
Коммуналдық қызметтердің жұмысын ерекше бақылауға алу, олардың қысқы жағдайларға толық дайындығын қамтамасыз ету қажет.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысында осы және өзге де бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Глубокое ауданында жылу көзін іске қосу жұмыстары аяқталуға жақын. Жұмыстар аяқталысымен қалған 11 үй мен мектепке жылу беріледі.
Катонқарағай ауданында қазандықты жөндеу жұмыстары жалғасуда, алайда бұл процесс тұтынушылардың жылуға уақытылы қосылуына әсер етпейді.
Бүгінгі таңда Риддерде екі қазандық жұмыс істеп тұр. Бұл қазіргі температуралық режимде жеткілікті. Қалған қазандықтар кестеге сәйкес іске қосылады.
Көмір жеткізуге келетін болсақ, облыстың бюджеттік ұйымдары күзгі-қысқы кезеңге көмірмен толық қамтамасыз етілген. Олар үшін 41 мың тоннаға жуық көмір жеткізу көзделген.
Өңір тұрғындары үшін 381,4 мың тонна көмір немесе қажеттіліктің 85,2% жеткізілді.
Облыстың темір жол тұйықтарында 19,5 мың тонна көмір бар, оның ішінде Өскемен қаласында-9,0 мың тонна, Риддер қаласында – 138 тонна, Алтай ауданында – 3,4 мың тонна, Глубокое ауданында – 2,7 мың тонна, Күршім ауданында – 844 тонна, Шемонаиха аудандарында – 3,4 мың тонна.
Облыстың жылу электр орталықтары мен жылу көздеріндегі көмір қоры 305,8 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде 3 ЖЭО-да – 228,1 мың тонна (Өскемен ЖЭО-169,9 мың тонна немесе 32 тәуліктік қор; Согра ЖЭО – 50,9 мың тонна немесе 40 тәуліктік қор; Риддер ЖЭО – 7,2 мың тонна немесе 15 тәуліктікк қор), қазандықтарда – 77,7 мың тонна қор бар.
Халықтың көмірге деген сұранысының артуына байланысты өңір басшысы қосымша вагондар ұйымдастыруды тапсырды, олардан темір жол тұйықтарына отын жөнелтілетін болады.
Жалпы, өңірдегі барлық әлеуметтік нысандар жылу беру маусымына 100% дайын.
Қысқы кезеңде жолдарды күтіп ұстауға келетін болсақ, өңірде барлық қажетті техника бар, қаражат бөлінді, жылыту пункттері жасақталды. Аудан әкімдеріне трассалардың ең қауіпті учаскелері қай жерде орналасқанын тағы бір рет талдау тапсырылды.
Сонымен қатар, қыста туристер ағыны жылдан жылға артып келеді және барлық қоңырауларға барынша жедел жауап беру үшін барлық қызметтердің өзара тиімді байланысын орнату қажет.
Метеорологиялық жағдай күрделенген немесе төтенше жағдай туындаған кезде барлық деңгейдегі әкімдіктерде жауапты лауазымды тұлғалардың кезекшілігін ұйымдастыру керек.