
Халықаралық волонтерлер күні қарсаңында еліміздің барлық аймақтарында «Волонтер болу оңай!» атты қысқы мейірімділік апталығы басталды.
Апта аясында 100-ден астам қайырымдылық акциясы өткізілді, оған 1 мыңнан астам волонтерлер қатысты.
Мысалы, Астана қаласы мен Қарағанды облысында 130 мүмкіндігі шектеулі жанға, оның ішінде 30 балаға қайырымдылық көмек көрсетілді.
«Ардагер тайм», «Ардагерлерге – мың тағзым!», «Игі істер өлкесі!», «Ардағым-Ардагерім» акциялары шеңберінде 1 мыңнан астам ҰОС ардагерлері мен жалғызбасты зейнеткерлерге азық-түлік пакеттері мен қажетті заттар түрінде көмек көрсетілді.
Сонымен қатар, волонтерлер Ақтөбе мен Жетісу облыстарындағы 2 балалар үйіне барды. Осы балалар үйінің 65 тәрбиеленушісіне концерттер және түрлі байқаулар өткізілді.
Қостанай, Қызылорда және Павлодар облыстарында «Ыстық шәй» және «Кел, шәй ішейік» акциясы өткізіліп, оның аясында 150-ден астам коммуналдық қызмет қызметкерлері ыстық шәймен қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ, Шымкент қаласында, Қостанай және Қызылорда облыстарында «Мен донормын» акциясы өтіп, оған 180-нен астам волонтер қатысты.
Вандализмнен зардап шеккен нысандарды тазарту бойынша 20-дан астам акция өткізілді. 70 нысан, оның ішінде 14 тарихи ескерткіш тазартылды.