Астанада «Сайлау қорытындылары және жаңа Құрылтайдың келбеті» тақырыбында SARAP сарапшылар клубының отырысы өтті.
Жиында сайлаудың ресми қорытындысы мен Құрылтайдың алғашқы құрамын жасақтау ерекшеліктері қаралды.
Сарапшылар жаңа депутаттар құрамына қатысты қоғамның күтетін өзгерістері, оның сапалық құрамы, заң шығару жұмысы және азаматтық қоғаммен байланысы жөнінде пікір алмасты.
Отырысқа сарапшылар мен ғылыми орта өкілдері, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар және коммуникация саласының мамандары қатысты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Ақтөбеде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған SARAP сарапшылар клубының көшпелі отырысы өтті.
Жиында сайлау науқанының аралық қорытындысы, қоғамдық-саяси үдерістердің барысы және азаматтардың сайлауға қатысу белсенділігі талқыланды. Сондай-ақ ақпараттық жұмыс, саяси партиялардың сайлаушылармен байланысы және дауыс беру қарсаңында азаматтардың белсенділігін арттыру мәселелері сөз болды.
Отырысқа сарапшылар, ғалымдар, зерттеушілер, сондай-ақ азаматтық қоғам және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған «Адам және оның өмір сүру сапасы: сайлау күн тәртібіндегі басымдықтар» тақырыбында «Sarap» сарапшылар клубының отырысы өтті.
Сарапшылар азаматтардың өмір сүру сапасы және бұл мәселенің қоғамдық-саяси күн тәртібінде көрініс табуы жөнінде пікір алмасты. Халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және адами капиталды дамыту мәселелеріне баса мән берілді.
Сонымен қатар қазіргі басымдықтардың жаңа Конституцияда бекітілген әлеуметтік құндылықтармен, азаматтардың алдағы сайлаудан күтетін нәтижелерімен сәйкестігі талқыланды. Сайлау кезеңінде жүргізілетін әлеуметтанулық зерттеулердің маңызына да ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында сарапшылар азаматтардың әлеуметтік сұраныстарын жүйелі түрде ескеру, кері байланыс тетіктерін жетілдіру және қоғамдық-саяси күн тәртібін қалыптастыруда сенімді әлеуметтанулық деректерді пайдалану маңызды екенін атап өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Маңғыстау облысында «Caspian Sea Action Week – 2026» халықаралық волонтерлер апталығы қорытындыланды. Жабылу рәсіміне мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар, экологтар, волонтерлер, жастар көшбасшылары, сондай-ақ Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген делегациялар қатысты.
Апталық аясында «Бір Каспий – бір болашақ» сараптамалық сессиясы, «Caspian Clean Challenge» халықаралық экологиялық марафоны, «Достық аллеясының» ашылу рәсімі, сондай-ақ экологиялық, мәдени-ағартушылық және жастарға арналған бірқатар іс-шара өтті.
Апталықтың басты оқиғаларының бірі – халықаралық «Caspian Hackathon» байқауы болды. Оған қатысушылар экология және орнықты даму салаларындағы жобаларын ұсынды. Жабылу рәсімінде байқау жеңімпаздары жарияланып, үздік шешімдердің авторлары марапатталды.
Сонымен қатар іс-шара барысында волонтерлердің «Volunteers of the World» халықаралық гимні алғаш рет таныстырылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Астанада «Азаматтық қоғам және ТДМ: 2030 жылға дейінгі мақсаттарға қол жеткізуді жеделдету» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) іске асыруда мемлекет пен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысын күшейту мәселелері сөз болды. Іс-шара Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі үйлестіру кеңесінің 2026 жылға арналған жоспары аясында ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелге мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Тараптар ТДМ-ны іске асыруға, оның орындалуын бақылауға және қорытындысын бағалауға азаматтық қоғамды кеңінен тарту мәселелерін талқылады.
Бүгінде Қазақстанда 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олар әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, адам құқықтары, жастарды қолдау, гендерлік теңдік және жергілікті қауымдастықтарды дамыту салаларында жұмыс істейді.
Сонымен қатар жиында бюджет жоспарлау кезінде гендерлік теңдік қағидаттарын ескеру, мемлекеттік шешімдердің қоғамға әсерін бағалау және мемлекеттік органдар арасындағы бірлескен жұмысты күшейту мәселелері қаралды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленді. Оларды Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында қарау жоспарланған.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Павлодар облысында қолжетімді және инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған EduBridge: Global Volunteer Forum for Inclusive Learning халықаралық волонтерлер форумы өтіп жатыр. Іс-шараға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь және Қырғыз Республикасынан келген сарапшылар мен волонтерлік ұйымдардың өкілдері жиналды.
