
Кездесу барысында туризм, білім, мәдениет және инвестиция салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастық және байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды.
«Қазақстан Германияның маңызды сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып табылады. Бүгінгі кездесу өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін беретініне сенімдімін», - деп атап өтті Моника Иверсен.
Сондай-ақ ол ШҚО-ның ҚХР-мен ынтымақтастығы үшін транзиттік және логистикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, Өскемен әуежайы аумағында жүк хабын салу жобасына қызығушылық танытты.
Шығыс Қазақстан облысы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы сыртқы сауда айналымы ағымдағы жылдың 9 айында 64,5 млн АҚШ долларын құрады.
«Облыс аумағында неміс бизнесінің қатысуымен 26 кәсіпорын жұмыс істейді. Біз металдар мен олардан жасалған бұйымдарды, ағаш, ағаш материалдарын және целлюлоза-қағаз өнімдерін, азық-түлікті экспорттаймыз. Машиналарды, жабдықтарды, аспаптар мен аппараттарды және басқа да көптеген заттарды әкелеміз, - деп атап өтті Ермек Көшербаев.
Облыс әкімінің айтуынша, дуальді білім беру саласында өңірге Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ мен Бавария техникалық университеті арасындағы ынтымақтастықты жандандыру тиімді. Сондай-ақ ШҚО Германиямен тау шаңғысы және ауыл туризмін дамыту саласында серіктестік құруға дайын.
Шығыс Қазақстанға жұмыс сапары барысында Моника Иверсен бірқатар білім беру мекемелері мен өнеркәсіптік кәсіпорындарда болып, сондай-ақ «Возрождение» облыстық қоғамдық бірлестігі мүшелерімен кездесті.