
Орта білім берудің негізгі басымдықтары – құзыреттілікке негізделген білім беру, цифрлық сауаттылықты арттыру, сыни ойлау мен креативтілікті дамыту, көптілділік, жеке оқу траекториясын қалыптастыру, инклюзивті білім беру, жаратылыстану-математикалық және гуманитарлық бағыттардың тең дамуы, сондай-ақ өмір бойы білім алу дағдыларын қалыптастыру.
2025–2026 оқу жылында Ақсуат ауданы бойынша барлығы 19 мектеп (оның ішінде 14 орта, 5 бастауыш) жұмыс істеді.
Жыл басында 1–11 сыныптарда – 3958 оқушы, мектепалды даярлық тобында 361 тәрбиеленуші қамтылған болатын. Қазіргі талдау нәтижесі бойынша 1–11 сыныптарда оқушылар саны 3953-ке төмендеп (–5 оқушы), даярлық тобында 356 тәрбиеленуші қалып отыр (–5 бала). Жалпы, аудан бойынша оқушылар саны 10 балаға азайған.
Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасын теңестіру мақсатында «Ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы аясында 1 тірек мектеп жаңғыртылды. Сонымен қатар 3 шағын жинақты мектептің (Көктүбек, Тана мырза және Сасан би атындағы орта мектептері) оқушылары заманауи цифрлық ресурстар мен зертханаларды толық пайдалану мүмкіндігіне ие болды.
Аудан бойынша білім сапасы 2024–2025 оқу жылында – 66,9% құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,4%-ға артты.
9-сыныпты 376 түлек аяқтады (2025 ж. – 406), оның 51-і үздік (былтыр да – 51).
Жалпы орта білімді аяқтаған 257 түлектің (2025 ж. – 242) 17-сі «Алтын белгі», 22-сі үздік аттестат алды.
257 түлектің 233-і (92,8%) ҰБТ тапсырды.
Ең жоғары 135 балды Қ.Сәтбаев атындағы Жәнтікей орта мектебінің оқушысы Кәдірбекұлы Бекзат жинады.
Жалпы 100 балдан жоғары нәтиже көрсеткендер – 79 түлек, бұл қатысушылардың 33,9%-ын құрайды.
Дегенмен, бұл көрсеткіштер «Алтын белгіге» үміткерлермен жұмысты әрі қарай күшейту, сондай-ақ мұғалімдердің бағалау объективтілігін арттыру қажеттігін көрсетеді.
2024–2025 оқу жылында аудан ұстаздары мен оқушылары республикалық және облыстық деңгейдегі зияткерлік сайыстарда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді:
Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған «Абай мергені – 2025» облыстық жарысында Ақсуат ауданының қыздар құрамасы 1-орын иеленіп, Ақтөбе қаласында өтетін «Ару мерген – 2025» сайысына жолдама алды.
«Оқу және математикалық сауаттылық: табысты синергия» республикалық олимпиадасында Би Боранбай атындағы орта мектеп мұғалімі Тұрғалиева Меруерт Уәлибекқызы – ІІІ орын.
Астанада өткен республикалық «Бестемше» ойынында «Балбөбек» жекеменшік балабақшасының әдіскері Қожанова Мейіргүл – ІІІ орын.
Би Боранбай атындағы орта мектебі облыстық «Үздік ұйым – 2025» конкурсының жеңімпазы атанып, 20 млн теңгелік сертификат иеленді.
Республикалық олимпиаданың ауыл мектептері бағытында 4 оқушы қатысып, Көкжыра орта мектебінің 11-сынып оқушысы Майдан Нұрболат – І орын, алтын медаль.
«Зерде» республикалық ғылыми жобалар конкурсында Ақсуат орта мектебінің оқушылары Тоқтарбай Жантөре (4-сынып) және Жеңіс Әнел (7-сынып) ІІ орын, күміс медаль иеленді.
Қазақстан тарихы пәнінен республикалық олимпиадада Сасан би атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Оралбекқызы Асылжан – ІІ орын, күміс медаль.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде Ақсуат ауданының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» атағына ие болды.
Ақсуат ауданында 19 мектепте – 813 мұғалім еңбек етеді:
педагог-шебер – 8
педагог-зерттеуші – 175
педагог-сарапшы – 173
педагог-модератор – 231
педагог – 257
жоғары санат – 2
бірінші санат – 4
екінші санат – 8
Жалпы сапалық құрам 44,5%.
2025–2026 оқу жылында бізді білім сапасын арттыру, тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастыру, білім алушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, педагогтердің кәсіби өсуін қамтамасыз ету сияқты маңызды міндеттер күтіп тұр.
Қазақстанда 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланғаны белгілі. Осыған байланысты білім беру ұйымдары алдында еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды кеңінен таныстыру, оқушылардың мамандықты саналы таңдауына жағдай жасау, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын түсіндіру бағытында жүйелі кәсіптік бағдар беру жұмысын ұйымдастыру міндеті тұр.
Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Қытай» саммитінде сөйлеген сөзінде еліміздің ғылыми әлеуетін арттыру, бірлескен зертханалар мен инженерлер академияларын дамыту мақсатында 2026 жылды – Білім және ғылыми зерттеулер жылы деп жариялау жөнінде ұсыныс білдірді.
Бұл бастама ғылым мен инновацияны дамытудың жаңа бағытын айқындап, білім беру ұйымдары үшін үлкен жауапкершілік жүктейді. Ендігі міндет – білім алушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді тарту, олардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру, жобалау және зерттеушілік дағдыларын дамыту.
Биылғы оқу жылында ерекше назар аударылуы тиіс бағыттар:
білім алушылардың жобалық және зерттеушілік ойлауын дамыту;
ғылыми-танымдық іс-әрекеттерге кеңінен тарту;
функционалдық сауаттылықты қалыптастыру;
цифрлық құзыреттіліктерді жетілдіру;
үлгерімі төмен оқушыларға академиялық қолдауды күшейту.
Жаңа оқу жылы барлық білім беру ұйымдары үшін жаңа міндеттер мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Осы бағыттарда бірлесіп жұмыс атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенім білдіреміз.