ЕЛІМІЗДЕ ПЕДАГОГТАРДЫҢ I РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЪЕЗІ ӨТЕДІ

ЕЛІМІЗДЕ ПЕДАГОГТАРДЫҢ I РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЪЕЗІ ӨТЕДІ

Елордада білім беру қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Республикалық педагогтар съезі өтеді. Мұндай іс-шара 2005 жылдан бері өткізілмеген. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанның оқу-ағарту саласының қызметкерлері мен ғалымдарының съезі алғаш рет 1924 жылы өтті. Оның жұмысына көрнекті мемлекет қайраткерлері, "Алаш" партиясының жетекшілері қатысты. Съезде білім берудің өзекті мәселелері талқыланды: оқулықтар дайындау, мұғалімдерді даярлау бойынша техникумдар мен институттар ашу, араб тілінен латын тіліне көшу және т.б. Қазақстан Тәуелсіздігі жылдары мұғалімдер съезі 1998 және 2005 жылдары өткізілді.

Биылғы жылы Республикалық педагогтар съезі алғаш рет 5 қазанда Үкімет қаулысымен бекітілген Мұғалімдер күніне орай өтеді. Бұл мереке Дүниежүзілік мұғалімдер күніне орайластырылды.
Съезд аясында арнайы ұйымдастырылған алаңдарда педагогтар озық және халықаралық тәжірибелерімен бөлісе алады. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері бойынша оқу, әдістемелік-дидактикалық құралдардың мазмұнын жетілдіру, педагогикалық ресурстың жоғары мәдениетін қамтамасыз ету, сондай-ақ әрбір баланы тәрбиелеу мен оқыту үшін кедергісіз жағдайлар жасау мәселелері қаралады. Отырыстың пленарлық бөлігінде үздік педагогтар, сарапшы-жаттықтырушылар, жас мұғалімдер, білім беру ұйымдарының басшылары, білім беру жүйесінің ардагерлері сөз сөйлейді.

Республикалық педагогтар съезінде орта білім беру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінетін болады. Білім беру сапасын арттырудың тұжырымдамалық аспектілері пленарлық отырыста ҚР Білім Министрінің "білім сапасы: жай-күйі және жетілдіру жолдары"баяндамасында жарияланатын болады. Бұл күні еліміздің үздік педагогтарын марапаттау рәсімі өтеді.