
ҮЕҰ-бизнес-мемлекеттің «ASAR» үшжақты ынтымақтастық II республикалық форумы «Өңірлердің тұрақты дамуына жергілікті қоғамдастықтардың қосқан үлесі» тақырыбы бойынша ағымдағы жылдың 21-22 маусымында Талдықорған қаласында өтеді.
Форум жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік мәселелерді шешуде бизнес, үкіметтік емес сектор және мемлекеттік органдардың күш-жігерін белсенді етуге бағытталған.
Форум жұмысына ҚР Парламентінің депутаттары, бизнес құрылымның, отандық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығының, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады деп күтілуде.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі форум аясында «Өңірлерге арналған әлеуметтік бастамалар», «Жергілікті өзін-өзі басқару тұрақты дамудың негізі» және «Жергілікті қоғамдастық және инновация» тақырыптары талқыланатынын хабарлады.
Екі күндік форум шеңберінде панельдік сессиялар, мастер-класстар, case-stady семинарлары, практикумдар және дебаттар өткізіледі. Іс-шараларды өткізу үшін 13 алаң ұйымдастырылады және сарапшылар, оның ішінде 3 шетелдік сарапшы шақырылатын болады.
Сонымен қоса, asarprojects.kz әлеуметтік идеялар платформасында ҮЕҰ жобалары таныстырылады. Бүгінгі күні әлеуметтік жобалар платформасына қатысу үшін конкурс аяқталды. Барлығы 203 өтінім келіп түсіп, оның ішінен 125 жоба іріктеліп алынды.
Айта кетейік, осындай платформа алғаш рет былтырғы жылы Атырау облысында ҮЕҰ-бизнес-мемлекеттің «ASAR» үшжақты ынтымақтастық I республикалық форумында ұйымдастырылған болатын. Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесін өткізу барысында 137 өтінім түсіп, оның 12 жобасы кәсіпкерлерден қолдау тапты.
Сонымен қоса, жыл сайын форум шеңберінде ҮЕҰ, бизнес және мемлекеттік органдар арасында меморандумға қол қою рәсімі өткізіледі. Былтыр өткізілген «ASAR» форумының нәтижесі бойынша 8 құжатқа қол қойылды, оның ішінде ҮЕҰ мен бизнес арасындағы серіктестік туралы 7 меморандумға және Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен «Атамекен» ҰКП арасында серіктестік келісіміне қол қойылды.
Форумның ұйымдастырушылары Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Алматы облысының әкімдігі, «Атамекен» ҰКП және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ҰАҚ болып табылады.