
Аймақта қатты аяз әлі бірнеше күн тұрмақ. Осыған орай облыстағы барлық құзырлы орган күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Жағдай облыс басшылығының тікелей бақылауында. Бұл туралы брифингте облыс әкімінің баспасөз хатшысы Елжан Қайырханов мәлім етті. Шығыс Қазақстанға аяз келгелі шамамен бір аптадай уақыт болды. Бүгінде облыстың басым бөлігінде сынап бағаны –35-40, ал кей өңірлерде –50 градусты көрсетуде. «Қазгидрометтің» мәліметінше, аяздың беті әлі бірнеше күн қайтпады. Тек сенбіден ары қарай күн біртіндеп жылына бастайды. Ал 24-29 ақпан аралығында аймақта қалың қар жауып, боран соғады, деп болжайды мамандар. Бұл күндері ауа температурасы –5 және –10 градус аралығында болмақ. – Жалпы өңірдегі жағдай тұрақты және облыс әкімінің тікелей бақылауында. Жолдар бойынша ақпарат берсек, қазір республикалық және облыстық маңызы бар жолдар толықтай ашық. Тек таңғы уақытта қар көшкінінің түсінуіне байланысты Өскемен-Рахман қайнары бағытындағы автожол жабылған болатын. Қазір жолды қардан тазалау жұмысы жүргізілуде. Түнгі уақытта республикалық және облыстық маңызы бар жолда дизельді жеңіл автокөлік, жолаушы және жүк көліктерінің жүруіне шектеу қойылған. Сондай-ақ Ұлан ауданының Төменгі Тайынты, Бетқұдық және Марқакөл ауданының Шанағатты, Балықтыбұлақ ауылдарына апаратын жолдар жабық. Шанағатты ауылына жол бүгін ашылады, – деп мәлім етті Е.Қайырханов. Баспасөз хатшысы сонымен қатар қолайсыз ауа райына байланысты облыстағы білім мекемелері түгел қашықтан оқытуға көшкенін хабарлады.