Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев халықпен кездесуі барысында Глубокое ауданын дамытудың векторларын белгіледі.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев халықпен кездесуі барысында Глубокое ауданын дамытудың векторларын белгіледі.

Мұнда пилоттық режимде аудан әкімінің сайлауы өткен болатын. Аймақ басшысы жергілікті тұрғындарға қайтадан сайланған әкімді таныстырды. Аудан әкімі болып Эльдар Тұмашинов сайланды.
5 қараша өткен аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауында ол 23 мыңға жуық дауыс жинады.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында азаматтардың әкімдерді сайлауға тікелей қатысуын арттыру қажет екенін айтты. Біздің өңірде алғашқы тікелей сайлау Глубокое және Алтай аудандарында болды. Алдағы уақытта қоғамды трансформациялау және жаңғырту жұмыстары жалғаса береді, – деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев.
Өңір басшысы Глубокое ауданының тұрғындарымен кездесу барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына тоқталды. Сондай-ақ бұл ауданның өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы кешенін және этнотуризмді дамытуда әлеуеті зор екенін атап өтті.
Халық сайлаған аудан әкімінің алдына бірқатар міндет қойылды. Айталық, аудан басшысы әлеуметтік нысандардың жылу режиміне уақытлы қосылуын, көмір резервінің болуын қадағалап, елді мекендермен байланыс тығыз болуы үшін жолдарды дер кезінде тазартуға ерекше назар аударуға тиіс.
Кездесу соңында аудан тұрғындары өңір басшысына сұрақ қойды. Жергілікті халық Бобровка ауылындағы жолдарды, Прапорщиководағы мектепті жөндеу және жарықтандыру мәселелерін көтерді.