
2017 жылғы 23 мамырда ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі А.Нүкенов волонтерлік қызмет мәселелері бойынша БҰҰ Еріктілер бағдарламасының үйлестірушісінің орынбасары Т. Курбановпен кездесті.
Кездесу барысында А.Нүкенов Т.Курабновқа Қазақстандағы волонтерлік қозғалыстың дамуына қатысты министрілктің қызметі туралы ақпарат берді.
«Волонтерлік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы депутаттық корпустың бастамашылығымен әзірленді. Волонтерлік қызмет саласындағы уәкілетті орган болып табылатын ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі бүгінгі таңда елдегі волонтерлік қызметті дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
А.Нукеновтың айтуы бойынша қазіргі таңда «Экспо-2017» «Болашақ энергиясы» халықаралық арнайы көрмесіне арналған іс-шараларды ұйымдастыруға, шағын қаллардың тұрақты дамуы бойынша жобаларға және тұрақты дамудың мақсаттарын жүзеге асыруға еріктілер кеңінен тартылған. Сондай-ақ, «Министрлік Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұсынған «Туған жер» бағдарламасын іске асыру толықтай еріктілердің әлеуетін пайдалануды көздейді.
Өз кезегінде, Т.Курбанов БҰҰ Еріктілер бағдарламасының қызметі туралы ақпарат берді.
БҰҰ Еріктілер бағдарламасы 1970 жылы БҰҰ Жобалары мен Бағдарламаларын, соның ішінде, әсіресе, қоғамдық қолдау мақсатымен құрылған БҰҰ жүйесінің қосымша мекемесі болып табылады. БҰҰ Еріктілер бағдарламасы қызметінің маңызды бағыттарының бірі – еріктілік қозғалысы арқылы тұрақты даму мен бейбітшілікке септігін тигізу. БҰҰ Ерікиілері кедейлікті қысқартады, босқындармен, балалар мен мүгедектермен жұмыс істейді, білім беру мен денсаулық сақтау, тұрақты даму, тиімді басқару, гендерлік теңдік пен әйелдердің құқықтарын қорғау салаларында еңбек етеді.
Кездесу барысында Т.Курбанов волонтерлік қызмет туралы заң елдердің барлығында жоқ екенін атап өтті. «Қазақстан кадрлық әлеуетке ие мемлекет ретінде өз тәжірибесімен бөлісе алады. Әр мемлекеттің өз ерекшелігі бар, сондықтан әр мемлекеттің тәжірибесі пайдалы бола алады», - деді Т.Курбанов.
Екі жақ Қазақстандағы еріктілікті дамытуда бұдан әрі серіктестік туралы келісті.