Шығыс Қазақстан облысының әкімі өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады

Шығыс Қазақстан облысының әкімі өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады

Бүгін елімізде құтқарушылар өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтуде.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамына 7 жаңа жедел-қызметтік автокөліктің кілтін табыстады. Сондай-ақ өңір басшысы арнайы көрмеде құтқарушылардың иелігіндегі басқа да жоғары өтімді аппатық-құтқару техникасымен танысты.
"Сіздердің жұмыстарыңыз күрделі әрі жауапты, көп жағдайда қауіпті. Сіздер қиындыққа тап болған адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін жауапкершіліктің ауыртпалығына қарамастан өз міндеттеріңізді мүлтіксіз орындап келесіздер. Болашақта да сіздер өз күштеріңіз бен тәжірибелеріңізді игі іске – адамдарды құтқаруға арнайсыздар деп сенемін", - деді Ермек Көшербаев.
Аймақ басшысы өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, қызметте ерекше көзге түскендерді марапаттады. Марапатталғандардың арасында қазіргі қызметкерлер де, ардагерлер де бар. Азаматтарды құтқару кезінде ерлік көрсеткен қарапайым тұрғындар да назардан тыс қалмады.
"Уақыт азаматтық қорғау органдарының алдына барған сайын күрделі міндеттер қоюда. Еліміздегі соңғы оқиғалар құтқарушылар мен өрт сөндірушілер – өз өмірлерін қатерге тіге отырып, азаматтар мен олардың мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бейбіт заманның батырлары екенін көрсетті, - деп атап өтті өңір басшысы.
Шығыс Қазақстан облысы ТЖД бөлімшелері 2023 жылдың басынан 3321 рет жедел көмекке шықты, 178 адам құтқарылды, 331 адам эвакуацияланды, 172 зардап шегушіге дәрігерге дейінгі медициналық жәрдем көрсетілді.