GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Бөлім туралы
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Қызметі
Онлайн қабылдау
Все материалы
13 апреля 2026
Құрметті ата-аналар!

InCraft ақпараттық жүйесінің толық іске қосылғаны туралы хабарлаймыз. 2026 жылғы 14 сәуірде басымды қолжетімділікке бос орындар шығады (үш жұмыс күннен кейін ортақ қолжетімділікке).

Ол үшін сіздерге  Balabaqsha.snation.kz сайтында тіркелу өту қажет.

Қосымша ақпаратты келесі телефон арқылы алуға болады:

📞 8 (71837) 5-05-93 немесе Ақсу қаласы білім беру бөлімінің № 1 кабинетіне өтініш жасауға болады.

Жүйемен жұмыс істеу бойынша нұсқаулықтар білім беру бөлімінің https://www.gov.kz/memleket/entities/aksu-goo ресми сайтында  және  bilim_aqsu  инстаграм парақшасында орналастырылған.

13 апреля 2026
Білім беру ұйымдарында Балалар әдебиеті онкүндігі өтуде

Еліміздің білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Балалар кітапханасы» жобасын жүзеге асыру жалғасуда. Бұл шара шеңберінде білім беру ұйымдарында балалар әдебиеті онкүндігі басталды.

Ауқымды мәдени-ағартушылық бастама оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға, ғылыми-танымдық және көркем әдебиет арқылы рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға, сондай-ақ балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған.

Онкүндік аясында мектептерде кітап көрмелері, әдеби кездесулер, ертегі оқу сағаттары, шығармашылық байқаулар, пікірталастар және отбасылық оқу мәдениетін насихаттайтын түрлі форматтағы тәрбиелік-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Сонымен қатар бастама мектеп кітапханасының білім беру үдерісіндегі рөлін арттыруға, кітапханашылар, мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Жоба аясындағы іс-шараларға 1–11 сынып оқушылары, мектеп кітапханашылары, пән мұғалімдері, сынып жетекшілері және ата-аналар қатысуда.

Айта кетейік, аталған онкүндік балалар әдебиетінің үздік үлгілерін кеңінен насихаттауға, оқушылардың сөйлеу мәдениеті мен шығармашылық ойлауын дамытуға, сондай-ақ отбасылық кітап оқу дәстүрін қалыптастыруға бағытталған маңызды мәдени-ағартушылық бастама болмақ.

08 апреля 2026
Оқу-ағарту министрлігі халықаралық ұйыммен ынтымақтастық туралы талқылады

ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Орталық Азия бойынша үйлестіру кеңсесінің басшысы әрі Қазақстандағы Елдік кеңсе өкілі Джерен Гювен Гюрэспен ресми кездесу өткізді. Басқосуға «БҰҰ-әйелдер» құрылымының Қазақстандағы бағдарламалар басшысы Дина Амришева да қатысты. Тараптар білім беру саласындағы іргелі реформаларды және бала құқықтарын қорғау тақырыбын талқылады.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасының нәтижелері туралы айтылды. Бүгінгі таңда елімізде 217 заманауи мектеп пайдалануға берілсе, оның 84-і ауылдық жерлерде бой көтерген. Министр бұл қадам ауыл мен қала арасындағы білім сапасының теңсіздігін жоюға және шалғай елді мекендерде халықаралық стандарттарға сай білім ошақтарының салынуына мүмкіндік бергенін айта келе, оқушылардың білім алу мүмкіндігін теңестіру - еліміздегі мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап өтті.

Білім саласындағы кадрлық әлеуеттің дамуына тоқталған Жұлдыз Сүлейменова: «Бүгінде елімізде педагогтердің 81 пайызы -әйелдер. TALIS-2024 халықаралық зерттеуінің қорытындылары отандық білім беру саласындағы оң нәтижелерді көрсетті. Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылған іргелі реформалардың арқасында мұғалімдердің 95 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын, ал 80 пайызы кәсіби таңдау мүмкіндігі қайта берілсе, тағы да осы мамандықты таңдайтынын білдірген. Бұл көрсеткіштер мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған Президенттің іргелі реформаларының тиімділігін көрсетеді», - деді.

Балалардың құқықтық сауаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында министрлік 10 маңызды заңды ілгерілетті. Атап айтқанда, зорлық-зомбылыққа «нөлдік төзімділік» принципі енгізіліп, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілді. 2025 жылғы заңнамалық жаңартулар аясында қорғаншылық талаптар күшейіп, бала құқықтарын қорғау бойынша өңірлік органдардың функциялары кеңейтілді және мемлекеттік бақылаудың жаңа тетіктері бекітілді.