Форумның екінші күні Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде ұйымдастырылып, жиында экологиялық волонтерлікті дамыту мәселелері айтылды. Эко-тимбилдинг аясында қатысушылар экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолдарын талқылап, тәжірибе алмасты. Кездесудің негізгі тақырыбы – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы.
Мұндай іс-шаралар экологиялық жауапкершілік құндылықтарын дәріптеуге, волонтерлік қозғалыстың аясын кеңейтуге және мемлекет, азаматтық қоғам мен халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінде БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі Элизабет да Коштамен кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар азаматтық қоғамды дамыту, адам құқықтарын қорғау және Министрлік пен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар бірлескен бастамаларды жүзеге асыру, азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастықты нығайту және тәжірибе алмасу мәселесі сөз болды.
Министрлік өкілдері азаматтық қоғамды нығайту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Осы бағытта елімізде заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасауға және адам құқықтарын қорғаудың ұлттық тетіктерін жетілдіруге бағытталған реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Кездесу соңында тараптар азаматтық қоғамды дамыту және адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды ілгерілету бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Ташкент қаласында «Орталық Азия елдерін тұрақты дамытудағы азаматтық қоғамның рөлі: деректер, болжамдар және бірлескен бастамалар» тақырыбында Орталық Азияның азаматтық қоғам форумы өтті.
Форумға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның азаматтық қоғам ұйымдарының, мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдарының өкілдері мен сарапшылар қатысты.
Жиын барысында Орталық Азия елдерін тұрақты дамытудағы азаматтық қоғамның рөлі туралы өңірлік баяндама таныстырылды.
Таныстырылым барысында сарапшылар Қазақстанның азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік қолдау тәжірибесіне жоғары баға берді. Атап айтқанда, елімізде 18 мыңға жуық белсенді үкіметтік емес ұйым жұмыс істейтіні, олардың 98 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отырғаны айтылды. Сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бөлінетін қаржының 60 пайыздан астамы халыққа әлеуметтік маңызы бар қызметтер көрсетуге бағытталатыны аталып өтті.
Бүгінде еліміздегі 300 мыңнан астам азаматтың басын қосқан волонтерлік қозғалыс қоғамдық белсенділіктің жарқын көрінісі саналады.
Алдағы уақытта Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін бағалайтын арнайы индикатор енгізу, сондай-ақ 2030 жылға қарай осы көрсеткішті Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы республикалық жіктеуішіне енгізу жоспарланып отыр.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, озық тәжірибелермен алмасуға және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы – IVY 2026 деп жариялады. Қазақстан ұсынған бастама БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің тарапынан қолдау тауып, волонтерлік қозғалыстың жаһандық дамуына жаңа серпін берді.
IVY 2026 бастамасын жүзеге асыруға Латын Америкасы елдері де белсенді атсалысып келеді. Атап айтқанда, Колумбия, Мексика, Гватемала, Чили және Перуде мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам ұйымдарының арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ұлттық жоспарлар әзірленді.
Сонымен қатар волонтерлік ұйымдар мен волонтерлерді тіркеуге арналған цифрлық платформаларды дамыту, осы саланың инфрақұрылымын жетілдіру бағытында
жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өңір елдері халықаралық әріптестікті кеңейтуге де айрықша мән беріп отыр.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Жамбыл облысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Жиынға Қоғамдық кеңес төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских жетекшілік етті. Іс-шара Жамбыл облысының Қоғамдық кеңесімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Отырысқа Жамбыл облысы әкімдігі аппаратының басшылығы, түрлі деңгейдегі қоғамдық кеңестердің мүшелері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кеңес барысында конституциялық реформаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Әсіресе заң үстемдігі және әділдік қағидаттарын Конституция деңгейінде бекітілуінің маңызы аталып өтті.
Сондай-ақ жиында мемлекет пен азаматтық қоғам институттары арасындағы байланысты нығайту мәселелері сөз болды.
Күн тәртібіне сәйкес Халықаралық волонтерлер жылы аясында атқарылып жатқан жұмыстар, «Ұлттық цифрлық мұра» жобасының жүзеге асырылуы, музей ісін дамыту және архив қорларын цифрландыру мәселелері бойынша баяндамалар тыңдалды.
Жиында Жамбыл облысының музей қорларындағы этнографиялық мұраны және материалдық емес мәдени құндылықтарды сақтау, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мен қалпына келтіру, сондай-ақ Ұлттық архив қоры құжаттарын цифрландыру мәселелеріне баса мән берілді.
Отырыс қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылданып, алдағы жұмыстардың негізгі бағыттары айқындалды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі