ШҚО-да арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау басталды

ШҚО-да арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау басталды

Қазақстанның барлық өңірлерінде 2025 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды міндетті түрде лицензиялау енгізілді. Бұл жаңалық халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту аясында жаңа Әлеуметтік кодекс нормаларын іске асырудың бір бөлігі болды. Бұл туралы ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Динара Қожанова Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында хабарлады.

Лицензиялауға меншік нысанына қарамастан барлық мекемелер жатады. ШҚО-да мұндай ұйымдар саны – 36, оның ішінде 9 – үкіметтік емес, 27 – мемлекеттік мекеме. Бұл орталықтар халықтың әртүрлі санаттарына қызмет көрсетеді: қарт адамдарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, ерекше қажеттіліктері бар балаларға және өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға. Тек аумақтық орталықтар арқылы 2024 жылы 5800-ден астам адам көмек алды, оның ішінде 418-і – ерекше балалар.

Өңірде қызмет көрсету процестерін цифрландыру пилоттық режимде «Socium» платформасы арқылы басталды, бұл жұмыс 2024 жылдың қазан айынан бері жүргізілуде, ал лицензияға өтінімдер Aleumet.egov.kz порталы арқылы қабылданады. Қазіргі таңда 27 ұйым лицензия алды.

Сонымен қатар, бұрынғы жалпы тарифтердің орнына жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшу жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, нормативтерді есептеу әдістемесі әзірленіп, қызмет көрсету сапасын мониторингілеу жүйесі дайындалған, ал орталықтардың өзі жаңа қаржыландыру жағдайларына бейімделу кезеңінен өтуде.

Мұндай шаралар көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, бюджеттік шығындардың ашықтығын қамтамасыз етуге және әлеуметтік қолдау жүйесін азаматтардың нақты қажеттіліктеріне көбірек бейімдеуге мүмкіндік береді деп күтілуде.