
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев жұмыс сапарымен Зайсан ауданында болып, «Майқапшағай» кеден бекетінің жұмысымен танысты. Кең көлемде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан бекетке заманауи жабдықтар орнатылып, жаңа ғимараттар салынбақ. Сондай-ақ, көршілес елден келетін көліктер мен жолаушыларды қабылдау реті де ұлғаймақ.
– Бізге нақты есептеулер мен болжамдар қажет. Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір ашыла салысымен, осы кеден арқылы өтетін көліктер саны да артады. Сондықтан, біз осы орайда инвестициалық потенциалды арттыру бойынша жобалар жасап, өндірістік сауда кешендерін құру қажет, – деді аймақ басшысы.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі сондай-ақ «MIGLIOR» минералды суы мен сусындар шығаратын «ARNNA MINERALS» кәсіпорынында болып, басшыларымен кездесті. Аймақ басшысы атап өткендей, болашақта «Altay» атауын жеке бренд түрінде де қарастырып, дамыту қажет. Ол үшін Қатонқарағай сынды аудандардан филиал ашып, аймақ ішінде кең көлемде дамытып, жоба жасаған жағдайда мемлекет тарапынан толыққанды қолдау болатынын жеткізді.
Зайсан ауданының ғана емес, облыстың сауда, инвестиция саласында потенциалын арттыратын жоба халықаралық жүк әуежайы болмақ. Зайсан ауданы Қарабұлақ ауылдық округі Сатпай ауылында құрылысы жоспарланған әуежайдың бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Сонымен қатар, Зайсан қаласындағы жолаушы әуежайын қайта жаңғырту жобасы қарастырылуда.