Нұрлан Ермекбаев Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қызметімен танысты

 Нұрлан Ермекбаев Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қызметімен танысты

Бүгін, 20 қазан күні ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамында болды.

Сапар барысында министр орталықтың қызметімен танысып, ұжыммен кездесті. Кездесу аясында министр орталықты одан әрі дамыту жолындағы бірқатар басым бағыттарды атап өтті.

«Орталық жобаларды жүзеге асыру және қаржыландыру процесінің ашықтығын қамтамасыз етуді жалғастыруы қажет. Грантқа ілікпеген ұйымдарға ақпарат беруі тиіс. Ол үшін арнайы алаңдарды ұйымдастырып, грантқа үміткер ұйымдарға өздерінің іске асырған жобаларының нәтижелерін көрсетуге мүмкіндік беру қажет», - деп атап өтті Нұрлан Ермекбаев.

Министр атап өткендей, орталық мемлекеттік емес гранттарды беру және грант тағайындайтын шетелдік ұйымдардың қызметін тәжірибе ретінде қарастырып, зерделеуі қажет.

«Демеушілерді және бизнес қоғамдастықты гранттық қаржыландыруды жүзеге асыруға тарту бойынша жұмыстарды жандандыру қажет», - деді Нұрлан Ермекбаев.

Министр алға қойылған міндеттерді нәтижелі орындау мақсатында  30-31 қазан күндері Атырау қаласында өтетін «Асар»  I республикалық үшжақты серіктестік форумына қатысып, осының аясында ұйымдастырылатын ынтымақтастық алаңдарын барынша тиімді пайдалануды ұсынды. 

Өз кезегінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Нұрлан Өтешев орталық қызметінің негізгі бағыттары туралы, атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы жоспарлары туралы хабардар етті.

Еске сала кетейік, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы 2016 жылдың ақпан айында құрылған болатын. Оның негізгі міндеті үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік гранттар бөлу және олардың орындалу сапасын бақылау болып табылады.