Семейде Абай күні аталып өтуде

Семейде Абай күні аталып өтуде

Бүгін елімізде Абай күні тойлануда. Семейде осы мәнді күннің құрметіне ұлы ойшыл ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Осыған орай қалаға ШҚО әкімі Даниал Ахметов келді. Облыс басшысы жергілікті ақсақалдармен бірге ескерткіштің етегіне гүл шоқтарын қойып, жаңартылған Абай алаңын аралап көрді. Өңір басшысы атқарылған жұмыстарға оң баға берді.

Бүгінгі күні мұнда көгалдар жаңартылып, заманауи брусчатка төселді, саябақ шамдары ауыстырылды, ескерткіштің көркемдік жарығы орнатылды, ескерткішке жалпы косметикалық жөндеу жүргізілді, балалар және спорт алаңдары орнатылды.

Жалпы, бүгінгі күні мерекелік шараларға бай. Бүгін Абай ауданында ШҚО шығармашылық ұжымдары мен солистерінің қатысуымен «Абайға тағзым» атты концерттік бағдарлама өтеді. Жергілікті телеарналарда Жидебайдағы Абай мұражай-үйінен тікелей эфирлер өтіп жатыр. Әр сағат сайын Қазақстанның түрлі өңірлерінен мәдениет және өнер қайраткерлері Абай өлеңдерін оқитын бейнероликтер көрсетілуде. Сонымен бірге «Абай-Шәкәрім» кесенесі бойынша онлайн-экскурсиялар өткізіліп, Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесімен тақырыптық ғылыми-практикалық онлайн конференциялар, семинарлар мен телекөпір өткізіледі. Көрермендер Абай мұражайының экспонаттарымен де онлайн таныса алады.