
ШҚО орманшылары квадракоптерлермен және жетондармен қамтамасыз етіледі
Аумақты әуеден шолып, жағдайды бағалауда және адам аяғы жетуі қиын орманды алқаптың проблемалық учаскелерін бақылауда жеңіл болу үшін орманшылар қажетті құрылғылармен қамтамасыз етіледі.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев өңірдегі орман шаруашылығы қызметкерлерін шағын квадракоптерлермен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыруға тапсырма берді.
– Квадракоптерді ұшырып жібересіз де 200-300 метр жердегі аумақты шолып шығасыз. Мұндай құрылғылар аса қымбат емес, бірақ адам аяғы жетуі қиын аумақтарды әуеден бақылауға таптырмас көмекші, - деп атап өтті Ермек Көшербаев облыс әкімдігінде өткен жиында.
Қазір ШҚО ТЖД балансында тоғыз ұшқышсыз ұшу аппараты бар.
Сондай-ақ аймақ басшысы орманшыларды полиция қызметкерлерінікі сияқты бейнежазба камерасы бар жетондармен қамтамасыз ету қажет деп есептейді.
Бұған дейін облыс әкімі дәл осындай құрылғылармен медицина қызметкерлерін қамтамасыз ету мәселесін қарастыру жөнінде тапсырма берген болатын.