Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана өзіне көрнекті жазушының есімі берілгеніне 10 жыл толуын атап өтті. Осы уақыт ішінде кітапхана дәстүрлі рухани орталықтан заманауи технологияларды меңгерген, оқырманға жаңа мүмкіндіктер ұсынатын мәдени-ағартушылық кеңістікке айналды.
2016 жылғы 31 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 637 қаулысына сәйкес Өскемен қаласындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне Оралхан Бөкейдің есімі берілді. Содан бері кітапхана ұжымы жазушының рухани мұрасын насихаттап, оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттыруға және кітапхана қызметін заман талабына сай дамытуға күш салып келеді.
Мерейтой аясында «Оралхан Бөкеймен - 10 жыл!» атты салтанатты шара өтіп, мәдениет ошағының осы кезеңде жүзеге асырған жобалары мен жетістіктері таныстырылды. «10 жыл - 10 жетістік» атты бейнематериалда кітапхананың даму жолы, жаңа бастамалары мен оқырманға ұсынған мүмкіндіктері көрініс тапты.
Кітапхананың маңызды жобаларының бірі - BOKEY.KZ электронды кітапханасы. Бұл платформа Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылығын сақтауға, зерттеуге және кеңінен насихаттауға бағытталған. Жобаның арқасында жазушының әдеби мұрасын цифрлық форматта танып-білуге мүмкіндік туды. Бұл - қаламгер шығармаларын кейінгі ұрпаққа жеткізудің және оларды оқырманға қолжетімді етудің заманауи жолы.
Бүгінде кітапхана жұмысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктеріне ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстанда 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы да осы бағыттағы бастамалардың маңызын арттыра түсті.
Кітапханада оқырманның сұрақтарына жауап беруге арналған чат-бот жұмыс істейді. Ал «Digital Fashion» жобасы виртуалды сән әлемін ұсынып, жастардың шығармашылыққа деген қызығушылығын жаңа форматта дамытуға мүмкіндік береді.
Балаларға арналған мультстудия да ерекше назар аударуға тұрарлық. Мұнда жас оқырман алдымен өздері таңдаған кітапты оқып, оның кейіпкерлері туралы мультфильмдер жасай алады. Осылайша кітап оқу шығармашылық үдеріспен ұштасып, балалардың қиялын, ойлау қабілетін және цифрлық дағдыларын дамытуға жол ашады.
Кітапхана мамандары фотосуреттерді жандандыру технологияларын да қолданады. Соның нәтижесінде жазушы Оралхан Бөкейдің бұрынғы фотосуреттері түрлі түске боялып, жаңа сипатта ұсынылды. Бұл тәсіл тарихи жадыны жаңғыртып қана қоймай, қаламгердің өмірі мен тұлғасын жас буынға жақынырақ танытуға мүмкіндік береді.
Кітапхана ұжымы заманауи технологияларды тек өз жұмысында қолданумен шектелмейді. Қызметкерлер тұрғындарға жасанды интеллект құралдарын тегін меңгеруге көмектесіп, семинарлар мен шеберлік сабақтарын өткізіп келеді. Осындай бастамалар цифрлық сауаттылықты арттыруға, жаңа технологияларды күнделікті өмірде тиімді пайдалануға ықпал етеді.
Бұдан бөлек, кітапхана мамандары тәжірибе алмасуға және кәсіби білімді жетілдіруге де мән береді. Биыл 29-30 маусымда мұнда «Болашақтан қорықпау: жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхана» атты Орталық Азия кітапханашыларының халықаралық конференциясы өтті. Әр түрлі елдер мен Қазақстанның өңірлерінен келген мамандар кітапхана саласындағы жаңа үрдістерді, жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктерін және цифрлық дәуірдегі мәдени-ағартушылық мекемелердің рөлін талқылады.
Бұл бастамалар кітапхананың тек ақпарат сақтайтын орын емес, жаңа білім мен технологияны меңгеруге жағдай жасайтын ашық алаңға айналып келе жатқанын көрсетеді.
Кітапхана қызметіндегі маңызды бағыттың бірі - жазушының шығармашылығын насихаттау. Оралхан Бөкейдің туындылары туған өлкенің табиғатын, адам болмысын, ұлттық дүниетаным мен рухани құндылықтарды терең бейнелеуімен ерекшеленеді. Сондықтан қаламгердің есімін иеленген кітапхана үшін оның әдеби мұрасын сақтау ғана емес, оны жаңа буынға заманауи тәсілдермен таныстыру да маңызды.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласының көшелерін аралап, жол жөндеу барысымен және жаңа тұрғын үй кешендері маңындағы абаттандыру жұмыстарының жай-күйімен танысты. Негізгі назар көлік қозғалысын жеңілдетуге, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға аударылды.
