
Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов Ақмола облысы Арнасай елді мекенінде «Болашаққа қадам» республикалық жобасы аясында өткен бизнес-жобалар жәрмеңкесіне барды.
«Жұмысқа орналастыру қызметін ұйымдастыру» жобасын Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің гранты негізінде «Әйел сәулесі» қоғамдық бірлестігі «Қазақстанның волонтерлар альянсы» заңды тұлғалар бірлестігімен бірлесіп жүзеге асыруда.
Жобаның негізгі мақсаты жаңа жұмыс орындарын құру және «Болашаққа қадам» республикалық байқауы нәтижесінде іріктелген елді мекендердегі бизнес-жобаларды жүзеге асыру арқылы ауыл тұрғындарын жұмысқа орналастыру.
Қазақстанның барлық аймағынан түскен 144 өтінімнің ішінен 30 үздік бизнес-идея таңдап алынды. Финалдық кезеңнің қатысушылары өз жобаларын бизнес-жобалар жәрмеңкесі барысында сарапшылар алдында қорғады.
Шараның салтанатты ашылуында Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов аталған жобаның өзектілігін, оның ішінде ауыл тұрғындары үшін маңызды екенін атады.
«Жалпы, ағымдағы жылы Министрліктің қолдауымен әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған 588 млн теңгені құрайтын 55 грант жүзеге асырылуда. Азаматтарды жұмысқа орналастыру механизмін жетілдіруге бағытталған жоба бір уақытта кәсіпкерлік белсенділікті және елді мекен тұрғындарының әлеуметтік жауапкершілігін қолдауымен ерекшеленеді. Мұндай жобалар мемлекеттік органдардың және бизнес қауымдастықтың қолдауын қажет етеді", - деп атап өтті вице-министр.
Қорытындысын шығарғаннан кейін 20 шілде күні екі номинация бойынша жеңімпаздар анықталып, қаржылық қолдауы 500 мың теңгені құрайтын «Бизнесті бастау» және қаржылық қолдауы 700 мың теңгені құрайтын «Бизнестің өсуі» гранттарын алады.