2024 жылғы 23 қыркүйекте Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Қ.Б. Есмағамбетовтың төрағалығымен аппараттық жиналыс өтті.
Жиналысқа Тексеру комиссиясының мүшелері, аппарат басшысы, Тексеру комиссиясы аппаратының құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Жиналыста мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, Әдеп кодексін сақтауы, лудоманиямен күрес мәселелері қаралды.
Тексеру комиссиясының әдеп жөніндегі уәкілі А.М. Кенжебаев мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің нормаларын бұзғаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті және лудоманиямен күрес саласындағы жаңа өзгерістер туралы баяндады.
Бұрын Қазақстанда құмар ойындарға қатысуға тыйым салынған тұлғалар тізімі кеңейтілген болатын. Енді бұл тізімге Бірыңғай борышкерлер тізілімінде тұрғандар ғана емес, сондай-ақ жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқаратын қызметкерлер де кіреді.
Мемлекеттік қызметшілерге, соның ішінде әскери қызметшілерге, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ бюджеттік ұйымдардың басшыларына құмар ойындарға және бәстерге қатысуға тыйым салынған. Бұл шектеу мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын және қоғамның оларға деген сенімін арттыруға бағытталған.
Аппараттық жиналыста сондай-ақ жұмыс уақытынан тыс уақыттағы мінез-құлық, киімдегі іскерлік стильді сақтау, қызметтік автокөлікті пайдалану және басқа да бірқатар мәселелер қаралды.