Шығыс Қазақстан облысының әкімі Катонқарағай ауданына іссапары барысында аудандық полиция бөліміне барды.
Бұндағы қызметкерлер еңбе ететін бас ғимарат өткен ғасырдың 70-шы жылдары салынған. Пайдалануға берілген уақыттан бері нысанда бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Аудандық полиция ғимаратының мүшкіл жағдайын көрген облыс басшысы алдағы уақытта бұл нысанның толықтай жөнделетіндігін жеткізді.
- Жақында тиісті қаражат бөлінеді. Барлығы ойдағыдай болса, ғимарат толықтай қалпына келтіріледі. Тоз-тозы шыққан ғимаратта қызметкерлердің жұмыс жасауы да қиын. Сондықтан, орын алған мәселе оңды шешіледі, - деді Ермек Көшербаев.
Өзінің жұмыс сапарын облыс әкімі аудандық ауруханада аяқтады. Бұнда ол мекеме ұжымымен кездесіп, ауруханадағы науқастардың ем алатын бөлмелерін аралап, медициналық қамтылуы жағдайымен танысты.
- Ауданымыз жыл басынан бері қайта жанданып, бойына қан жүгірді. Аудан орталығы расымен де дамып келеді. Ауызсу, жылу тартылып, тұрғын үйлер салынып, жолдары жөнделіп, қыруар жұмыс атқарылуда, - деді ауданның құрметті ақсақалдарының бірі, еңбек ардагері Жомартхан Абырайымов.
Сондай-ақ өңір басшысы ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау, білім беру, құқық қорғау, тағы да басқа салалар бойынша жұмысқа жас мамандарды тарту үшін ең алдымен оларға тиісті жағдайдың жасалуы қажеттілігін атап өтті.