
Біз жаңа, 2024 жылға қадам басқалы тұрмыз. Бұл мереке кемел келешекке деген сенімді арттырады.
2023 жылы баршамыз жақсы жаңалықтармен қатар, ауыр кезеңдерді бастан кештік.
Өткен қыста Риддерде жылу электр орталығында үлкен апат болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл стратегиялық нысанды қысқа мерзімде іске қосу жөнінде тікелей тапсырма берген болатын.
Үкіметтің қолдауымен, жергілікті энергетик мамандардың күшімен біз Президент тапсырмасын орындадық. Бұл – шығысқазақстандықтардың береке-бірлігінің көрсеткіші.
Өткен жылдың тағы бір ерекшелігі – Глубокое және Алтай аудандары тұңғыш рет өз әкімдерін сайлады. Бұл қоғамның жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді.
Бірнеше күн бұрын маңызды оқиғаның куәсі болдық: құрылысшылар соңғы аралықтарды орнату жұмыстарын аяқтап, Бұқтырма арқылы өтетін технологиялық көпірді жалғады.
Көпір құрылысы – Президенттің түбегейлі шешімі және біз осы стратегиялық маңызды жобаны лайықты аяқтаймыз деп сеніммен айтамыз.
Келесі жылда біз жаңа белестерге жетеміз.
Президентіміздің тағы бір маңызды шешімі – Қатонқарағай мен Марқакөл аудандарының қайта құрылуы. Бұл шешім көптеген адамдардың өмірін жақсартуға оң әсер етеді.
2024 жыл біздің өңірде Жол жылы деп жарияланып отыр.
Жол жұмыстарына жұмсалатын қаржыны біз 2 есеге ұлғайтып, 600 шақырым жолды жөндейтін боламыз.
Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы келісімдер нәтижесінде үш ЖЭО салынатын болады, оның ішінде Өскеменде.
Жаңа заманауи жылу орталығы барлық экологиялық нормаларды сақтай отырып салынатын болады және облыс орталығының жылу энергиясына деген қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді.
Әлемде болып жатқан барлық қиындыққа қарамастан, біз экономикалық даму қарқынын сақтай алдық.
Біз халыққа әлеуметтік салада көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша жұмысты жалғастырамыз. Ана мен баланы, ардагерлеріміз бен зейнеткерлерді қорғауға ерекше көңіл бөлінеді.
Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет немесе спорт салаларында халық алдындағы барлық міндеттер толық көлемде орындалады.
Қамқорлыққа мұқтаж жандар біздің ерекше назарымызда. Жұмыссыздық деңгейін төмендету жолындағы іс-шаралар жалғасын табатын болады.
Береке-бірлігіміз Отанымыздың игілігі үшін жаңа мақсаттарға жетуге мүмкіндік беретініне сенімдімін.
Шығыс Қазақстанның барлық тұрғындарын Жаңа жылмен құттықтаймын! Сіздерге ашық аспан, табыс, әр отбасына амандық, бақыт, денсаулық тілеймін!
«Бірлік бар жерде тірлік бар». Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болса, барлық сынақтан абыроймен өтеміз.
Жаңа жыл құтты болсын, құрметті ағайын!