Алдымен Әлия Молдағұлова мен Халықтар достығы көшелерінің қиылысындағы жол құрылысы тексерілді. Мұнда Күлeнов кентінен Самар тасжолына шығатын қосымша жолдың құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа жол тұрғындардың қатынауын жеңілдетіп, әсіресе таңертең Әлия Молдағұлова көшесінде қалыптасатын кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта негізгі жұмыстар орындалып, асфальт төселген. Бордюрлерді орнату және іргелес аумақты ретке келтіру жұмыстары қалған.
Аймақ басшысы мердігерлерге құрылысты созбалаңға салмай, сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ іргелес жол учаскелеріндегі шұңқырларды жөндеп, теміржол өткелдері арқылы көліктің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
«Қосымша жолдар көлік қозғалысын оңтайландырып, тұрғындардың жолға жұмсайтын уақытын қысқартуға көмектеседі. Сонымен қатар кептелісте тұрған көліктердің азаюы ауа сапасына да оң әсер етеді. Сондықтан жұмысты сапалы орындап, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Ауа райы мүмкіндік беріп тұрған кезде барлық кемшілікті жою қажет», - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Бұдан бөлек, облыс әкімі Қ.Сәтбаев даңғылының бойымен Самар тасжолына қарай салынған жаңа жолды қарап шықты. Бұл учаске де қаладағы көлік ағынын реттеуге және жол желісінің өткізу мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Жұмыс сапары барысында жаңа тұрғын үй кешендерінің айналасын абаттандыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бейбітшілік пен Қайсенов көшелерінің қиылысында орналасқан «Золотой квадрат» тұрғын үй кешені мен «Тұмар групп» компаниясының нысандары маңындағы жағдай қаралды.
Қалада жаңа көпқабатты тұрғын үйлердің салынуы тұрғын үй қорын кеңейткенімен, оған ілеспе инфрақұрылымды алдын ала жоспарлау қажеттігін де көрсетеді. Атап айтқанда, автотұрақтардың жеткіліктілігі, үйлерге кіріп-шығатын жолдардың қолайлылығы және аулалардағы қауіпсіз қозғалыс тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер етеді.
Осыған байланысты аталған аумақтағы тұрғын үй кешендері бойынша пәтер санын, жобада қарастырылған автотұрақ орындарын және іргелес жолдарға түсетін нақты жүктемені қамтитын толық ақпарат жинау тапсырылды. Жиналған мәліметтер негізінде полиция мен жауапты қызметтердің қатысуымен жеке кеңес өткізіліп, қалыптасқан жағдайды шешу жолдары қарастырылмақ.
Облыс әкімінің айтуынша, тұрғын үй құрылысы мен аумақты абаттандыру жұмыстары өзара сабақтас жүргізілуі керек. Жаңа үйлердің маңындағы жолдар, автотұрақтар мен жаяу жүргіншілерге арналған кеңістік тұрғындардың қажеттілігіне сай ұйымдастырылуы тиіс.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге жол құрылысы мен абаттандыру жұмыстарының сапасын бақылауды күшейтіп, анықталған мәселелерді уақтылы шешу міндеттелді.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңір құтқарушыларын кәсіби мерекесі - Құтқарушылар күнімен құттықтады.
«Құтқарушылар күні құтты болсын! Қиын сәтте көмекке келіп, адам өмірін сақтап қалу жолында жанқиярлықпен қызмет ететін құтқарушылардың еңбегі әрдайым зор құрметке лайық. Ең күрделі жағдайларда осы саланың мамандары қиындыққа тап болған жандарға қол ұшын созып, адамдардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етеді. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға береке тілеймін. Еңбектеріңіз жемісті болып, халықтың құрметі мен алғысы әрдайым өздеріңізге көрсетілген ең жоғары марапат болсын!» - деді аймақ басшысы.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінде 1 450 адам еңбек етеді. Жыл басынан бері департамент бөлімшелері 4 мыңға жуық жедел шақыртуға шығып, 1 100-ден астам апаттық-құтқару жұмысын жүргізді. Нәтижесінде 145 адам құтқарылып, тағы 160 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Жыл сайын техника паркі жаңартылып, жұмысқа жаңа әдістер енгізілуде.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Сурет: ШҚО ТЖД
Шығыс Қазақстан облысында қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудандарда жедел басқару орталықтарын құру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа жүйе полиция жұмысының тиімділігін арттырып, құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Эльдар Қарсақбаев айтып өтті.
