
Ағымдағы жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының Мемлекеттік сатып алу басқармасы 772 мемлекеттік сатып алуды өткізді.
Өткен жылмен салыстырғанда Мемлекеттік сатып алу басқармасы Бірыңғай ұйымдастырушы ретінде жариялаған конкурстар саны 4 есеге өсті. Мұндай мәліметтер Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің отырысында айтылды.
Байқау қорытындыларына әлеуетті жеткізушілерден түскен шағымдар саны айтарлықтай қысқарды. Бұл ретте негізсіз шағымдар саны артты, камералдық бақылау нәтижелері бойынша оларды қанағаттандырудан бас тартылады.
Қазіргі уақытта 2024 жылға арналған алдын ала жылдық жоспарлар бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізуді ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Хабарландыруға жататын барлық жобалар бойынша қаржыландыру және құжаттаманың әзірлігі қосымша нақтыланады.
«Қалалар мен аудандардың әкімдіктері, сондай-ақ облыстық басқармалар жоспарланған нысандар бойынша толық расталған мәліметтерді ұсынып, мемлекеттік сатып алуды өткізуге өтінімдер жіберуі қажет. Мәліметтерді уақтылы ұсынбау конкурстық рәсімдерді өткізу мерзімін ұзартуға әкеледі», - деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев.
Қазіргі уақытта Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң жобасын әзірледі. Оның негізгі мақсаттары: сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің сапасын арттыру, сатып алу рәсімдерін оңайлату және дебюрократиялау, құрылыс нарығын монополиясыздандыру, сатып алу рәсімдерін одан әрі автоматтандыру.
Заң жобасында жеңімпазды анықтау және шарт жасасу мерзімдерін қысқарту көзделген, қорытындыларға шағымдану тәртібі қайта қаралады.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевтың сөзіне жүгінсек, кейбір кәсіпкерлерге мемлекеттік сатып алуға қатысты тиісті білімдер жетіспейді, сондықтан олардың жаңа заңнамаға қосатын ұсыныстары жан-жақты қаралуы тиіс.
«Қалалар мен аудандардың әкімдері, басқарма басшылары сатып алу тәсілін таңдау, тікелей шарт жасасу және ерекше тәртіпті қолдана отырып сатып алу арқылы бір көзден сатып алу сияқты факторларға ерекше назар аударуы тиіс» - деп атап өтті Ермек Көшербаев.
Өңір басшысы сондай-ақ ТЖҚК таңдаудың дұрыстығына (тауар, жұмыс, қызмет коды), сондай-ақ белгіленген біліктілік талаптары мен техникалық ерекшеліктерді жасауға қатысушылардың назарын аударды.