
Форумның мақсаты: жас мұғалімдерге педагогикалық кәсіптің табыстылығына бағдар беру, кәсіби дамуға ынталандыру.
Форум алаңдарында жас мұғалімдерге оқытудың үздік тәжірибелерімен танысуға мүмкіндік берілді. Педагогикалық іс-тәжірибе үшін жаңа идеяларды қалыптастыру мысалдары ұсынылды.
Шығыс Қазақстан облысында үш жылдан бері "Феникс" жас мұғалімдер клубы жұмыс істейді, ол білім беру мекемелеріндегі жас мамандарды кәсіби бейімдеуге көмек көрсетеді.
Жыл сайын заманауи оқушыларды оқытудың өзекті мәселелерін талқылау, педагогтардың кәсіби дағдыларын дамыту бойынша кездесулер өткізіледі.
"Жас педагогтар форумы облысымыздағы жалпы білім беретін ауылдық мектептердің өкілдерін екінші мәрте жинап отыр, осы алаңда сіздер ұстаздық қызметінің нағыз шеберлерімен кездесіп, өзекті кәсіби міндеттерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және пікірлес адамдарды табуға мүмкіндік аласыздар", – деді форумға қатысушылар алдында сөз алған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев.
Өңір басшысы соңғы уақытта мұғалім мамандығына көп көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен "Педагог мәртебесі туралы" Заң қабылданды. Жаңа мектептер салынып, мұғалімдердің жалақысы көтерілуде.
"Өскелең ұрпақты тәрбиелеу саласындағы кәсіби міндеттерді мұғалімнің өзі мықты азаматтық ұстанымға ие болған кезде, ол үшін "мейірім", "қамқорлық", "ар-ұждан", "Отанға деген сүйіспеншілік", "отбасы" деген сөздердің мән-маңызын жете ұғынған кезде ғана шешуге болады", – деп атап өтті Ермек Көшербаев жас мұғалімдерге қарата.
Биыл форумға жүзден астам қатысушы жиналды. Білім берудің маңызды мәселелері бойынша пікірталастар өтті, қатысушылар үшін тәжірибелі педагогтардың, педагогикалық шеберлік орталығы жаттықтырушыларының шеберлік сыныптары өткізілді.
Форум аясында "Табыс тарихы", "Жас педагогтың кәсіби дамуы: оқыту және үйрену", "Заманауи сабақтың тиімділігін арттыру құралы ретінде оқытудың белсенді әдістері", "Заманауи сабақ табысының құпиялары" сияқты алаңдар жұмыс істеді.
Пікірталас алаңдары жұмысының қорытындысы бойынша форумға қатысушылар өздерінің жобалық жұмыстарын таныстырды.