Өз кезегінде Джерен Гювен Гюрэс Қазақстанның гендерлік саясат пен білім берудегі жетістіктерін жоғары бағалап, Министрлікті бірнеше бағыт бойынша серіктестікті нығайтуға шақырды. Кездесу соңында Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысының әйелдер қауымын қолдауға бағытталған саясатының маңыздылығын атап өтіп, мәртебелі мейманға Қазақстанның cаясаттағы әйелдері туралы кітапты тарту етті.

Орта білім беру
27 февраля 2026
Білім және бала құқығы: кеңейтілген алқа отырысының қорытындылары

Білім - еліміздің адами капиталын қалыптастырудың және бәсекеге қабілеттілікті арттырудың басты құралы. Оқу- ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асып жатқан іргелі реформалар мен білім саласындағы кешенді көрсеткіштер сараланды. Қоғамдағы құндылықтарды нығайту мен сапалы білім беру ісі -мемлекеттік саясаттың негізгі өзегі.

Жиынның маңызды жаңалығы Президент тапсырмасымен әзірленген «Қазақстан балалары» 2026-2030 жылдарға арналған бірыңғай тұжырымдамасының білім саласындағы маңызы болды. Бұл құжат балалардың құқықтарын қорғау саласындағы барлық шаралар мен бағдарламаларды алғаш рет бірыңғай стратегиялық негізге біріктірді. Қазақстан балалар қауіпсіздігіне арналған мұндай мақсатты ұлттық стратегиясы бар санаулы мемлекеттердің біріне айналды.

Жаңа тұжырымдама әрбір баланың білім алу, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғалу құқықтарын қамтамасыз ететін үйлестірілген тәсілді қалыптастырады. Құжат аясында балалардың қауіпсіздігін күшейтуге, инклюзивті білімнің қолжетімділігін арттыруға және психологиялық қолдау жүйесін жетілдіруге басымдық берілді. Бұл ведомствоаралық байланысты нығайтып, балалардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді.

Осылайша, білім саласын мазмұндық тұрғыдан жаңғырту жұмыстары жаңа кезеңге қадам басты. Бірыңғай тұжырымдама мен білім берудегі заманауи тәсілдердің ұштасуы - жас ұрпақтың бақытты балалық шағы мен еліміздің жарқын болашағының берік кепілі.

Орта білім беру
27 февраля 2026
Мұғалім мәртебесі - ел мерейі: Қазақстан педагогтердің еңбек жағдайы бойынша әлемдік көшбасшылар қатарында

Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында халықаралық TALIS-2024 зерттеуінің қорытындылары жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары арқасында Қазақстан мұғалімдердің жалақыға қанағаттану деңгейі бойынша әлемдегі үздік бес елдің қатарына енді. 2018 жылы бұл көрсеткіш небәрі 39% болса, 2024 жылы 71%-ға жетті. Бүгінде еліміздегі педагогтердің 95%-ы өз жұмысына көңілі толатынын мәлімдеп, кәсіби қанағаттанудың жоғары деңгейін көрсетіп отыр.

Мұғалім мәртебесі туралы заңның қабылдануы саладағы түйткілді мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Мұғалімдердің апталық жүктемесі 50 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқартылып, демалыс уақыты 56 күнге ұзартылды. Соңғы жылдары мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі есе, балабақша тәрбиешілерінің еңбекақысы 30%-ға артты. Бұл шаралар педагогтердің әкімшілік жүктемесін азайтып, олардың негізгі міндеті - бала оқыту мен кәсіби дамуға көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасады. Нәтижесінде магистр дәрежесі бар мамандардың үлесі үш есе өсіп, 11%-ды құрады.

Қазақстандық ұстаздардың кәсіби шеберлігі халықаралық деңгейде де жоғары бағалануда. Соның жарқын дәлелі ретінде алматылық химия пәнінің мұғалімі Татьяна Белоусованың Global Teacher Prize байқауында әлемнің үздік 50 мұғалімінің қатарына енуін атап өтуге болады. Сондай-ақ, Президенттің қолдауымен 5 ұстазға «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, 95 педагог «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанды. Бұл жетістіктер отандық мектептердің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін айқындай түседі.

