
Ағымдағы жылдың 25 тамызында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Е.Б. Көшербаевтың төрағалығымен облыстық комиссияның кезекті отырысы өткізілді. Жиында өңірлік үшжақты келісімнің орындалу барысы, ағымдағы жылдың 7 айындағы облыс кәсіпорындарындағы өндірістік жарақаттану жағдайы және оны азайту шаралары туралы бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Сондай-ақ өндірістік жарақаттану жағдайлары тіркелген «Казцинк» ЖШС, «Востокцветмет» ЖШС, «Алтай тау-кен металлургиялық сервис» ЖШС кәсіпорындарында қауіпсіздік және еңбекті қорғау деңгейін арттыру, өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндамалар тыңдалды. Отырыс қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдарға, оның ішінде қала және аудан әкімдеріне аймақта қауіпсіздік, еңбекті қорғау мәселелерін тұрақты бақылауда ұстау және барлық ұйымдар мен кәсіпорындарда өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету бойынша нақты шаралар қабылдау тапсырылды.