Оның айтуынша, жедел басқару орталықтарын аудан деңгейіне дейін дамыту Қазақстан Республикасының Президенті тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда. Орталықтардың негізгі міндеті - «102» арнасына келіп түсетін хабарламаларды қабылдау мен тіркеуді автоматтандыру, сондай-ақ полиция күштері мен құралдарын жедел басқару.
Аудан орталықтарының әрқайсысында 77 бейнебақылау камерасы орнатылған. Камералардан алынған бейне облыстық орталық пен Ішкі істер министрлігіне жіберіледі. Бұл қоғамдық орындардағы жағдайды бақылауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау үшін әр аудан орталығында бес автоматтандырылған құқық бұзушылықты тіркеу кешенін орнату көзделген. Олар жолдағы жағдайды бақылап қана қоймай, көлік құралдарының қозғалысын тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл іздеуде жүрген немесе қылмыстық істерге қатысы болуы мүмкін көліктерді жедел анықтауға көмектеседі.
Бейнебақылау жүйелері бейнеаналитика және тұлғаларды тану функцияларымен де жабдықталған. Жүйеде жинақталатын деректер қылмыстарды ізін суытпай ашу кезінде жедел талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, әуеден патрульдеу, іздестіру және жедел-іздестіру іс-шараларында пайдалану үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары қарастырылған.
Алдағы уақытта «аудан - облыс - орталық» деңгейінде ведомствоаралық цифрлық радиобайланыс жүйесін енгізу жоспарланып отыр. DMR стандартына негізделген бұл жүйе полиция, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық ұлан, Қылмыстық-атқару жүйесі және денсаулық сақтау саласының құрылымдарын өзара байланыстыруға мүмкіндік береді.
Эльдар Қарсақбаевтың айтуынша, цифрлық шешімдерді енгізу - қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Заманауи технологияларды тиімді пайдалану және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алып, тұрғындар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға болады.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ
Шығыс Қазақстан облысының спортшылары халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсетіп, өңір мерейін үстем етті. Семсерлесуден Қазақстанның ерлер құрамасы Әлем кубогында алтын медаль жеңіп алса, «Алтай Өскемен» футбол клубы Қазақстан Премьер-лигасындағы орнын сақтап қалу үшін маусымның шешуші ойындарына дайындық жүргізуде.
Семсерлесуден Қазақстанның ерлер құрамасы 2026-2027 жылғы маусымдағы Әлем кубогының алғашқы алтын медалін иеленді. Мароккода өткен халықаралық турнирдің финалында қазақстандық спортшылар Ресей құрамасынан 45:40 есебімен басым түсіп, жарыс жеңімпазы атанды.
Ұлттық құрама сапында Шығыс Қазақстан облысының спортшылары Кирил Павлов, Вадим Шарлаимов және Кирилл Проходов өнер көрсетті. Олардың халықаралық додадағы табысы - өңір спорты үшін зор мақтаныш.
Қазақстан құрамасы жарыс барысында жоғары дайындық деңгейін, шеберлік пен жеңіске деген жігерін танытты. Алғашқы айналымда Түркия құрамасын 45:20 есебімен ұтқан отандастарымыз 1/8 финалда Гонконг спортшыларын 45:28 есебімен жеңді. Ширек финалда Мысыр құрамасынан 45:40 есебімен басым түсіп, жартылай финалда Франция командасын дәл осындай есеппен жеңді. Ал финалда Ресей құрамасына қарсы тартысты бәсекеде 45:40 есебімен жеңіс жалауын желбіретті.
Осылайша, қазақстандық семсерлесушілер бес кездесудің барлығында жеңіске жетіп, Әлем кубогының алтын жүлдесін қанжығалады.
Аймақ спортындағы тағы бір маңызды жаңалық - «Алтай Өскемен» футбол клубының Қазақстан Премьер-лигасындағы кезекті ойыны болды. Қазақстан чемпионатының 23-туры аясындағы кейінге шегерілген матчта өскемендік команда «Атыраумен» кездесіп, 1:1 есебімен тең түсті.
