Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Самар ауданының тұрғындарымен кездесті.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Самар ауданының тұрғындарымен кездесті.

Аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы хабардар етті.
Ағымдағы жылдың 10 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 4%-ға, инвестиция 3%-ға, құрылыс жұмыстары 5%-ға өсті.
Еңбек нарығы тұрақтандырылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға дейін төмендеді, 26 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Орташа айлық жалақы 18%-ға өсіп, 325 мың теңгеге жетті.
Индустриялық секторда импортты алмастыру және экспортқа бағдарланған кәсіпорындар құру негізгі аспектілер болып қала береді.
Биыл 77 млрд теңгенің 8 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта 782 млрд теңгенің 25 жобасын іске асыру жоспарланған. Инвестиция көлемі 217 млрд теңгені құрайтын Тарбағатай ауданында тау-кен байыту комбинаты, Ұлан ауданында 235 млрд теңгеге тантал, ниобий және литий өндіретін байыту кешені сияқты ірі нысандар салу көзделіп отыр.
Аталған жобаларды іске қосу өнеркәсіптік өндіріс қарқынын 10%-ға арттыруға мүмкіндік береді.
Агроөнеркәсіп кешенінде бройлерлік өнім өндірісін 31 млрд теңгеге дейін арттыру жобасы іске қосылды.
Инвестиция көлемі 117 млрд теңгені құрайтын ет өңдеу кешенін, 7 млрд теңгеге құс фабрикасын салу жоспарланған.
«Автокөлік жолдарының жағдайын және тұрғындардың тілектерін ескеріп, келесі жыл ШҚО-да Жолдар жылы болып жарияланды. Егер биыл 7,7 млрд теңгеге 400 км жол мен көшеге жөндеу жүргізілсе, келер жылы 600 км жол салу жоспарлануда», - деп атап өтті Ермек Көшербаев.
Әлеуметтік сала мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Денсаулық сақтау саласында ауылдық аумақтарды жаңғырту аясында 36 медициналық нысанның құрылысы қарастырылған, оның ішінде ағымдағы жылы 19 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр.
18 нысанның күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып қалды, медициналық жабдықтар сатып алынып жатыр.
Білім беру саласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы және оқушылар орындарының тапшылығы бойынша 22 мектеп салынады. 81 білім беру мекемесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Самар ауданы бойынша аудан бюджеті өткен жылға қарағанда 2 есеге (2022 жылы 2,3 млрд теңге) артып, 4,4 млрд теңгеге бекітілді.
Көкжота ауылындағы аудандық аурухана мен медициналық пунктке жөндеу жұмыстары жүргізілді. Келесі жылы аудиологиялық жабдық пен кардиотокограф сатып алу жоспарланған.
10 мектеп, су құбыры және су жинау станциясының құрылысы жоспарланған.
Мобильді интернетті жақсарту бойынша жұмыс жалғасады. Аудан аумағының 77%-ы интернетпен қамтылған, таяу жылдары елді мекендерді кеңжолақты интернетпен 100% қамтамасыз ету жоспарланған.
«Алтай, Катонқарағай, Самар аудандары мен Риддер қаласының туристік аймақтарын сапалы түрлендіріп, жаңғыртуды жоспарлап отырмыз.
Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы туристік аймақты кеңейту - Самар ауданын дамытудағы басым бағыт», - деп атап өтті Ермек Көшербаев.
Самар ауданы Шығыс Қазақстандағы жағажай туризмінің негізгі аймақтарының бірі болып табылады. Жағалаудың (туристік аймақтың) тартымдылығын арттыру, инфрақұрылым құру, абаттандыру, инвестиция тарту жоспарланған.
«Аудан әкімінің алдына 10 күн ішінде Бұқтырма су қоймасы жағалауында туризмді дамыту жөніндегі жеке бөлім ескеріліп, Самар ауданын дамытудың кешенді жоспарын пысықтау және бекітуге енгізу міндетін қойып отырмын. Сондай-ақ ағымдағы жылыту маусымының үздіксіз өтуі қамтамасыз етілсін. Әлеуметтік нысандардағы жылу режиміне, көмір қорының болуына, қысқы жағдайда жолдарды уақтылы тазартуға ерекше назар аударылсын», - деп тапсырды аймақ басшысы.
Самар ауданының тұрғындарымен кездесу барысында облыс әкімі тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, азаматтарды жеке қабылдады.
Сондай-ақ ауданның шаруа қожалықтары мен әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысандарын аралап көрді.