
Шығысқазақстандық студенттер әлеуметтік желі және мессенджерде контентті саралап, онлайн-буллингке тосқауыл қоятын бағдарлама жасап шыққан.
Бүгін ШҚО әкімі Ермек Көшербаев облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының есебі аясында аймақтың жас стартапер мамандарымен кездесті. Кездесу аясында КАЕУ студенттері Аян Хасенов, Данил Тюлкин және Данил Федотов өздерінің «Nortrom» жобасын ұсынды. Аталмыш бағдарлама нейрожүйе арқылы ғаламтор желісінде агрессивті контент түрлерін жедел анықтап, балағат сөздерге тосқауыл қояды. Бағдарлама бірнеше тілде, соның ішінде қазақ тілінде де жұмыс жасайды.
– Жобаны әлі де жетілдіріп, бірыңғай платформа жасаған дұрыс. Білікті мамандармен ақылдасып, қолдау білдіруге лайықты жоба деп ойлаймын. Оның үстіне бұл бағдарлама балалары әлеуметтік желіде жиі отыратын ата-аналар үшін таптырмас дүние, - деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев.
Сондай-ақ, жас өнертапқыштар облыс әкімін кибербуллингке шектеу қойып, онлайн-платформаларда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін инновациялық-сандық жобамен таныстырды.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
ШҚО-да оқушы бүкірліктің алдын алатын «алқа» ойлап тапты
Шығысқазақстандық оқушы Әбілмансұр Жүніскенов бүкірліктің алдын алып, денені тік ұстауға бейімдейтін құрылғы ойлап тапқан.
Жас өнертапқыштың айтуынша, қазірде ондай құрылғылар корсет күйінде көптеп шығарылып, қолданылып келеді. Алайда, ол денені қысып, бұлшық еттің дамуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан оны мойынға тағатын жеңіл корректор ретінде құрастырған.
– Қазіргі заманның жастарына қажетті өте қызықты жоба. Дегенмен, заманауи медицина саласына сай жетілдіріп, нейрохирург мамандармен ақылдасқан жөн, – деді оң бағасын берген аймақ басшысы Ермек Көшербаев.
Бүгін аймақ басшысы облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының есебі аясында аймақтың жас стартапер мамандарымен кездесіп, жобаларымен танысты.