
Алакөлдің шығыс жағалауы туристерді 13 маусымнан бастап қабылдай бастайды.
Биылғы маусымның өзгешелігі коронавирус инфекциясына байланысты демалушылардың қауіпсіздігі, денсаулығына басымдылық берілуінде. Себебі мұндағы қыдыру-демалу және жағалау аймақтары тығыз орналасқандықтан, инфекция жұқтырып алу мүмкіндігі де жоғары.
Осыған орай арнайы мониторингтік топ күн сайын демалыс базалары мен тамақтану орындарын бақылап, тексеруді, арнайы жадынамаларды таратуды қолға алған.
Арнайы мониторингтік топ бүгінде 175 демалыс базасын тексеріп үлгерген. Алайда оның 59-ы ғана әзірге демалушыларды қабылдауға дайын.
- Маусымның ашылуына толығымен дайынбыз. Базаға келетін әр демалушының дене қызуын өлшеп, қолдарын антисептикпен залалсыздандырады. Тек содан кейін ғана біздің аумаққа өте алады, - дейді «Алатау» демалыс базасының иесі Гүлнар Абылғазинова.
Биыл мұнда кәсіпкерлер арнайы дайындық актісі арқылы ғана жұмыстарын бастай алады. Айта кетейік, демалыс базалары мен тамақтану орындарының сыйымдылығы бір мезгілде 50%-тен аспауы тиіс.
Үстелдердің шеткі орындары арасы кемінде 2 метр болуы тиіс. Адамдар көп жиналатын жерлерде, жаяу жүруге арналған арбатта маскалық режим және әлеуметтік қашықтық, бір отбасы мүшелерін қоспағанда, қатаң сақталуы керек. Ал жағалауда суға шомылу мен демалудың арнайы тәртібі көрсетілген белгілер қойылған.
Жағалаудағы Туристтік ақпараттық орталықта «Демалушы сауалнамасы» жүргізіледі. COVID-19-ға тексерілген анықтама нәтижесі теріс әрі өту мерзімі жарамды болған жағдайда демалыс орындарына орналастырылады. Айта кетерлігі, зерттеу нәтижесі отбасының бір мүшесінде болса жеткілікті.
- Барлық демалыс базалары санитарлық-эпидемилогиялық норманы толығымен сақтауы тиіс. Одан бөлек демалушылардың COVID-19 талдауынан тексерістен өтті деген анықтама керек. Бұл туралы барлық демалыс базаларына, туристік компанияларға айтылды, ескертілді және олар демалушыларға жолдамаларды сатып аларда осы талаптарды айтып, түсіндіруі шарт. Ал арнайы мониторингтік топ маусым бойы жұмыс істейді, - дейді ШҚО бас санитарлық дәрігері Марат Исмаилов.