Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру үшін «100 нақты қадам» стратегиялық жоспарында жаңашылдық көзделген, атап айтқанда – «Этика мәселелері жөніндегі уәкіл лауазымын енгізу». Стратегиялық құжаттың осы тармағын іске асыру әрбір мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыруға бағыттала отырып, жалпы мемлекеттің имиджіне жақсы әсер етеді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Республикасы әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда көптеген табыстарға қол жеткізді. Осы уақыт ішінде Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму Стратегиясында белгіленген міндеттерді мерзімінен бұрын орындап, мемлекеттің алдына 2050 жылға дейін әлемдегі бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына кіру мақсатын алға қойды.
Осы бағытта Әдеп жөніндегі уәкілге жүктелетін функциялар мынадай негізгі бағыттар бойынша топтастырылған: этикалық нормалардың бұзылуының алдын алу, мемлекеттік қызметшілерге этикалық нормаларды қолдану мәселелері бойынша кеңес беру, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, ұжымда жағымды моральдық-психологиялық климатты қалыптастыру
Әдеп жөніндегі уәкіл - қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қамтамасыз ету және мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың бұзылуының алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Этикалық кодексі бойынша қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес беретін мемлекеттік қызметші. Мемлекеттік орган басшыларының әділдігіне (мүдделер қақтығысы) негізделген күмән туғызатын, лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше орындамауына әкеп соғуы мүмкін мән-жайлар болған кезде әдеп жөніндегі уәкіл өз қызметін дербес негізде жүзеге асырады. Әдеп жөніндегі уәкіл өз қызметінің нәтижелері бойынша уәкілетті органға есеп береді. Есептерді ұсыну нысаны мен мерзімдерін уәкілетті орган бекітеді. Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілерді және өзге де азаматтарды оның функцияларына жатқызылған мәселелер бойынша, олар өтініш жасаған жағдайда не жалпыға ортақ шолу үшін қолжетімді жерлерде орналастырылған кестеге сәйкес айына кемінде бір рет қабылдауды жүзеге асырады. Қажет болған жағдайда азаматпен немесе мемлекеттік қызметшімен әңгімелесу телефон арқылы не ақпаратты тиісті түрде беруді қамтамасыз ететін басқа да коммуникация құралдарын пайдалана отырып жүргізілуі мүмкін. Заңнамада белгіленген тәртіппен әдеп жөніндегі уәкіл туралы мәліметтер, оның ішінде тегі, аты-жөні, фотосуреті, кабинет және телефон нөмірлері мемлекеттік органның интернет-ресурсында және мемлекеттік органның ғимаратында баршаға көрінетіндей жерлерде орналастырылады. Қызметтік этика нормаларының сақталуына, сондай-ақ ұжымдағы моральдық-психологиялық климаттың жай-күйіне мониторинг жүргізу мақсатында әдеп жөніндегі уәкіл жарты жылда кемінде бір рет уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша құпия түрде сауалнама жүргізеді.
Әдеп жөніндегі уәкілге қызметкерлер мен азаматтар кеңес алуға, проблемалық жағдайларды реттеуге, әріптестермен өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетуге жүгіне алады.
Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясында Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары аппарат басшысы – Ақниет Маралұлы Кенжебаевке (Көкшетау қаласы, Сәтпаев көшесі 1 Б, 316 кабинет, тел.8 (7162)72-14-33) жүктелген.
Этикалық бақылау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктерін үнемі жетілдіру мемлекеттік қызметтің оң имиджін нығайтуға және мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге жағымды әсер етеді.
Мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының негізгі стандарттарын белгілеу және олардың сақталуын жүйелі бақылау - халықтың мемлекетке сенімін арттыруға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен қызмет этикасы нормаларын бұзушылықтардың алдын алуға ықпал ететін болады.