Ойынның 33-минутында «Алтай Өскемен» шабуылшысы Ибрагим Дадаев есеп ашып, командасын алға шығарды. Алайда матчтың соңғы минуттарында өскемендік клуб ойыншыларының бірі алаңнан қуылды. Сан басымдығына ие болған қарсылас көп ұзамай есепті теңестірді. Нәтижесінде командалар бір-бір ұпайдан еншіледі.
Маусым аяқталуға жақын қалды. Сондықтан «Алтай Өскемен» үшін қалған екі кездесудің маңызы ерекше. Команда 25 қазанда өз алаңында «Елімаймен» кездессе, 30 қазанда Алматыда «Қайратқа» қарсы ойнайды.
Бұл матчтардың нәтижесі клубтың Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу жолындағы мүмкіндіктеріне тікелей әсер етеді. Осыған байланысты команда алдағы ойындарда бар күшін салып, қажетті ұпайларды жинауды көздейді.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Шығыс Қазақстанның «BEREL» волейбол командасы Қазақстан Ұлттық лигасының алғашқы матчында петропавлдық «QUANYSH» клубын 3:2 есебімен жеңді. Кездесу тартысты өтіп, жергілікті ойыншылар шешуші сәтте табандылық танытты.
Команданың жеңісі жанкүйерлер үшін ерекше қуанышты жаңалық болды. Өйткені «BEREL» сапында алаңға тек жергілікті ойыншылар шықты. Алғашқы партияларда қарсыласына есе жіберген шығысқазақстандық волейболшылар ойынның соңына дейін күресіп, таразы басын өз пайдасына аудара алды.
Әсіресе төртінші партиядағы тартыс есте қаларлықтай болды. Қарсылас команданың матчты аяқтауға үш мүмкіндігі болғанына қарамастан, «BEREL» ойыншылары сол сәттерде жігер танытып, есепті теңестіріп, жеңіске жол ашты. Бұл нәтиже команда мүшелерінің алаңдағы үйлесімді ойыны мен психологиялық дайындығын көрсетті.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов волейболшыларды жеңісімен құттықтап, олардың ойынына жоғары баға берді.
«Өзім де волейболды жақсы көремін. Қарсыласқа жеңіске жету үшін бір ғана ұпай қажет болған сәтте ойынға қайта жинақталып, күресті жалғастырудың қаншалықты қиын екенін білемін. Жарайсыңдар, жігіттер! Бұл - жаттығудағы табанды еңбектерің мен бапкерлеріңнің қажырлы жұмысының жемісі», - деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, 18 қазанда командалар қайта кездеседі. Матч сағат 18:00-де Жекпе-жек сарайында өтеді. Кіру тегін.
Жанкүйерлерді жергілікті «BEREL» командасына қолдау көрсетуге шақырамыз!
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Рухани келісім күні – түрлі ұлт өкілдері мен діни сенімдегі азаматтарды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыратын, қоғамдағы диалогты, өзара түсіністікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған мереке.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында 11 конфессияны біріктіретін 148 діни бірлестік жұмыс істейді.
Мереке қарсаңында облыс орталығында рухани көшбасшылардың, діни бірлестіктер мен қоғам өкілдерінің, сондай-ақ жастар ұйымдары мүшелерінің қатысуымен форум өтті.
Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында айтыс өнерінің көрнекті өкілі, халықаралық және республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін бас жүлдегері, жыршы-термеші Серік Құсанбаевтың «Дариға-ай, дәурен!» атты шығармашылық кеші өтті.
Рухани кешке Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Ұлттық сөз өнерінің қадірін арттырып, қазақтың жыр дәстүрін жалғап келе жатқан ақынның шығармашылығына арналған кеш өнерсүйер қауымның басын қосты. Ән мен жырға, өлең мен күйге ұласқан тағылымды шарада ақынның өнер жолы сараланып, айтыс өнерінің асыл мұрасы дәріптелді.
Серік Құсанбаев - суырыпсалмалық өнерімен, ұтқыр ойы және ұшқыр жыры арқылы көрерменнің ыстық ықыласына бөленген жан.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанған Әділетті Қазақстан идеясы мен айтыс өнерінің өзегіндегі ақиқат пен әділдікке ұмтылу – бір-бірімен үндес құндылықтар».
