
Жобаның негізгі мақсаты Қазақстанның тарихи өткенін жаңғырту үшін өңірдің көрнекті археологиялық ескерткіштерін зерттеу, тарихи туризм үшін нысандарды сақтау және пайдалану болып табылады.
Екі жоба бойынша зерттеу жұмыстары жіргізілді:
- «Алтай-Тарбағатай: қола дәуірінен ерте орта ғасырға дейін», жоба жетекшісі – профессор З.С.Самашев.
- «Шілікті аңғары мен Тарбағатай бөктеріндегі көне және орта ғасыр ескерткіштері», жоба жетекшісі – профессор Ә.Т.Төлеубаев.
Зерттеу жұмыстарына Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Ресей, АҚШ, Түркия, Франция, Швеция, Жапония сияқты 20-ға жуық шет елден археологтар қатысты.
Облыстық және республикалық жоғары оқу орындарының (С. Аманжолов атындағы ШҚУ, Шәкәрім атындағы университет, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Алматы), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Астана) 500-ден астам студенті археологиялық зерттеулерден маңызды тәжірибе жинақтады.
Археологиялық жұмыстардың нәтижесінде облыс аумағында 21 археологиялық ескерткіште зерттеулер жүргізіліп, 82 қорған, 8 қоныс, 2 ғибадатханалық кешен және тау-кен қазба орындары зерттелді.
Еліміздің археология саласындағы соңғы жылдардағы ең көрнекті жаңалық деп Тарбағатайдағы Елеке сазы қорғандарының бірінен 15 мыңнан астам алтын бұйым табылған «алтын адамның» жерлеу орнының ашылуын айтуға болады.
Елеке сазы қорымының «Патша» қорғанының жерлеу орнынан табылған көмбе сенсациялық жаңалық болды (2019 ж.). Бұл үш өлшемді бейнедегі, шамамен б.д.д. VIII ғасырға жататын бірегей аң стиліндегі алтын олжалар, аса шеберлікпен орындалған арқар, барыс, грифондардың құйылған мүсіншелері. Табылған жәдігерлердің саны 534 бірлікті құрады.
2020 жылы Әбдеш Төлеубаевтың басшылығымен қазба жұмыстарын жүргізген археологтар Елеке сазы қорымындағы қорғандардың бірінің қоршауынан жаңа, көп мөлшердегі алтын бұйымдардың көмбесін тапты. Түрлі мифологиялық тақырыптармен, пішіндермен және бейнелермен ат әбзелдерін мұндай түрлі-түсті және бай безендіру бұрын-соңды кездеспеген. Ондағы алтын бұйымдардың жалпы саны 830 дананы құрады. Табылған олжалар б.з.б. V-IV ғғ. жатады.
Елеке сазы алқабының бірегей ескерткіші «Қаған» ғұрыптық-мемориалдық кешені болып табылады. Құрылыс – Шығыс Қазақстан аумағында алғаш зерттеліп отырған, ежелгі түркілер қоғамының жоғары әскери-әкімшілік тап өкілдерінің құрметіне тұрғызылған ескерткіш. Тұрмыстық заттардан, қару-жарақтан, ат әбзелдерінен тұратын көптеген артефактілер табылды. Негізгі олжа – антропоморфты кейіпкерлер бейнелеленген екі алтын салпыншақ. Тәж киген бейне – алтын тақта отырған Қаған, оң және сол жағында тізе бүгіп тұрған қызметшілердің бейнесі. Бұл олжалар мемлекеттің әлеуметтік-саяси құрылымының өзекті мәселелерін әзірлеу үшін жаңа тарихи дереккөз болып табылады.
Зейнолла Самашевтың басшылығымен бірнеше жыл жүргізіліп келе жатқан Ақбауыр үңгірінің жанындағы «табыну алаңының» ауқымды зерттеулері қызығушылық тудырып отыр. Қазба жұмыстары барысында бұл алаң б.д.д. XI-IX ғғ. жататыны анықталды. Қоныста алғаш рет ерте сақ дәуіріндегі тұрғын жайлардың құрылысы зерттелді. Профессор З.С. Самашев «Ақбауыр археологиялық кешенін байырғы қала (протоқала) деп атауға болады» деген маңызды қорытынды жасады.
2023 жылы Зайсан ауданындағы Айнабұлақ-Темірсу қорымына зерттеулер жүргізілді. №25 қорғанан табылған құнды зат – абыз әйелдің жерлеуі. Қорғаннан табылған бірегей артефакт – әртүрлі мифологиялық жүйелерде ай жануары – су қорғаушысын бейнелейтін бақа тәрізді полиморфты жануар бейнесі бар айна. Бұл әзірге бүкіл еуразиялық кеңістіктегі мұндай жалғыз олжа болып табылады.
Археологиялық зерттеулерден табылған артефактілер облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорын (26 мың бірлік) толықтырып, «Ұлы дала алтыны» экспозициясынан орын алды.
Табылған артефактілерді зерттеу негізінде «Алтын адам» ғылыми реконструкциясын, әйел адамның салтанатты жерлеу костюмін, Катонқарағай ауданының Берел және Қарақаба қорымдарынан музыкант-жауынгердің киім-кешек, сауыт, қару-жарағының реконструкциясын, Берел қорымынан салтанатты ат әбзелдерімен жабдықталған жылқы реконструкциясын орындады. Барлығы 7 ғылыми-тарихи реконструкция жасалды. 2024 жылы «Тақтағы қаған» реконстукциясын жасау жоспарланып отыр.
Өңірдің бай тарихи және мәдени мұрасын насихаттау халықаралық деңгейде жүргізіліп келеді. «Ұлы дала алтыны» көрмесінің алғашқы халықаралық көрмесі 2019 жылы Мәскеуде өтті. Ұлы даланың ежелгі өнерінің жауһарлары қойылған көрмені 6 мыңнан астам адам тамашалады.
2021 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың қаңтарына дейін Ұлыбританияда көрмесі қойылды. Көрмеге 25 мыңнан астам адам келді.
Халықаралық беделді «Apollo өнер» журналының рейтингі бойынша 2021 жылғы әлемдегі ең үздің бес көрме анықталып, олардың бірі «Ұлы дала алтыны» көрмесі деп танылды.
2023 жылдың 6 маусымы мен 12 тамызы аралығында көрме Татарстан Республикасы Қазан қаласының «Қазан Кремлі» музей-қорығында қойылды. Көрмеге 23 мыңнан астам адам келді.
Көрме аясында ресейлік және қазақстандық ғалымдардың қатысуымен «Дөңгелек үстел» отырысы өткізілді.
2023 жылғы 15 желтоқсанда Түркияның Анкара қаласындағы Анадолы өркениеті музейінде «Ұлы дала алтыны» көрмесінің ашылуы өтті. Көрме Түркия Республикасының құрылғанына жүз жыл толуына орай ұйымдастырылып, 2024 жылдың ақпан айына дейін жұмыс істейді.
2024 жылы Шығыс Қазақстан археологиясы саласындағы ғылыми зерттеулер бағдарламасы бойынша жұмыс жалғастырылады. Аймаққа туристік ағымды ұлғайту мақсатында ежелгі қоныстардың 3D үлгілерін пайдалана отырып, Ақбауыр археологиялық кешенін музейлендіруге ерекше назар аудару жоспарланып отыр.