Қазақстанның энергетиктері жылыту маусымының нәтижелі аяқталғанын және алдағы ауқымды жаңғырту жұмыстары жайында хабарлады

Қазақстанның энергетиктері жылыту маусымының нәтижелі аяқталғанын және алдағы ауқымды жаңғырту жұмыстары жайында хабарлады

Біз газ бен көмір өндіру ісіндегі мүмкіндіктерімізді, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздерінің әлеуетін толық пайдалануымыз керек, – деген болатын Мемлекет басшысы IV Ұлттық құрылтайда.
Қазақстан Үкіметінің қабылдаған шараларының нәтижелі болғанын 2024–2025 жылғы жылумен жабдықтау бойынша күзгі-қысқы маусым күрделі ақауларсыз өткенінен байқауға болады.
Маусымға дайындық кезіндже 10 энергетикалық блок, 55 қазандық және 45 турбина күрделі жөндеуден өтіп, ЖЭО және жылу желілеріндегі жоғары тозуды азайту процесін бастауға мүмкіндік берді. Электр станцияларындағы технологиялық бұзушылықтар саны 27%-ға (1 070-тен 782 жағдайға) азайса, температуралық графикті сақтамау жағдайлары 3,3 есеге (215-тен 65 жағдайға) қысқарды.
Маңызды жетістік ретінде 12 ЖЭО жағдайының жақсаруын атап өтуге болады: 9-ы “қызыл” аймақтан “сары” аймаққа, ал 3-еуі “сары” аймақтан “жасыл” аймаққа өтті. Нәтижесінде “қызыл” аймақта 10 ЖЭО қалды (бұрын 19), “сары” аймаққа 17 ЖЭО (бұрын 11), “жасыл” аймаққа 10 ЖЭО (бұрын 7) өтті. Көрсеткіштерін жақсартқандардың қатарында Өскемен, Риддер, Жезқазған, Екібастұз, Балқаш, Атырау, Кентау және басқа станциялар бар.
2024 жылы 771 МВт жаңа қуат енгізілді.
Энергетика министрлігі электр энергиясы үшін шекті тарифтерді қайта қарады, электр қуаты нарығындағы шекті тарифті арттырды және қайтарылатын инвестициялардың жылдық лимитін ұлғайтты.
2024 жылы қабылданған шаралар жөндеу жұмыстарына қаржыландыруды өткен жылмен салыстырғанда 44%-ға арттырып, 327 миллиард теңгеге жетуге мүмкіндік берді.
Алдағы жылыту маусымына дайындық басталып кетті: 10 энергетикалық блок, 63 қазандық және 39 турбинаның жөндеу жұмыстары жоспарланған, оның бір бөлігі қазіргі уақытта жүргізілуде. Өңірлердегі 66 жылу орталығында 53 қазандықтың жөндеуі мен реконструкциясы жоспарланған.
Күн жылынған соң 17 мың шақырым электр желісі мен 323 шақырым жылу магистралін жаңарту басталады.
Ұлттық энергетикалық модернизация жобасы аясында 77,5 мың км электр желілері мен 1,6 мың км жылу желілері жаңартылатын болады, жалпы бюджеті 4 трлн теңге. 2029 жылға дейін бұл электр желілерінің тозуын 45%-ға, жылу желілерінің тозуын 42%-ға азайтуға мүмкіндік береді. Генерация саласында 7,3 ГВт жаңа қуат енгізу жоспарлануда, соның ішінде қолданыстағы станцияларды жаңарту және жаңа станциялар салу да бар. 2029 жылға дейін 29 жобаны аяқтап, электр станцияларының орташа тозуын 40%-ға дейін азайту жоспарланған.
Жаңартылатын энергия көздерін дамыту басым бағыт болып қала береді: 2024 жылы 153 нысан 7,58 млрд кВт•сағ (жалпы өндірістің 6,43%-ы) өндірді. 8 жаңа станция (163,35 МВт) іске қосылды, ал 2025 жылдың соңына дейін тағы 9 ЖЭК жобасы іске қосылады (455,5 МВт). 2025 жылдың ақпан айында Қарағанды облысында қуаттылығы 50 МВт жел электр станциясы іске қосылды.
2025 жылы ЖЭК жобалары бойынша аукциондарға 1 810 МВт қуат ұсынылды, оның ішінде: жел электр станциясы – 1 200 МВт, күн электр станциясы – 90 МВт, гидроэлектр станциясы – 500 МВт, биоэлектр станциясы – 20 МВт.
Осылайша, Қазақстанның энергетика саласы сенімді жылумен жабдықтауды, ауқымды жаңғыртуды және «жасыл» энергетиканың өсуін үйлестіре отырып, тұрақты дамуға қол жеткізуде.