Айтыскер ақын, жыршы-термеші, әрі қаламгер-журналист ретіндегі сан қырлы талантыңыз қазақ мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосты. «Байғыз», «Жырлаумен өткен 20 жыл», «Көкдауыл», «Дүбірге толы дүние» және «Байбура ашуы» атты туындыларыңызда заман тынысы мен елдік мұрат көрініс тауып, оқырман қауымның жоғары бағасына ие болды. Бүгінде жас ақындарға тәлім беріп, айтыс дәстүрінің сабақтастығын сақтауға елеулі еңбек сіңіріп келесіз. Алдағы уақытта да қаламыңыз қарымды, ойыңыз ұшқыр, шабытыңыз шалқар болсын!», - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Кеш барысында көрермен ақынның өмірі мен шығармашылық жолынан сыр шертетін бейнебаянды тамашалады. Әдеби-сазды бағдарлама аясында ақындар айтысы өтіп, дәстүрлі әндер шырқалып, күмбірлеген күй шертелді.
Шығармашылық кешке «Алтын домбыра» иегерлері Бекарыс Шойбеков пен Аспанбек Шұғатай, ақындар Елена Әбдіхалықова, Ардабек Ақбаба, Серік Қуанғанұлы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Еркін Шүкүмән және өзге де өнерпаздар қатысты.
Әр өнер иесінің орындауындағы туындылар кештің мазмұнын байытып, жиылған жұртқа ерекше әсер сыйлады. Ақын туындыларынан туған ой мен сезім, ән мен күйдің әуезі ұлттық өнердің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын рухани сабақтастығын тағы бір мәрте танытты.
Кештің қорытынды бөлімінде Серік Құсанбаевтың орындауындағы «Достарға» әні шырқалды. Ақынның өз орындауындағы ән шығармашылық кездесудің әсерлі түйініне айналып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Республика күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысында 2026 жылғы 17 қазаннан 27 қазанға дейін қоса алғанда «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары өтеді. Бұл күні тұтынушыларға түрлі тауарлардың кең таңдауы төмендетілген бағамен ұсынылатын болады.
Мерекелік ұсыныстардың ең қызу кезеңі 21–27 қазан аралығына жоспарланған. Дәл осы күндері акциялардың негізгі бөлігі, арнайы бағалық ұсыныстар мен мерекелік жеңілдіктер болады. Сатып алушылар азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды тиімді шарттармен сатып ала алады.
Жалпыреспубликалық науқанның бастамашылары - Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар.
Акцияларды өткізу ұлттық мерекеге орайластырылған және халық үшін қажетті тауарлардың қолжетімділігін арттыруға, тұтынушылық сұранысты қолдауға және ішкі саудаға қосымша серпін беруге бағытталған. Отандық өндірушілердің өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылады.
Шығыс Қазақстан облысында «Republic Day» және «Bereke Fest» акцияларына қатысатын сауда нысандарының толық тізімімен және олардың мекенжайларымен төменде танысуға болады.
«Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акцияларына қатысатын сауда нысандарының тізімі:
"Maxi Mall" СОО Өскемен қаласы, қ. Сәтбаев даңғылы, 51;
"АДК" СОО Өскемен қ., Бажов к-сі, 110;
"АДК" СОО Өскемен қ., Қазақстан к-сі, 62;
"Император" СҮ, Өскемен қ. Әуезов даңғылы 28;
Альшемали СҮ Өскемен қ., Мызы к-сі 16/1;
" Фараон " СҮ Өскемен қ., Қазақстан к-сі, 159;
" Фараон " СҮ Өскемен қаласы, қ. Сәтбаев даңғылы, 39;
"ТНП" сауда орталығы құрылыс материалдары дүкені Өскемен қаласы, қ. Сәтбаев даңғылы, 39;
"ТНП" сауда орталығы құрылыс материалдары дүкені Өскемен қаласы, Сәтбаев даңғылы, 39;
"Тропик" СҮ Риддер қ., Гоголь к-сі, 37;
"Добрострой" СҮ Алтай қаласы, Бурнашов бульвары, 22.
