Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі Әсел Берікқызы Әбдірахманова ағымдағы жылдың 28 мамырында Көкшетау қаласы бюджетінің атқарылуы туралы 2023 жылғы жылдық есепті бекіту мәселесі бойынша Көкшетау қаласы мәслихатының кезекті сессиясына қатысты.
Көкшетау қаласының әкімі Ғайса Б.С. мәслихат сессиясында тиісті баяндама жасады.
Депутаттардың назарына Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының 2023 жылғы Көкшетау қаласы бюджетінің атқарылуы туралы есебіне қатысты қорытындысы ұсынылды.
Жалпы, тексеру комиссиясы 2023 жылы Көкшетау қаласы бюджетінің атқарылуының негізгі параметрлерге қол жеткізгені туралы атап өтті. Алайда, инфляция деңгейін төмендету шараларына қарамастан, азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар бағасының өсуі тіркелген.
Әлеуметтік салада қала бюджетінің негізгі үлес білім беру және денсаулық сақтау жүйесіне тиесілі. Сонымен қатар, халықтың қатерлі ісікпен, туберкулезбен ауру көрсеткіші артты. Оларды азайтуда облыс орталығы тұрғындарының тұрғылықты жері бойынша емханалардың жұмысы маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында берілген емханалардың жұмысына қатысты проблемалар атап өтілді.
Жоғары тұрған бюджеттен алынған трансферттер жалпы шығын көлемінің 26%-ын құрады, бұл бюджеттің өзін-өзі қамтамасыз етуінің жеткіліксіздігін және жоғары тұрған бюджетке тәуелділіктің жыл сайын өсуін көрсетеді.
Дебиторлық қарыз 16%-ға (1 млрд. 528 млн. теңге), кредиторлық қарыз 51,9%-ға (123 млн. теңге) өсті.
Бюджеттік инвестициялық жобаларды салуға қаражаттың 2,5 есе ұлғаюымен даму бюджеті үлесінің өсуі байқалады. Алайда, бюджеттік бағдарламалардың жауапты әкімшілері қаражатты уақтылы және тиімді пайдалануды қамтамасыз етпеген, аяқталуы жоспарланған 94 бюджеттік инвестициялық жобаның 28-і (30%) аяқталған, 66-сы (70%) аяқталмаған.
Уақытында аяқталмаған бюджеттік инвестициялық жобалардың едәуір санының болуы олардың сапасыз жоспарлануынан, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігінен, олармен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылының әлсіздігінен туындады. Мұның бәрі бюджеттік инвестициялық жобалардың айтарлықтай қымбаттауына және облыс орталығы тұрғындарының өмір сүру сапасының артуына кедергі келтіреді.
Көкшетау қаласының шоғырландырылған қаржылық есептілігінде 36 млрд. 540 млн. теңге көлемінде бұрмалау анықталып, осы себепті Көкшетау қаласының шоғырландырылған қаржылық есептілігінің анықтығына ескертпелі пікір білдірілді. Сонымен қатар, шоғырландырылған қаржылық есептілік пайдаланушыларға, соның ішінде Көкшетау қаласының тұрғындары үшін де сенімді және қолжетімді болуы тиіс.
2023 жылғы Көкшетау қаласы бюджетінің орындалуы туралы есепті қарау қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясы жоғарыда аталған және басқа да ескертулерді ескере отырып, оны бекітуді ұсынды.


