
Енді шығысқазақстандық спортшылар Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында еліміздің намысын қорғайтын болады.
Айта кетейік, көшпенділер ойындарының республикалық іріктеу кезеңінің финалы Елордада ұйымдастырылған. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған командалар арасында өткен жарыс аса тартысты өрбіді. Арқан тартыстан алғаш рет жалауын желбіреткен республикалық жарысқа Шығыс Қазақстан облысының ерлер командасы қатысқан еді. Және бұл байрақты бәсекеде жерлестеріміз намысты қолдан бермей, бас жүлде – бір миллион теңгенің сертификатын жеңіп алды. Шешуші айқаста біздің жігіттер Қостанай облысының құрамасынан басым түсті. Бұл сында үздік үштікті Ұлытау облысының командасы түйіндеді.
Жоғарыда айтқанымыздай, республикалық жарыста топ жарған жерлестеріміз енді көшпенділер ойындарына дайындықтарын бастамақ. Еске салайық, кезекті, бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары биылғы 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.