
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы үкіметтік емес ұйымдарға арналған жалпы сомасы 965 млн.теңгені құрайтын 87 мемлекеттік гранттарға байқау жариялаған болатын. Жобаларды жүзеге асыруға арналған қаржы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі тарапынан бөлінген.
Жеңімпаздар байқау комиссиясының отырысының шешімі барысында анықталды. Жалпы сомасы 735,4 млн. теңге бөлінген 63 тақырып бойынша 147 үкіметтік емес ұйымнан 251 өтініш байқау комиссиясының қарауына жіберілген болатын.
«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Нұрлан Өтешевтің айтуынша, келіп түскен барлық өтініштерді конкурстық комиссияның сарапшылары қарайды. Орталық тек қана өтініштердің Ережеде және бекітілген Жоспардың талаптарына сай болуын тексереді, әлеуметтік маңызды жобалардың сапалы орындалуын бақылайды.
Байқау комиссиясының құрамында танымал қоғам қайраткерлері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар мен басқа да азаматтық қоғам институттарының өкілдері бар.
Байқау комиссиясының мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сейдумановтың айтуынша, биылғы өтінімдердің сапасы былтырғыға қарағанда, анағұрлым жоғары болған.
«2017 жылы байқау комиссиясы мүшелерімен біраз өтінімді сапасынының төмендігі үшін қайтарған болатынбыз. Биыл мұндай тәжірибе қайталанған жоқ»,- деп атап өтті С. Сейдуманов.
Қазір қалған 23 тақырып бойынша барлығы 176,5 млн. теңге көлемінде келесі байқау өтіп жатыр. Өтініштер 2018 жылдың «16» сәуіріне дейін Астана қаласының уақыты бойынша 18.00-ге дейін қабылданады.
2018 жылдағы бірінші байқауда мемлекеттік гранттарға ие болған ұйымдардың тізімі Азаматтық бастамаларды қолдау Орталығының http://cisc.kz сайтында жарияланатын болады.