Акцияға қатысатын супермаркеттердің тізімі (Bereke Fest):
"Колос" СЖ Өскемен қаласы, Әуезов даңғылы, 15;
"Волна" СЖ Өскемен қ., Қ. батыр к-сі, 114;
"Magnum" СЖ Өскемен қаласы, Қаныш Сәтбаев даңғылы, 16/1;
"Magnum" СЖ Өскемен қаласы, Жібек Жолы көшесі, 1;
"Magnum" СЖ Өскемен қ., Жеңіс даңғылы, 10;
"A-Store" СЖ Өскемен қаласы, Қаныш Сәтбаев даңғылы, 51;
"A-Store"СЖ ADK River, Өскемен қ., Қазақстан к-сі, 62"
"A-Store" СЖ Өскемен қ., "Валентина" СҮ"
"A-Store" СЖ Өскемен қ., Бажов к-сі, 110"
"A-Store" СЖ Өскемен қаласы, Бағдат Шаяхметов көшесі, 13;
"A-Store" СЖ Өскемен қаласы, Қаныш Сәтбаев даңғылы, 15 Б;
"City Center" СЖ Өскемен қаласы, Виноградов көшесі, 17а;
"La Central" СЖ Өскемен қаласы, Н. Назарбаев даңғылы, 6;
"Апельсин" СЖ Риддер қ., Қонаев к-сі, 23;
"Алтай Маркет" СЖ Өскемен қаласы, Жібек жолы көшесі, 44.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Өскеменде «Туған жер – алтын бесігім» облыстық жобасы аясында Риддер қаласының мәдени күндері өтіп жатыр. ШҚО филармониясындағы көрме мен концертті тамашалауға тұрғындармен бірге Шығыс Қазақстан әкімі Нұрымбет Сақтағанов та барды.
Риддер - өндірісімен ғана емес, бай тарихымен, қайталанбас табиғатымен және талантты адамдарымен ерекшеленетін шаһар. Көрмеде оның бүгінгі тыныс-тіршілігі, дәстүрі мен даму бағыттары паш етілді. Қонақтарды кіреберісте интерактивті робот қарсы алып, экспозицияның алғашқы сәтінен-ақ ерекше көңіл күй қалыптастырды.
Сирек кездесетін басылымдар, кітаптардан жасалған инсталляциялар мен голограммалар ұсынылды. Ал «Чемодандағы Риддер» композициясы қаланың ерекшеліктерін өзгеше форматта таныстыруға мүмкіндік берді. Келушілер жергілікті өндірушілердің өнімдерімен, қолөнер шеберлерінің бұйымдарымен де танысты.
Риддердің көркем табиғаты да көрменің маңызды бөлігін құрады. Мұнда жануарлар экспонаттары, дәрілік шөптер, сирек кездесетін өсімдіктер мен шырғанақтың түрлі сұрыптары таныстырылды. Табиғи шикізаттан жасалған өнімдер қалада жергілікті ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған бастамалардың бар екенін көрсетті.
Көрменің ең мазмұнды бағыттарының бірі - Риддер қаласындағы №1 мектеп-лицей оқушыларының инновациялық жобалары болды. Жас зерттеушілер экология, денсаулық, тұрмыс және цифрлық технологиялар саласындағы мәселелерге қатысты өз шешімдерін ұсынды.
Мәселен, SteepWrap жобасы биологиялық ыдырайтын қаптама материалын жасауға бағытталған. Оқушылар материалдың беріктігі мен суға төзімділігін зерттеп, оның компостта ыдырау ерекшеліктерін және тұқымдардың өнуіне ықпалын зерделеп жүр. Жобаның түпкі мақсаты - дәстүрлі қаптамаға экологиялық балама ұсыну.
Ары қарай бағдарлама гала-концертпен жалғасты. Шығармашылық қойылымдар мен заманауи сахналық шешімдер үйлескен концерт Риддердің мәдени тынысын кеңінен танытты.
Бағдарламадағы ерекше жаңалықтардың бірі - микрофондарды сахнаға жеткізу үшін екі дронның қолданылуы. Концертті қазақ және орыс тілдерінде жасанды интеллект жүргізді. Сонымен қатар көрермендерге интерактивті QR-ойын ұсынылды. LED-экрандарда көрсетілген сұрақтар арқылы қатысушылар Риддер туралы білімдерін сынап, сыйлықтар алды. Мультимедиалық безендіру мен бейнетрансляция да кештің мазмұнын толықтырды. Осылайша, қала өнері мен мәдениеті заманауи технологиялардың мүмкіндіктерімен ұштастырылды.
Енді ертең сағат 08:00-де «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығының аумағында риддерліктердің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Онда жергілікті өндірушілер мен кәсіпкерлердің өнімдері нарықтағы бағадан қарағанда арзанға ұсынылады.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).