Министрлік алдағы уақытта жас мамандарды қолдау, цифрлық сауаттылықты арттыру және кадрларды даярлаудың озық стандарттарын енгізуді жалғастырады. Педагогтердің құқықтарын қорғауды заңнамалық тұрғыдан жетілдіру және оларды өз құзыретіне жатпайтын жұмыстардан босату басты назарда қалады. Бұл кешенді шаралар- еліміздің зияткерлік капиталын нығайтуға және білім беру теңсіздігін, әсіресе ауылдық аймақтарда жоюға бағытталған стратегиялық қадамдар.

Орта білім беру
27 февраля 2026
Сапалы білім - тең мүмкіндік: Оқу-ағарту министрлігі алқа отырысында 2025 жылдың қорытындысын жариялады

Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында еліміздің білім беру саласын дамытудың іргелі стратегиялық басымдықтары мен 2025 жылдың жетістіктері сараланды. Осы мақсатта инфрақұрылымды түбегейлі жаңғырту және оқыту стандарттарын жаңа деңгейге көтеру бағытындағы жүйелі реформалар іске асырылуда.

2025 жыл отандық білім саласы үшін «жеңістер жылы» ретінде тарихқа енді. Халықаралық аренада 1 720 оқушы бақ сынап, ел қоржынына 1 006 медаль салды. Әсіресе, робототехника, химия және физика пәндерінен қазақстандық оқушылар әлемдік деңгейде көш бастап, абсолютті чемпион атанды. Мемлекет басшысының бастамасымен биыл олимпиада жеңімпаздары мен олардың тәлімгерлеріне 100 миллион теңгеден астам сыйақы берілді, енді халықаралық ғылыми байқаулардың жүлдегерлеріне де мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады.

Мектеп инфрақұрылымын дамытуда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы шешуші рөл атқарды. Жоба аясында 460 мың орынға арналған 217 жаңа мектеп бой көтеріп, олардың техникалық жабдықталу сапасы жоғарылады. STEM-зертханалармен және инновациялық кабинеттермен жабдықталған бұл нысандардың арқасында 43 үш ауысымды және 8 апаттық мектептің мәселесі біржола шешілді. Сонымен қатар, жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен еліміздің демографиялық өсімі жоғары өңірлерінде 77 жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім алшақтығын жою -мемлекеттік саясаттың өзегіне айналды. Биылғы реновация бағдарламасы бойынша 245 мектеп жаңартылса, оның басым бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан. «Келешек мектептері» жобасының 84-і және күрделі жөндеуден өтетін 1300 мектептің 820-сы ауыл балаларына арналған. Бұл қадамдар шалғай елді мекендердегі білім сапасын арттырып, кадрлық және қауіпсіздік мәселелерін жүйелі шешуге мүмкіндік береді.

2020 жылдан бері 1,1 млн оқушыға арналған 1242 жаңа мектеп салынып, үш ауысымды мектептер санын 4 есеге қысқарды. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл инвестициялар -елдің адами капиталын нығайту мен жарқын болашаққа құйылған инвестиция болып табылады.

Орта білім беру
27 февраля 2026
Балалар саясаты 2030 жылға дейін жүйелі түрде жаңғыртылады

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы әзірленді. Құжат балалық шақ мәселелеріне бірыңғай көзқарас қалыптастырып, қолданыстағы шаралар мен бағдарламаларды тұтас жүйеге біріктіреді.

«Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – әрбір баланың білім алу, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қорғалу және отбасында тәрбиелену құқықтарын қамтамасыз ететін жүйелі әрі үйлестірілген тәсілді қалыптастыру. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін құжат балалардың қауіпсіздігін күшейтуге, психологиялық және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ ведомствоаралық үйлестіруді нығайтуға бағытталған. Қазақстан балалардың құқықтарын қорғауға арналған мақсатты ұлттық стратегиясы бар санаулы мемлекеттердің бірі», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Бүгінде елімізде 6 902 492 бала тұрады, бұл халық санының үштен бірін құрайды. Соңғы 10 жылда балалар саны шамамен 1,5 миллионға артты. Бұл инфрақұрылым мен қолдау жүйесін одан әрі нығайтуды талап етеді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік принципін енгізуге бағытталған 10 заң қабылданды. 2025 жылы заңнамаға балалардың құқықтарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті бекітетін қосымша өзгерістер енгізілді. 237 мыңнан астам бала психологиялық-медициналық-педагогикалық қолдаумен қамтылған, оның ішінде шамамен 17 мың бала үйде білім алады. Білім беру ұйымдарында 3,8 мың педагог-ассистент және 10 мыңнан астам арнайы педагог жұмыс істейді.

