Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі Азамат Қалбекұлы Ибикенов ағымдағы жылдың 27 мамырында Атбасар аудандық мәслихатының 2021 жылғы Атбасар ауданы бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті бекіту мәселесі жөніндегі кезекті сессиясының жұмысына қатысты.
Депутаттар назарына 2021 жылғы Атбасар ауданы бюджетінің атқарылуы туралы есепке Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясының қорытындысы ұсынылды.
Қорытындыда 2021 жылға арналған аудан бюджетінің орындалуының негізгі проблемалық мәселелері атап өтілді, аудан бюджетінің кірістері мен шығыстарына талдау жасалды. Бюджетті атқару кезінде кемшіліктердің бар екендігі көрсетілген.
Аудан бюджетінің атқарылуын бағалау қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясымен ҚР заңнамасының талаптарын сақтау, бюджет жүйесінің қағидаттарын сақтау, сондай-ақ бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тиімді пайдалануды қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар берілді.
Айта кету керек, бұған дейін Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес әкімдік уәкілеттік берген тұлға аудандық бюджеттің (облыстық маңызы бар қаланың) атқарылуы туралы мәслихат сессиясында баяндама жасаған болатын.
Ағымдағы жылдан бастап Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес 2021 жылғы маусымда мәслихат жылдық есепті қараған кезде әкімнің не оны алмастыратын адамның аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттің атқарылуы туралы баяндамасын тыңдайды.
Осы құқықтық новеллаға сәйкес Атбасар ауданы мәслихатының сессиясында аудан әкімі Қалжанов Аманбек Әмірхамзаұлы тиісті баяндама жасады.
Жалпы, аудан бюджеті Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясының ескертулері мен ұсынымдарын ескере отырып бекітілді.




