми жобалар конкурсында Ақсуат орта мектебінің оқушылары Тоқтарбай Жантөре (4-сынып) және Жеңіс Әнел (7-сынып) ІІ орын, күміс медаль иеленді.
Қазақстан тарихы пәнінен республикалық олимпиадада Сасан би атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Оралбекқызы Асылжан – ІІ орын, күміс медаль.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде Ақсуат ауданының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» атағына ие болды.