Балалардың тамақтануы мен санитариялық қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты енгізіліп, өнім сапасы мен санитариялық талаптардың сақталуына бақылау күшейтілді. Мектепке дейінгі білім беру саласында «Ақша балаға беріледі» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру енгізілді. Бұл тетік кезекті екі есеге қысқартуға және 21 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Елімізде 11 900 балабақша жұмыс істейді, онда шамамен 1 миллион бала тәрбиеленуде, ал мектепке дейінгі сыныптарда 163 мыңнан астам бала білім алуда.

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру балалар саясатын жүйелі дамытуға және әрбір бала үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған.

Дарынды балалармен жұмыс
04 февраля 2026
2026 жылғы 6-7 қаңтарда жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өтті.

Олимпиада қорытындысы бойынша 7 оқушы марапатталды:

  • Абай атындағы ЖОББМ - нің 10 сынып оқушысы Уахитова Назерке -2 орын, жетекшісі Аипова Д.А.;
  • №7 ОМ-нің 10 сынып оқушысы Логинова София – 2 орын, жетекшісі Жармуханбетова А.Б.;
  • Абай атындағы ЖОББМ-нің 9 сынып оқушысы Талгатова Даяна- 3 орын, жетекшісі Рахметова А.А.;
  • №8 ОМ-нің 10 сынып оқушысы Лантухова Вероника -3 орын, жетекшісі Құмар Т.Қ.
  • Ы. Алтынсарин атындағы қазақ ОМ-нің 10 сынып оқушысы Смагулов Ернұр-3 орын, жетекшісі Кудайбергенова А.Б.;
  • №4 ОМ-нің 11 сынып оқушысы Тайжанов Руслан -3 орын,жетекшісі Мадирова Г.М.;
  • Абай атындағы ЖОББМ-нің 11 сынып оқушысы Темиртас Алмас -3 орын, жетекшісі Алинова М.К.

 

Оқушылар мен жетекшілерін құттықтаймыз!!!

Тәрбие-профилактикалық жұмыстар
28 января 2026
Облыстық "Ұрпақ үні" жобасы аясында Ы.Алтынсарина атындағы орта мектебінің базасында "Бала би - Zaman Sөzi " облыстық байқауының қалалық кезеңі өтті.

Мақсаты- қазақ халқының ауызша мұрасын білуге, шешендік өнерді насихаттау арқылы сөйлеу шеберлігін игеруге ықпал ету.

Байқауға қалалық және ауылдық мектептерінің командалары қатысты.

4 айналымнан тұратын сайысқа барлық қатысушылар өздерінің шешендік қабілеттерін көрсете білді және олардың әрқайсысы жеңіске лайық екенін дәлелдеді.

Байқау қорытындысы бойынша

- 1 орын Береке ауылы ОМ- нің "Алаш қыздары" командасы иеленді

- 2 орын Б. Момышұлы атындағы ОМ-нің "Жарқын болашақ" командасы және Абай атындағы ЖОББМ-нің "Рухты жастар"командасы иеленді

- 3 орын Ы.Алтынсариннің ат ОМ-нің " Алаш ұлдары" командасы иеленді;

Барлық командалар естелік дипломдармен марапатталды.

Мектепке дейінгі білім беру
28 января 2026
2026 жылғы 28 қаңтарда «Ақсу қаласының №18 сәбилер бақшасы» КМҚК құзыреттілік орталықта, «Заманауи тәрбиешінің бала тәрбиесіндегі жаңашылдығы» тақырыбында қалалық семинар өтті.

Семинарға балабақша , шағын орталық тәрбиешілері қатысты. Семинарда Ақсу қаласының №16 сәбилер бақшасының, №18 сәбилер бақшасының, №20 сәбилер бақшасының және «Қызылжар ауылының орта мектебі» КММ жанындағы шағын орталық тәрбиешісі өз тәжірибесімен бөлісті. Педагогтер өздерінің кәсіби құзыреттілігін арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамытып, балаларға сапалы білім мен тәрбие берудегі құндылықтардың үйлесімді кіріктіру тәжірибесімен танысты.

Социальные сети
Әлеуметтік желі
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы